2017 жылдың 3 ақпанында сағат 17.00-де «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында (Бейбітшілік к-сі, 11) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Көркемөнер академиясының академигі, кескіндемеші Марат Тоқсейітовтің «Туған жер» атты мерейтойлық жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

2017 жылдың 3 ақпанында сағат 17.00-де «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында (Бейбітшілік к-сі, 11) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Көркемөнер академиясының академигі, кескіндемеші Марат Тоқсейітовтің «Туған жер» атты мерейтойлық жеке көрмесінің ашылуы өтеді.
 
Тоқсейітов Марат Төлегенұлы 1947 жылы 4 қаңтарда Қостанай облысы Қарабалық ауданының Ново-Троицк ауылында дүниеге келген.1968 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемөнер училищесін аяқтағаннан кейін көптеген қалалық, аймақтық, республикалық өнер туындыларының көрмелеріне белсенді қатыса отырып, Целиноградтық көркемөнер шеберханаларында қызмет етті. 1977 жылдан бастап Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. 2000–2004 жылдар аралығында Астана қаласының Суретшілер одағының төрағасы, қазіргі уақытта – Астана Суретшілер одағы төрғасының орынбасары.
 
Марат Төлегенұлы өз мамандығының қыр-сырын әбден меңгерген, ол жайында оның шығармашылық еңбектерінің көпке танылуы дәлел болады. 2005 жылы М. Тоқсейітовке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2006 жылы ол Қазақстан Республикасының Көркемөнер академиясының академигі атанды. 2011 жылы Марат Тоқсейітов ҚР-ның Суретшілер одағының ең жоғары марапаты – алтын омырау белгісімен марапатталды. 2015 жылы суретші «Құрмет» орденімен марапатталды.
 
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының орынбасары Күляйша Қабдуалықызы Ақтаева көрмені ашқан сөзінде: «Бірнеше жылдардың жұмысын қамтыған бұл экспозиция Марат Төлегенұлының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылып отыр. Суретшінің жартығасыр бойы кескіндеген көркемдік әлемі адамды еріксіз сиқырлап, өзіне тартады. Марат Тоқсейітовтің шығармашылығында өзінің туған өлкесін шексіз сүйетін суретшінің лирикалық қыры ашылады», – деп атап өтті.
 
Өз кезегінде сөз алған Марат Төлегенұлы: «Менің көрмем кіші Отаным – Қостанай облысы, Қарабалық ауданындағы ауылыма арналады. Мен өзімнің еңбектерімді туып-өскен, алғаш қадам жасаған, тұңғыш қолыма қалам ұстаған жеріме, суретші болуыма үлкен үлес қосқан алғашқы ұстазыма арнаймын.
 
Көптеген қазақстандықтар, оның ішінде танымалы немесе таныс еместері бар, ауылда туып-өскен. Өз отандастарыма «Туып-өскен жерлеріңді әрқашан естеріңнен шығармаңдар, туған жерге өз мүмкіндіктеріңше қамқор болыңдар» дегім келеді. Бұл – менің көрмемнің басты мақсаты әрі негізгі тақырыбы», – деді.
 
Марат Төлегенұлы негізінен портрет және пейзаж жанрларында жұмыс жасайды. Шебердің туындыларынан оның туған өлкеге деген ыстық ықыласы, ауыл өмірінің күнделікті тыныс-тіршілігінің әдемілігін көре білетіндігі сезіледі. Автор туып-өскен үйінің жылуын ешқашан естен шығармайтын әрбір жанға етене таныс көріністерді дәлме-дәл жеткізеді. Суретшінің басты сапалық қасиеті – бейнелерді, көңіл-күйді, уақыт пен орынның ахуалын айқын жеткізуі. Суретшінің бұл қабілеті, әсіресе, көрерменді өз кеңістігіне еріксіз жетелейтін жылдың әр мезгілін бейнелеген пейзаждарда анық көрінеді. Суретшінің барлық жұмыстары тек қана туған жерге деген ерекше махаббат, сағыныш пен жанашырлық сезімдеріне тұнып тұр. Шебердің 40-қа жуық туындысы ұсынылатын «Туған жер» көрмесінің қонақтары осының куәсі бола алады.
 
«Туған жер» көрмесі 2017 жылдың 10 ақпанына дейін жалғасады.