«Суреттерде бейнеленген тағдырлар». Атырау облысы Ш. Сариев атындағы көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейі қорының көрмесі

«Суреттерде бейнеленген тағдырлар». Атырау облысы Ш. Сариев атындағы көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейі қорының көрмесі

2017 жылдың 29 наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында кітапхананың «Ұлттық игілік» көрме жобасының аясында Атырау облысы Ш. Сариев атындағы көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейінің 25 жылдығына арналған «Суреттерде бейнеленген тағдырлар» көрмесінің ашылуы өтті.

Кезінде, 2008 жылы дәл осы Атырау облысының музейлері «Алға ұмтылған Қазақстан» (ол кезде ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің) ауқымды жобаны бастап берген еді. 2011 жылы Атырауда ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің қорынан көрме ұсынылды. Міне, атыраулық әріптестер үшін мерейтой жылы Астанада жемісті серіктестіктің нәтижесіне айналған бірегей оқиға болып отыр.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева өзінің алғы сөзінде:

«Алға ұмтылған Қазақстан» жобасы елордамыздың халқы мен қонақтарын Қазақстан аймақтарының тарихы, этнологиясы және мәдениетімен таныстыруға бағытталған болатын. Осы жоба аясында 12 облыста музей жинақтарының көрмесі өтті. Аталмыш жобаны жүзеге асыруда облыстық тарихи-өлкетану музейлерімен серіктестік қарым-қатынастар сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Атырау облысының музей қорынан ұсынылған «Жайық жағалауы сыр шертедi» көрмесі музейге келушілердің қызығушылығын тудырды. Бұл көрме Атырау аймағының тарихи-мәдени мұрасының бар маңызын әрі алуандығын паш етті.

Бүгінгі көрме тағы да атыраулық суретшілер мен мүсіншілердің өзіндік бір мәдени әлеміне сапар шеккендей әсер қалдырады».

Атырау облысы Ш. Сариев атындағы көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейінің директоры Төлеген Орынбасарұлы музейдің алдағы келешегі мен жоспарлары туралы бөлісті: «Біздің музей үшін биылғы жыл мерейтойға толы жыл болмақ. Музейіміздің 25 жылдығы, Ш. Сариевтің 80 жылдығына орай, біз түрлі шаралар ұйымдастыруды ұйғардық. Бұл көрме – алғашқы мерейтойлық іс-шара болып отыр. Бұдан бөлек, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция және Ш. Сариевтің жеке көрмесін өткізу жоспарланып отыр.

25 жылдың ішінде біз кішігірім картина галереясынан танымал өнер музейіне дейінгі жолды жүріп өттік. Алғашқы көрмелеріміз Атырау қаласында осындай мәдениет ошағының бар екенін көрсетіп, музейді таныстыру тұсаукесері түрінде өтті. Ал бүгінгі көрмемізді осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістігімізді танытатын есеп беру көрмесі деп толық айтуыма болады».

Көрменің құрметті қонақтарының арасында Ш. Сариевтің жұбайы, бүгінде Ш. Сариев атындағы қордың директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Күлпаш Сариева да болды. БАҚ-қа берген сұхбатында ол жолдасының шығармашылық жолын, оның өмірбаянындағы жарқын сәттерді және де Ш. Сариев атындағы қордың қызметі туралы баяндап берді.

«Ш. Сариев өз Отанының шынайы патриоты болды. Әрине, Қордың қызметі қазақ халқының бай әрі рухани мұрасын насихаттауға бағытталған. Біз «Әдіскер», «Елтану», «Суретті қазақ тілі», «Қазақ тілі өлкетану», «Кәсіптік қазақ тілі» секілді журналдар басып шығарамыз.

