2017 жылдың 16 наурызында 17.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында (Бейбітшілік к-сі, 11) «Art Sapar of Kazak Eli» жас суретшілердің жылжымалы көрме жобасының бірінші кезеңін аяқтайтын мүсін және бейнелеу өнері бойынша шеберлік-сыныптар топтамасы мен «Art Sapar I/Astana» көрмесінің ашылуы өтті.

«Art Sapar I/Astana» көрмесі ашылды, мүсін және бейнелеу өнері бойынша шеберлік-сыныптар өткізілді

 

2017 жылдың 16 наурызында 17.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында (Бейбітшілік к-сі, 11) «Art Sapar of Kazak Eli» жас суретшілердің жылжымалы көрме жобасының бірінші кезеңін аяқтайтын мүсін және бейнелеу өнері бойынша шеберлік-сыныптар топтамасы мен «Art Sapar I/Astana» көрмесінің ашылуы өтті.
 
«Art Sapar of Kazak Eli» жылжымалы көрме жобасы 2013 жылы суретші Анар Әубәкір бастаған Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері – жас талантты суретшілер тобының бастамасымен жүзеге асуда. Алғаш рет «Art Sapar» көрмесі өткен және ел ішіне саяхатын бастаған Павлодар қаласы болды. Кейінгі жылдары көрме Семей, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Теміртау, Көкшетау, Петропавл, Өскемен және Ақтау қалаларында өтті.
 
Көрменің ашылуы алдында екі залда Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы оқушыларына арналған кескіндеме бойынша Анар Әубәкір, мүсіндер бойынша Данияр Сарбасов шеберлік-сыныптарын өткізді.
Шеберлік-сыныбы барысында Данияр Сарбасов өз тәжірибесін оқушылармен бөлісті: «Шеберлік-сыныбын көрсету мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Мен өзімнің осы жыл ішінде жасаған жұмысыммен, шеберлігіммен бөліскім келеді. Менің жұмыстарымның өскелең ұрпаққа үлгі болғанын, сондай-ақ, болашақ мүсіншілерге шабыт үстегенін қалаймын.
 
Өкінішке орай, Қазақстанда мүсіншілер өте аз, ал шығармашылықпен айналысатындары одан да аз. Ең алдымен мүсіншіге шығармашылық шабыт қажет. Егер шебердің шабыты (муза) болмаса жұмысқа деген қызығушылығы жоғалады. Бұдан бөлек, мүсін жасауға көп уақыт пен қаржы керек. Бір мүсінді жасап шығару үшін ермексаздан мүсін пішінін сомдап, оны балауызбен өңдеп, қоладан құйып, тазалайды және сәйкесінше түс береді».
 
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева өзінің алғы сөзінде:
«2008 жылдан бастап Кітапхана музейінде шығармашыл жастарды қолдауға арналған «Үкілі үміт» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді, соның арқасында көптеген жас таланттар өздерін кеңінен танытуға мүмкіндік алды. Бұл жобаның басты мақсаты – еліміздегі және алыс-жақын шетелдердегі жас суретшілердің, мүсіншілердің, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің жетістіктерін паш ету, елордамыздың халқы мен қонақтарына жаңа есімдерді таныстыру. Біздің музей қабырғаларында жас суретші Анар Әубәкір, Ренат Елубаев, Бейбіт Әсемқұл, мүсінші Жанна Нөгербектің ең алғашқы жеке көрмелері өтті. Жуырда өткен талантты жас суретші Гүлдана Жұрқабаеваның көрмесін де атап өтуге болады. «Art Sapar I/Astana» көрмесі «Үкілі үміт» жобасының дәйекті жалғасы болмақ».
 
Суретші Анар Әубәкір «Art Sapar» жобасы туралы әңгімелеп берді: «Art Sapar» өте қызықты жоба, яғни мұнда жобаның барлық авторлары түрлі техниканы қолданып, түрлі жанрда жұмыс жасайды, әрқайсысының өзіндік шығармашылық тәжірибесі бар. Әр қалада экспозициялар өзгеріп, жаңа туындылармен толығып отырады. Осылайша, жоба қалаларға саяхаттап қана қоймай, сондай-ақ өз авторларының шығармашылық өмірі мен жетістіктерін көрсетіп келеді. Бүгінгі көрмеде 70-тен аса жұмыс ұсынылды. Бұл жоба аясындағы Астана қаласында өтіп жатқан бірінші көрме. Мен үшін бұл – шығармашылық қызметімнің жаңа белесі және де соңғы 5 жылдағы есеп беру көрмем болып отыр».
 
Жоба авторларының ішінде кескіндеме және графиканы: Анар Әубәкір, Ғалия Төремұратова, Алмас Нұрғожаев, Али Закир, Қадыр Мақсұтқан, Мөлдір Сағындықова; мүсінді: Талғат Жұмағұлов, Бағдат Сарсенбиев, Жанна Нүгербек, Данияр Сарбасов; сәндік-қолданбалы өнерді: Наталия Баженова, Бауыржан Досжанов, Гүлмарал Татибаевалар ұсынады. Әр автордың жеке дүниетанымын білдіретін әлемге деген өз көзқарасы бар, алайда барлық жас туындыгерлерді біріктіріп отырған белсенді өмірлік ұстанымы мен ғажайып жасампаздыққа деген ұмтылысы. Олардың көпшілігі Қазақстан тарихындағы көркемдік бейнелер мен бай дәстүріміздің мәдени бастауларынан шабыт алады.
 
Көктемнің алғашқы шуақты күндері Наурыз мерекесі қарсаңында жас талантты суретшілердің жұмыстары ұсынылып отырғаны өте орынды әрі қуантарлық жәйт деуге болады.

«Art Sapar» көрмесі 2017 жылдың 29 наурызына дейін жалғасады.