2013 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде 7586 адам болды. Келушілердің басым бөлігін қала тұрғындары, мектеп, лицейлер оқушылары, колледждер мен ЖОО студенттері, астанамызға еліміздің әр аймақтары мен алыс және таяу шетелдерден келген қонақтар құрады.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің экспозицияларымен РФ, ҚХР, Индонезия, Жапония Елшіліктерінің қонақтары, ҚХР ғылым және техника министрі, Болгария Арнайы қызметінің басшылығы, ТМД елдері Қарулы Күштері қызмет басшыларының үйлестіру кеңесінің өкілдері, ТМД елдерінен келген қоян-қолтық ұрысы бойынша халықаралық турнирінің қатысушылары, Түркия Республикасының Бас Жандармерия штабының өкілдері танысты. Музейдің құрметті қонақтарының қатарында Ресей орталық мемлекеттік қазіргі заманғы тарихы мұражайының қызметкерлері болды. Музейде сонымен қатар, Астанада шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері І съезінің 10 жылдық мерейтойына орай өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының ХІІ отырысы мен «Өркениеттер үнқатысуындағы Астаналық дінаралық форумның рөлі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның қатысушылары болды. Қонақтар өздерінің ыстық ықыластары мен жылы лебіздерін пікір-тілек кітабына қалдырды.
2013 жылдың 18 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде «XX-XXI ғғ. Ресейдің бірінші ханымдары» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Көрме Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Музейдің «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық көрме жобасы аясында ұйымдастырылды.
Көрменің басты мақсаты – мұражайлық әдістер арқылы XX-XXI ғғ. Ресейдің бірінші ханымдарының елдің қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі рөлін ашып көрсету болып табылады. Көрменің басты тұлғалары: патшайым Александра Федоровна Романова, Надежда Константиновна Крупская, Надежда Сергеевна Аллилуева, Нина Петровна Кухарчук-Хрущёва, Виктория Петровна Брежнева, Татьяна Филипповна Андропова, Анна Дмитриевна Черненко, Раиса Максимовна Горбачёва, Наина Иосифовна Ельцина, Людмила Александровна Путина және Светлана Владимировна Медведева.
Ресей орталық мемлекеттік қазіргі заманғы тарихы мұражайының «Ресей әйелінің келбеті» жобасы аясында әзірленген бұл көрме, отбасылық және Мемлекеттік тарихи мұражай, «Горки Ленинские» мемлекеттік тарихи қорық-мұражайы, Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты, Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарихы мұрағаты, Қарулы күштердің орталық мұражайы қор жинақтарынан алынған мемориалдық кешендердің презентациясына негізделген.
Астанамыздың мәдени өміріндегі бұл оқиғаның маңыздылығын көрменің ашылу салтанатына қатысқандар: Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары Темірболат Б. Б., Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат вице-министрі Бөрібаев А. И., Ресей орталық мемлекеттік қазіргі заманғы тарихы мұражайының бас директоры Архангелов С. А., Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры Сағынғали А. С. ерекше атап өтті.
Астана тұрғындары мен қонақтары Музейдің үш залында орналасқан бірегей артефактілермен 2013 жылдың 27 қазанына дейін таныса алады.
2013 жылдың 4 шілдесінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясына жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі салтанатты түрде өткізілді. Жаңа қабылданған азаматтардың қатарында белсенді азаматтық және Отанға қызмет көрсету ұстанымы бар ғылым, мәдениет және өндіріс қызметкерлері мен жеке кәсіпкерлер болды. Партиялық билетті «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Байбек Бауыржан Қыдырғалиұлы өз қолымен табыс етті. Бұл салтанатты рәсім Астана күніне орай Елбасының елордадағы ең алғашқы резиденциясында өтілуі кездейсоқтық емес. «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратының ұсынысы бойынша аталмыш іс-шара жыл сайын Астана күні қарсаңында дәстүрлі түрде өткізілетіні анық.
2013 жылдың 3 маусымында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде «Түрлі-түсті мозаика» атты балалар шығармашылығының сайыс-фестивалі өтті. Бұл фестиваль Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының қолдауымен және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің «Балалық шақтан көзқарас» жобасы аясында Балалар көркемсурет мектебі ЮНЕСКО клубы мен Павлодар облыстық Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Іс-шара барлық балалардың ең сүйікті мейрамы - Халықаралық Балаларды қорғау күніне арналып, аға буын өкілдеріне балаларды әрқашан қорғап, оларға қолдау көрсетіп және балалардың болашағы үшін жауапкершілікті мойындау қажеттігін еске салу мақсатында өткізілді.