Ш. Сариев ұшқыр ойлы көп қырлы тұлға болатын. Қазір біз оның өлеңдер жинағын баспаға дайындап жатырмыз. Ол өз картиналарындағы бейнелерді өлең жолдарына да түсіре білді. Сұлу да пәрменді өрілген өлең жолдарына назар аудармау мүмкін емес. Кейбір өлеңдерін бала кезінен досы Ф. Оңғарсыноваға арнаған.

Бұған қоса, Ш. Сариев Қазақстандағы өнер туралы ой-пікір жазған жалғыз суретші деп білемін».

Көрмеде Шаймардан Сариев, Жоламан Аралбаев, Қамбарбек Аманов, Рафаэль Слекенов, Исім Арыстанов сынды және басқа да атыраулық суретшілердің жұмыстары көрермен назарына ұсынылды. Көрменің кескіндемелік жұмыстар топтамасы ерекше дарын иелерінің ой ұшқырлықтары мен асқан шеберліктерінен туындаған – портрет, пейзаж, натюрморт сынды кеңінен тараған жанрларда орындалған. Әр жұмыс өз алдына қайталанбайтын дүние және де авторлардың шығармашылық тұлғасын сипаттайды. Барлық авторларға тән ортақ ұқсастық – табиғи және заттық әлемнің әсемдігі мен құпия сырларын ашуға деген қызығушылық.

Қамбарбек Аманов, Қабдол Досниязовтың туындыларында табиғат пен айқын суреттелген жеке авторлық ұстаным мен көңіл-күй арасындағы үндестік ұсынылған. Табиғат көріністері аспан, су, жерден ажырамайтын тұтас және аяқталған дүние ретінде беріледі. Кескіндемелердің барлық бөліктері бір-бірімен біртұтас біте қайнасып, пейзаждың ішкі жан дүниесінен сыр шертеді. Шаймардан Сариевтің қылқаламынан туған портреттеріне қайталанбас сары-қоңыр бояулар реңі тән.

Атырау облысы Ш. Сариев атындағы көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейі экскурсиялық-көпшілік бөлімінің меңгерушісі Зәуреш Нұрпеисова БАҚ-қа берген сұхбатында: «Кез келген музей ең алдымен қорымен байланысты. Сондықтан біз Астанаға қорымыздың ең үздік дүниелерін алып келдік. Әрине, бұл – біздің мақтанышымыз, «алпысыншы жылдардағы» шығармашыл буынның жарқын өкілі Шаймардан Сариевтің туындылары. Шаймардан Сариевтің өнер жолындағы алғашқы қадамынан бастап-ақ оның айрықша талантты жан екені аңғарылады. Әсіресе, оның 60-жылдардағы графикалық туындылары ұлттық нақышқа тұнып тұр. Суретшінің өзі сол кезеңде: «Мен бояуларды қазақша үйлестіремін», – деген еді. Сондай-ақ, көрмеде Ш. Сариевтің ізін басып келе жатқан жас суретшілердің жұмыстары ұсынылған.

Осындай көрмелерді өткізу – музейлер арасындағы ынтымақтастық қана емес, сонымен қатар, тәжірибемен, әдіс-тәсілдермен, біліктілікпен алмасу», – деді.

Көрмеде кескіндемелік жұмыстардан басқа танымал шеберлер Нұрсұлтан Қалиев пен Кеңес Айтқалиевтердің теріден және ағаштан жасалған сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылды. Шеберлердің туындыларынан тарихи бейнелерді көркем мәнерлі әдістер арқылы жеткізуге талпыну мен ұлттық ерекшелік айшықталып тұр.

Жалпы алғанда, көрме Атырау облысының қазіргі заманғы суретшілері мен қолөнершілер шығармашылығының өзіндік әлдебір бөлігін ғана көрсетеді. Көрмеге туындылары ұсынылған барлық авторлар шыңдалған авторлық қолтаңбасы бар күрделі әрі қайталанбас шығармашыл тұлғалар болып табылады.

«Суреттерде бейнеленген тағдырлар» көрмесі 2017 жылдың 10 сәуіріне дейін жалғасады.