«Петриков жазуы – адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы» атты жеке көрмесінің ашылуы және шеберлік сыныбы

«Петриков жазуы – адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы» атты жеке көрмесінің ашылуы және шеберлік сыныбы

2017 жылдың 3 сәуірінде, сағат 17.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында (Бейбітшілік к-сі, 11) украин суретшісі, Украинаның Ұлттық суретшілер одағының мүшесі, Морестен қаласының (2013, Франция) Заманауи өнер ассоциациясының мүшесі Галина Алексеевна Назаренконың «Петриков жазуы – адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы» атты шеберлік сыныбы және жеке көрмесінің ашылуы өтті. Көрме музейдің «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасының аясында Украинаның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

2013 жылғы 5 желтоқсанда Петриков жазуы ЮНЕСКО-дағы адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы бойынша Репрезентативтік тізімге енгізілді.

Шеберлік сыныбы барысында Галина Назаренко Петриков жазуларының шығу тарихы, оның техникалық ерекшеліктері мен украин халқының мәдениетіндегі маңызы туралы әңгімелеп берді:

«Петриков жазуы мен үшін украин халқының өнерін көпшілікке таратуға бағытталған менің бар өмірім десе болады. Егер мәдениет пен тіл жоғалса, онымен бірге ұлт та жойылады. Бұл екеуі – кез келген ұлттың негізін қалайтын құрамдық бөліктер. Оны қастерлеп, көздің қарашығындай сақтау қажет. Туған-туыстарым мен жақындарымның қолдауының арқасында мен көп саяхаттаймын және де өзім барған елдерде украин халқының өнерін насихаттап жүремін, Украинамен таныстырамын.

Өзіндік ерекшелігі бар әрі бірегей Петриков жазуларының қайнар көзі запорождық казактардың өнерінен бастау алады. Халық арасында оны «украиндық барокко» деп атайды. Біздің аймақ ешқашан крепостнойлық қожалықпен айналысқан емес. Адамдар әрқашанда ерікті, өз бостандығы өздерінде болды. Қай кезде де өзін және өз үйін жақсы жағынан көрсетуге тырысты. «Петриков чапорушкалары» 18 ғасырдан белгілі. «Чапорушка» украин тілінде «причепурити» яғни «сәндендіру, безендіру» дегенді білдіреді. Ең алдымен пешті сәндейді. Пасха және Рождество тәрізді үлкен мерекелерде пешті ақтап, суреттер салған. Кейінірек өз үйлерін, киімдерін, ыдыс-аяқтарын сәндей бастаған. Мысалы, нан салуға арналған ағаш тәрелкелерді ерекше бейнелермен сәндеген. Нанды қасиетті тағам ретінде оған шоқыну үшін тәрелкенің түбіне екі крестің суретін салған. Тәрелкеге салынған шаршы түріндегі крестер ер адамның, ал жарты шеңберлі – әйел адамның бастауын білдірген. Қазір мұндай тәрелкелер басқа мақсатта қолданылады. Оларды кеңістікті тыс көзден сақтайтын кәдесый ретінде қабырғаға іліп қояды.

Петриков жазуларының ерекшелігі – олардың айқындығы, түстерінің қанықтығы. Сондай-ақ, сұлулықты, бақытты, аналық махаббатты, отбасын бейнелейтін жағымды сюжеттер де петриков жазуларының «ерекшелік белгісі» болып табылады. Петриков жазуларының сюжеттері алуан түрлі, яғни әтеш, шәңгіш, көкек секілді табиғи да, қиял-ғажайып та болып келеді. Барлығы да суретшінің қиялына байланысты.

Петриков жазуларының тағы бір маңызды ерекшелігі деп оның саусақпен немесе мысықтың қылшығынан жасалған бояу жаққышпен жазылатынын атауға болады».

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева өзінің алғы сөзінде:

«Бүгін біз әлемдік мәдени мұраның жарқын үлгісінің біріне арналған көрмені ашып отырмыз. Адамзаттың мәдени мұрасының байлығы мен алуандығы халықтар арасындағы үнқатысудың мазмұнын құрайды. Өзге халықтардың мәдени дәстүрі жайлы білу сол халықтардың бір-біріне деген құрметінің негізі болмақ. Бұған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасының аясында өтіп отырған іс-шара жарқын дәлел болып табылады.