Сайысқа 6 – 13 жас аралығындағы 120-дан астам бала қатысты. Жүлде орындары келесі номинациялар бойынша бөлінді: Астана туралы мольбертте сүрет салу сайысы, асфальтта түрлі-түсті борлармен сүрет салу және мозаика мен пазлдарды жинау сайысы. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысқандар: Музей директорының орынбасары Ақтаева К.Қ., Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының өкілі Бұлқайыров С.М., Астана қаласы Балалар көркем сурет мектебі - ЮНЕСКО клубының директоры Исенова Г.Ж., Павлодар облыстық Бұхар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Игибаева Р.Е., сонымен қатар, әділ қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Ж. Қакенұлы. Мерейтойдың құрметті қонақтары қатарында шетелдік дипломатиялық өкілдердің жетекшілері мен елшілердің жұбайлары: Ресей Федерациясы Чащина Светлана Александровна, Беларусь Республикасы Морозова Марина Александровна және Үндістан елшілігінің бірінші хатшысы Рам Сингх мырза сынды асыл азаматтар болды.
Павлодар қаласынан қонаққа келген таңғажайып «Балалық шақ трамвайы» балаларға үлкен әсер қалдырды. Сайыстың барлық түрлеріне қатысқан балалар трамваймен жүріп, «Мұражай», «Көркем сурет», «Әдебиет», «Ән» және «Би» аялдамаларынан өтіп, әр түрлі қызықты жарыстар мен ойындарға қатысқаны үшін сыйлықтармен марапатталды. «Мұражайдың балалық шақ трамвайы» атты балаларға арналған жобаның басты мақсаты – мұражай жинақтарын тарату, Павлодар өңірі танымал тұлғаларының шығармашылығы мен өмір жолын насихаттау, сондай-ақ, осы жобаны қоғамдық сананы ағартудың, тәрбиелеудің және қалыптастырудың бірден бір құралы ретінде қолдану.
2013 жылдың 21 мамырында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі алғаш рет өз қонақтарына әдеби қонақжай бөлмесінің есігін ашты. Белгілі поляк ақыны Вислава Шимборскаяның 90 жылдығына арналған «Екінші, түзетілген баспамен өмірді қайта зерделеймін» атты кеші Музей қонақтарына ақынның ғажайыпқа толы терең де сезімтал әлеміне саяхат жасай отырып, оның өнерімен сусындауға мүмкіндік берді. Іс-шара Музейдің «Мәдениет арқылы үнқатысу» жобасы аясында, Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Вислава Шимборская (1923 – 2012 жж.) – атақты поляк ақыны және жазушысы, Гете (1991 ж.) және Гердер (1995 ж.) атындағы беделді жүлделердің, әдебиет саласындағы Нобель жүлдесінің (1996 ж.) лауреаты, Америка өнер және әдебиет академиясының құрметті мүшесі дипломының иегері (2001 ж.) және Ақ Қыран Орденінің Ханымы – поляк жоғары мемлекеттік наградасының иегері. В. Шимборскаяның шығармалары әлемнің 36 тіліне аударылып, оның кітаптары 18 елде жарық көрді.
Кеш Шынар Барлықова (скрипка) мен Әліби Асақаевтың орындауындағы белгілі поляк композиторы Витольд Лютославскийдің шығармаларымен ашылды. Кештің арнайы қонағы, Краковтан Астанаға осы кешке арнайы келген ақынның хатшысы, Михаил Русинек болды.
Мерейтойлық жылы Қазақстанда Халықаралық Абай клубы ақын өлеңдерінің жинағын басып шығарды (Әбубәкір Қайранның аудармасы). Кеш қонақтары В. Шимборская шығармаларының қазақ тіліне аударылған нұсқасымен алғаш танысуға мүмкіндік алды. В. Шимборскаяның өлеңдері Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық музыкалық-драма театрының актері Олжас Жақыпбек және М. Горький атындағы Мемлекеттік Академиялық орыс драма театрының актрисасы Мария Цыганкованың орындауында қазақ және орыс тілдерінде оқылды. Деректі бейнекадрлар арқылы келушілер өз өлеңдерін оқыған Вислава Шимборскаяның дауысына тәнті болды. Әдеби қонақжайда ақынның қолынан шыққан коллаждар келушілер назарына ұсынылды.
2013 жылдың 11 сәуірінде Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи- өлкетану мұражайында облыстық Мәдениет басқармасының бастамасымен «Мұражай ісінің әдістемесі мен тәжірибесі: дәстүрлер және инновациялар» атты ғылыми-әдістемелік семинар-тренинг өтті.
