2017 жылдың 25 қаңтарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында (Бейбітшілік к-сі, 11) сәндік-қолданбалы өнер шебері Гүлдана Жұрқабаеваның «Өзіңе жол табу» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті. Көрме «Үкілі үміт» жастар шығармашылығын қолдау бойынша көрме жобасының шеңберінде ұйымдастырылып отыр.

2017 жылдың 25 қаңтарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында (Бейбітшілік к-сі, 11) сәндік-қолданбалы өнер шебері Гүлдана Жұрқабаеваның «Өзіңе жол табу» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті. Көрме «Үкілі үміт» жастар шығармашылығын қолдау бойынша көрме жобасының шеңберінде ұйымдастырылып отыр.

2009 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің «Алға ұмтылған Қазақстан» атты аймақтық көрме жобасының шеңберінде Қостанай облысының музейлері қорынан «Ұлттық мәдениет бесігі» атты көрме ұйымдастырылған еді. Қостанай облысының мүсіншілері, суретшілері мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлері өз жұмыстарын ұсынды, олардың қатарында Гүлдана Жұрқабаева да болды. Гүлдананың жұмыстары тартымдылығымен ерекшеленіп, жұртшылықтың назарын аударды. Содан бері суретшінің 150-ге жуық шығармашылық туындысы дүниеге келіп, алыс-жақын шет мемлекеттерге танымал бола бастады.

Гүлдана Жұрқабаева 1979 жылы 25 қаңтарда Қостанай облысының Жангелді ауылында дүниеге келген. Торғай гуманитарлық колледжін аяқтап, содан соң 2003 жылы Қостанай гуманитарлық институтын «дизайнер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Гүлдана Астана қаласының Суретшілер одағының мүшесі, Қостанай меценаттары клубының «Шабыт» сыйлығының лауреаты. Г. Жұрқабаеваның жұмыстары көптеген республикалық және шетелдік көрмелерге қатысты. 2016 жылдың 16 желтоқсанында суретші Сан-Марино Республикасында өткен Халықаралық өнер конкурс-фестивалінде бірінші орынды иеленді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ақтаева Күләйша Қабдуәлиқызы көрмені ашқан алғы сөзінде: «Гүлдана Жұрқабаеваның шығармашылық қолтаңбасы өзіндік авторлық ұстанымын үздіксіз іздену үстінде қалыптасқан. Ұлы дала номадтарының нышандар қатарын таңдауы – бояу, тері, былғары секілді бір-біріне сәйкес келмейтін бұйымдарды үйлестіруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті.

Гүлдана өз сөзінде: «Өзіңе жол табу» көрмесі бұрынғы көрмелерімнен өзгеше, себебі бұл жолғы жұмысымның көпшілігі майлы бояумен бейнеленген. Осы күнге дейінгі шығармашылық қызметімде алғаш рет ішкі жан-дүниемнің бар алуандығын кенепке салуды ұйғардым. Шындығында, тек қана кенепке бар сырыңды ақтарып, ішкі сезіміңнің бар бояуын толықтай түсіруге болады. Әрбір жұмысым өзім туралы сыр шертеді, жоқ ақиқатты іздеумен өткіземін. Көзделген мақсатқа қарағанда оған апарар жол бәрінен де маңыздырақ. Шығармашылыққа жетелер жасампаз ойлар, таусылмайтын тіршілік, адами қарым-қатынастың арасындағы сезімдердің тұрақсыздығы – осының бәрі менің жұмыстарымда көрініс тауып, автордың монологына айналған.

Қоршаған әлемді басқа жандар секілді көре алмауым (көз ауруына шалдыққанмын) жан-жағыма басқаша қарауыма мүмкіндік береді. Көру шегі мен түстер бейнелерді басқаша жеткізіп, жұмыстарыма бір ерекшелік қосады. Мен үшін өз кемшілігім (күрделі диагноз) әлдеқашан менің өзгелерден артықшылығыма айналып үлгерді», – деді.

«Өзіңе жол табу» көрмесінде суретшінің былғары матаға акрил бояуларымен бейнеленген 40-тан аса жұмыстары ұсынылды. Тотемизм және шаманизм тақырыптары көптеген суретшілерге жақын әрі етене таныс. Суретші тарихтағы ежелгі нышандардың мағынасын өзінше ұғына келе өз шығармашылығына кеңінен қолданады. «Скиф сарындары», «Дала әуені», «Өткен өмір дыбыстары», «Зодиак циклі» атты былғары мен кенепке салынған және басқа да көптеген жұмыстарын автор адамзаттың ежелгі суреттерінің әсерімен орындаған. Шебер былғары мен акрилден басқа әртүрлі сәндік элементтерді, олардың ішінде янтарь тасын, тиындарды, табиғи тастарды, моншақты, түймелерді, құс қауырсынын, жануарлардың сүйектерін кеңінен пайдаланады.

Суретшінің алғашқы жұмыстары орындалу техникасы бойынша сәндік-қолданбалы өнер түріне жатады. Мұнда ежелгі тастарға салынған бейнелер мен нышандар, сюжеттер мен сәйкестіктер табиғи, «жабайы» материалдармен үндестік тапқан. Әртүрлі жануарлар терісінің бөлшектері, ежелгі дүниенің бейнесі ретінде жалпы көріністің бір бөлшегі болып табылатын өңделмеген аң терісі кеңінен қолданылады.

Гүлдана Жұрқабаева – көп жылдық шығармашылығы барысында өзінің ауқымды әрі қайталанбас дарындылығының жаңа қырларын шыңдап келе жатқан өзіндік ерекшелігі бар суретші. Ол алға қойған мақсаттарына жетудегі үлкен табандылығымен, еңбекқорлығымен және де өз ісіне деген адалдығымен ерекшеленеді. Шебердің жұмыстарында өткен мен бүгіннің арасындағы ғажайып ұқсастықтар қатары ұтымды ұштасқанын аңғарамыз.

«Өзіңе жол табу» көрмесі 2017 жылдың 20 ақпанына дейін жалғасады.