Петриков жазуы секілді сәндік-қолданбалы өнердің жанры туралы сөз болғанда Украина елінің жарқын бейнесі көз алдыңа келеді. Өкінішке орай, көрме көшпелі болғандықтан ұзаққа созылмайды, себебі көрме әрі қарай Австрия еліне жол тартады. Бұған қоса, біз қызықты шеберлік сыныптарының топтамасын ұйымдастырдық».

Көрменің ашылуында сөз сөйлеген Украинаның Қазақстан Республикасындағы іс бойынша уақытша сенімді өкілі Владимир Джиджора:

«Петриковка ауылының іргетасы қазіргі Днепропетровск облысында 1772 жылы қаланған. Алғаш рет петриков жұмыстары 1860 жылы белгілі болды. Петриков жазуларының алғашқы академиялық көрмесі Петербург қаласында 1913 жылы ашылды. Петриков жазуы өнері христиан кезеңіне дейін көктем мезгілінде тойланатын жаңа жыл мерекесіне байланысты болған. Бұл – бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатқан өте ежелгі әрі өзгеге ұқсамайтын техника түрі.

Галина Назаренконың түрлі арт-жобаларға бастамашы болып жүргенін атап өту керек. Петриков жазуларына әлемнің назарын аудару үшін петриков шеберлері 120 метрден асатын ақ матаға қолдан суреттер салған. Бұл әлемдегі қолдан жасалып, бейнеленген жалғыз мата болып табылады. Бұған қоса, Галина Назаренко Киев қаласында шіркеу қабырғаларын өз қолымен бейнелеген».

Көрменің және шеберлік сыныбының өткізілуіне бастамашы болған Украинаның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің 3-ші хатшысы Ирина Блащук үлкен ұйымдастырушылық және дайындық жұмыстарын жүргізді: «Көрме өткізуді өткен жылдан бері ойлап жүрген едім. Туған жерден жырақ жүргенде үнемі өз Отаныңды сағынасың. Сондықтан өзіңе етене таныс дүниелерді жаныңда ұстайсың. Оны Қазақстандағы достарыммен таныстырып, бөліскім келді. Галина Алексеевнаға үлкен алғысымды білдіремін. Пекин мен Вена арасында өтіп жатқан халықаралық көрмелер кестесінің тығыздығына қарамастан, Астана үшін уақыт бөлді. Бұл көрменің Қазақстанда өткізілетін соңғы көрме болмайтынына үміттенемін.

Шеберлік сыныбы көркемсурет мектебінің оқушылары үшін өте қызықты болды деп ойлаймын. Петриков жазуларының өнерін игеріп қана қоймай, болашақта өз жұмыстарына қолданады деген үміттемін. Мүмкін, осы шеберлік сыныбы біздің украиндық петриков жазулары секілді олардың жарқын да белсенді келешектегі шығармашылығына түрткі болар».

Ирина Блащук көрмеге қойылған әрбір жәдігерлерге түсініктеме беріп өтті: «Рушниктердің Украинада үлкен мән-маңызы бар: дүниеге келу, шоқындыру, үйлену, жерлеу, яғни адам өміріндегі кез келген маңызды оқиғалар рушниксіз өтпейді. Әрбір отбасында нақты рушник белгілі бір оқиғамен байланысты. Кейде рушник ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Рушниктердің жазуларына ерекше көңіл бөлінеді. Кестедегі әрбір ою-өрнектің терең мәні бар, яғни бір нәрсені білдіреді. Мысалы, шәңгіш – әйел сұлулығын білдірсе, емен – ер адамның күшін бейнелейді, ал иректі сызықтар – шексіздік. Суреттерімен және ою-өрнектерімен рушник адамға ыстық ықылас пен жылулық сыйлайды, яғни өзінше бір украиндық тұмар десе болғандай».

Петриков жазуы алғаш рет украина үйлерінің ақ және халық жиһаздары мен музыкалық аспаптары аясындағы түрлі-түсті қабырғаларында пайда болды. Үй иелері өсімдіктердің майына жұмыртқаның сары уызын қосып, осы табиғи бояулармен үйдің ішкі, кейде тіпті сыртқы қабырғаларына сурет салады. Ол суреттердің ғұмыры ұзақ болмайды. Жылына бір рет үлкен мереке қарсаңында қабырғадағы барлық жазулар өшіріліп, олардың орнына жаңа суреттер салынатын болған. Бұл адамның өмір сүретін ортасын жаңғыртып, айналасын жаңартудағы ішкі қажеттілігі еді. Кез келген әйел өз үйінің ішкі интерьерін өз талғамына, ынтызарлығына, руханилығына қарай жасады, оның үстіне олардың әрқайсысы көршісінен әлдеқайда артығырақ жасауға тырысқан.