Семинар-тренингтің жұмысына Павлодар облысы мұражайларынан 56 қызметкер қатысты.
Семинар-тренингті мұражай ісінің өзекті мәселелері бойынша «Мұражай менеджменті» (Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі тәжірибесінен), «Мұражай қорларын есепке алу және сақтау», «Экскурсиялық, көпшілік коммуникациялар», «Мұражай қызметін ақпараттандыру («Музей» - АЖ үлгісі бойынша)» Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі директорының орынбасары, т.ғ.к. К.Қ. Ақтаева, Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау орталығының жетекші сарапшысы З.Ә. Әубәкірова, Экспозицияларды және экскурсиялық қызмет көрсетуді ұйымдастыру орталығының жетекші сарапшысы Ә.Қ. Шоткина, «НАТ Қазақстан» АҚ Консалтинг бөлімінің консультанты Е. Банцекин өткізді.
2013 жылдың ақпан айынан бастап төртінші қабатта «Қазақстанның спорттық даңқы» атты экспозиция ашылды. Залда Олимпиада ойындары мен VII Қысқы Азия ойындарының ең жауапты кезеңдерін, жеңімпаздарды марапаттау сәттерін, Қазақстандық спортшылардың шынайы көңіл-күйін, ұлтжандылық сезімдері мен жеңіске деген құштарлығын айқын көрсететін фотосуреттер галереясы ұсынылған. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпиада ойындарының 63 жүлдегерлерін тәрбиелеп, олардың 18 – олимпиада чемпиондары атанған.
Спорт жабдықтары мен жеңімпаздардың олжалары – Б.Артаевтың гүлтәжі, В.Жиров пен М.Мәзімбаевтың белдіктері, А.Винокуровтың велосипеді және біздің чемпиондарымыздың қолтаңбалары қойылған басқа да бірегей жәдігерлер ерекше қызығушылық тудырады. Келушілер назарына Лондонда өткен ХХХ Олимпиада ойындары чемпиондарының фотопортреттері көрсетілген «құрмет тақтасы» ұсынылған. Залда көрсетілетін деректі фильмде Олимпиада жеңімпаздары өз әсерлерімен, көңіл-күйлерімен бөлісіп, спорт шыңында өз Отандарының атын шығаруға деген ықыластары жайлы баяндайды.
ҚР Президенті мен 2011 жылғы Азиада ойындарына қатысқан мемлекеттердің спорт министрлерінің қолтаңбалары қойылған Азия Олимпиадалық Кеңесінің туы, Д.И.Петрухиннің атақты мотоциклі және онымен жүріп өткен бағдары көрсетілген жиһанкездік картасы да экспозициядан лайықты орын алған. Дмитрий Петрухин өзінің «темір тұлпарымен» әлемнің 80 еліне саяхат жасап, әлемдік мотожорық тарихындағы теңдесі жоқ оқиға – 200 000 шақырымдық жолды бағындырып – Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Экспозиция Қазақстандықтардың белсенді азаматтық ұстанымдары, отансүйгіштігі мен жанкешті еңбегі Қазақстанның шынайы спорттық даңқын құрайтынына көз жеткізуге мүмкіндік береді
2012 жылдың 21 желтоқсанында ҚР Тұңғыш Президенті Музейінде Тәуелсіздік күніне арналған «Туған жерім» ІХ Халықаралық балалар сурет байқауы жұмыстарының көрмесі және байқауға қатысушылардың салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Көрме Музейдің «Балалық шақтан көзқарас» атты жобасы аясында ұйымдастырылды. Биылғы байқауға Қазақстанның 15-ке жуық қалаларынан 6-16 жас аралығындағы балалардың жұмыстары қатысты. Ең үздік суреттердің авторлары мақтау қағаздары және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Байқау ұйымдастырушылары Музей, «Құланшы» заманауи өнер Орталығы және Астана қ. білім басқармасының қолдауымен Астана қаласының ЮНЕСКО – Балалар көркемсурет мектебі болып саналады. «Туған жерім» байқауы – ұлтжандылық пен азаматтық жауапкершілікті тәрбиелеу, балалардың туған жеріне деген сүйіспеншілігін ояту, Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қызығушылығын арттыру, сонымен қатар балалар көркемсурет шығармашылығын көпшілікке тарату және дамытуға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Экспозициядағы жұмыстар «Қазақстанның өткен шағына саяхат», «Қазақстан халқының аңыздары мен ертегілері», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары», «Астана – болашақтың қаласы», «Қазақстан 20 жылдан кейін» атты тақырыптық бағыттарда ұсынылған.
2012 ж.
2011 ж.
2010 ж.
2009 ж.
2008 ж. |