Петриков өнерінің негізінде туған табиғатты бейнелі қабылдау мен украин жеріне деген сүйіспеншілік жатыр. Петриков кескіндемесінің классикалық элементтеріне жазулардың ешқандай түрлерінде кездеспейтін суретшінің танымындағы суреттер, өсімдіктер жатады. Ашық та қанық реңді ою-өрнектердің сарыны түстер үйлесімділігінің басымдығымен ғана көз тартып қоймай, сондай-ақ, ғажайып шығармашылық идеялар тұтастығына да назар аудартады. Ал бір қарағанда қарапайым болып көрінетін суреттің астарында, шындығында, суретшінің өте ұсақ бөлшектерді бейнелеудегі ұзақ әрі тынымсыз еңбегі жасырынып жатыр. Әлбетте, сондай ғажайып дүниенің дүниеге келуін көзбен емес, жан-жүрегімен қабылдауы тиіс. Жазулардың негізгі дені дала гүлдері, шәңгіш, құлқайыр, таушымылдық, ақкекіре бұтақтары болып келеді.

XIX ғасырдың басында петриковтықтардың сүйікті ісіне айналған жазулар үй жабдықтарында – ыдыс-аяқта, сандықтарда, көк арбаларда кеңінен қолданылды. Мұндай әшекейге деген қажеттілік бейнелеу ісімен бүтін бір отбасының айналысуына себеп болып, олар өз жұмыстарын базарда ұсынатын болған. Ал сол кезеңде Петриков ірі сауда орталығы болғандықтан ауылдық суретшілердің жұмыстары Украинаның басқа өңірлерінде де танымал болып жатты.

Петриков жазуы көркемдік кәсіп ретінде 50-жылдардың аяғында қалыптасты. Сол кездегі «Вільна селянка» (кейін – «Дружба» фабрикасы) көркем-кәсіпшілік артелі жанынан кестелі бұйымдар жасауға мамандандырылған кәдесыйлар шығаратын цех ұйымдастырылды. Халық кәсібін үздіксіз еңбек көзіне айналдырды, яғни белгілі бір үлгіні бекіткеннен кейін, оны шектеусіз тарата бастады.

1991 жылы халық шеберлерінің меншігіне тиесілі Украинадағы алғашқы кәсіпорын «Петриков» атты халықтық өнер орталығы пайда болды.

Экспозицияға ұсынылған жұмыстардың авторы Галина Назаренко 1968 жылғы 18 қарашада Днепропетровск облысының Петриков ауылында дүниеге келген. Т.Я. Пати атындағы Петриков балалар көркемсурет мектебі мен Миргород керамикалық техникумын бітірген. Бүгінгі күні Галина Алексеевна қазіргі заманғы танымал петриков шеберлерінің бірі болып табылады. Оның қоржынында бірнеше ондаған көрмелер, оның ішінде Украина, Франция, Болгария, АҚШ, Канада, Қытай, Грузия, Беларусия, Кувейт, Өзбекстан, Түркменстан, Испания, Грекия, Нидерланды тәрізді әлемнің көптеген елдерінде өткен 30-дан астам жеке көрмелері бар, сонымен қатар үш шіркеудің интерьерін бейнелеуге қатысқан: Әулие Юрий (Киев, 2011), Шевченково ауылындағы Покров шіркеуі (Киев обл., 2014), Әулие Трапез (2015) және Париждегі Украина мәдени орталығы (Франция, 2012).

Көрме экспозициясына автордың 50-ден астам жұмысы ұсынылды. Олардың әрқайсысы аты аңызға айналған аға буын шеберлерінің өзіндік ерекшелігі мен ең үздік дәстүр сабақтастығын көрсетеді. Галина Назаренконың әрбір туындысы – бұл туған өлкенің сұлулығын әнге қосу, мерекені сезіну.

«Петриков жазуы – адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы» көрмесі 2017 жылдың 13 сәуіріне дейін жалғасады.