2011 ж.

       2011 жылдың 1 қыркүйегінде жаңа оқу жылының қарсаңында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде қалыптасқан дәстүр бойынша Конституция күніне арналған «Ата Заңым – тәуелсіздігімнің тұғыры» атты музейлік сабақ өткізілді. Сабақ мемлекетіміздің ең кішкентай азаматтары – № 54 мектеп-лицейінің бірінші сынып оқушыларына арнап өткізілді.

      Мерекелік сабақты Музей педагогикасы орталығының аға оқытушысы Ә.Ә. Оспанова дайындады. Балалар демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекетті қалыптастыруға бағытталған мемлекеттің Негізгі Заңының қалыптасу тарихымен танысып қана қоймай, өздерінің білімдерін де көрсетті.

      Мереке қонақтарына балалар Конституция күніне орай вокалдық-хореографиялық композицияны орындады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейіндегі алғашқы сабақтан естелік ретінде бірінші сынып оқушыларына сыйлықтар тапсырылды.


      Астана күнін мерекелеу қарсаңында 2011 жылдың 1 шілдесінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде елорданың кішкентай тұрғындары үшін «Туылған күніңмен, Астана» атты дәстүрлі музейлік балалар мерекесі өтті.

      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қабырғасында өтетін балалар мерекесі ел тәуелсіздігінің 20-жылдығына арналған шаралардың аясында патриотизм ұранымен өтуінің мәні бар. Музей өзінің білім беру қызметін балалардың көпмәдениеттілігін дамытуға, салт-дәстүрдің көпжақтылығымен таныстыруға, оларда түрлі мәдениетке құрмет сезімін қалыптастырып, толеранттылыққа тәрбиелеуге бағыттаған.

      Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен бірлескен жұмыс істеу игі дәстүрге айналған. Мектепке дейінгі кезең тұлғаның бойында жоғары адамгершілік құндылықтардың қалыптасуы үшін өзіндік әлеуеттік мүмкіндіктерге ие. Өзінің туыстарына, бала бақшаға, туған жер мен елге сүйіспеншілікке тәрбиелеу барысында баланың бойында бірте-бірте қоршаған әлемге деген құндылық қатынастар негізі қаланып, патриоттық сезім қалыптасады.

     Балалар мерекесі елордалық №20 «Арайлым» бала бақшасының ұжымымен бірлесе дайындалып, негізіне қазақ халқының аңыз-ертегілері, Қазақстан елордасы – Астана, достық пен бақытты балалық шақ туралы өлеңдер мен тақпақтар кірді. Бала бақша тәрбиеленушілері орындаған хореографиялық композициялар қайталанбас туынды болды. Олар қазақ, украин және шешен халықтарының биін орындауда өз шеберліктерін көрсетті.Мерекеге ертеден келе жатқан «Ақ жол болсын» ғұрпы нүкте қойды. Ертеде адамдар барлық жұмыс бастауларында игі тілек айту көмектеседі деп сенген. Сол дәстүрдің негізінде Музей ұжымы да балаларға, барлық қонақтарға «Ақжол» мен жаңа, қызықты бастамаларды тіледі.


     2011 жылдың 22 және 23 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде жыл сайынғы «Қасиетті тастар» арт-терапиялық семинарының аясында ерекше балаларға арналған 2 күндік «Бақытты балалық шақ» шығармашылық лабораториясы өткізілді.

     Мүмкіндігі шектеулі балалар – әлеуметтік, физиологиялық және психологиялық тұрғыда ерекшеленетін балалар. Музейлік мүмкіншіліктер мен арт-терапевтік тәсілдер ерекше балаларды бейнелеу өнеріне, белсенді көркем шығармашылыққа тарту арқылы олардың бойындағы шектеулік пен тұйықтықты жеңуге, өзіндік бағалау мен әлеуметтік бейімдеудің жоғарылауына көмектеседі.«Бақытты балалық шақ» 2 күндік шығармашылық лабораториясы арнайы көмекке мұқтаж балалардың мәселелеріне қоғамның назарын аудару іс-шарасы екендігі сөзсіз. Мұндай әлеуметтік бағдарламалар арқылы қоғамның ерекше категориялы балаларды түсінуіне және қолдауына мүмкіндік туады.

      Музейдің баспасөз залының холында сабақ басталғанға дейін лабораторияға қатысушы балалардың шығармашылық жұмыстары көрсетілді.Шығармашылық лабораторияның жұмысы «Күн сәулесі қолымызда» арт-терапевтік акциясынан басталды. «Океан Арт» Арт-терапевтік Орталығының қызметкерлері қолды жаттықтыру үшін ойындар және жоғары көңіл-күй қалыптастыру үшін психологиялық тренингтер жүргізді. Балалар шеберханада алақандарының бейнесін жасауға кірісті.

     Келесі күні арт-терапевтер балаларға алдыңғы күннің сезімдерін еске түсіріп, алақан бейнесін бояуды ұсынды. Ата-аналар мен балалар өнердің айықтырғыш қуатын сезінуге мүмкіндік алды. Балалардың шығармаларынан ересектер ашық боялардың көрініс тапқанын атап өтті. Балалар гипстен дайындаған алақан бедерін күннің бейнесі бейнеленген баннерге орнатты. Сабақ соңына таман балалар алақан бедеріне және күн бейнесіне қолдарын тигізді.  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі лаборатория қатысушыларына сыйлықтарды тарту етті.


      2011 жылдың 19 мамырында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Еуропалық Комиссияның ұйымдастыруымен гендерлік теңдік тақырыбындағы дүниежүзілік конкурстың аясында балалардың сурет көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Аталмыш конкурс 5 жыл қатарынан әлем балаларының гендерлік теңдік тақырыбы жөнінде өз көзқарастарын білдіруге шақырады. Көрмені салтанатты түрде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры Алма Сағынғали және Еуропалық Одақ Өкілеттілігінің Басшысы, Елші Норбер Жустен ашты.

     Конкурстың қорытынды бөлімінде №№ 1, 35 мектеп-лицейлерінің және №№ 2, 3, 4, 6 мектеп-гимназияларының үшінші-төртінші сынып оқушылары белсенділік танытты. Оқушылардың ашық дауыс беруі арқылы ең жоғары деп танылған 10-ға жуық қазақстандық дарын иелерінің шығармалары іріктеліп, таңдау жасаған жұмыстары әлемдік конкурс финалына қатысуы үшін Брюссельге жіберілді. Брюссельде оқушылар құрамынан тұратын әділ-қазы мүшелері әлемнің әр аймағынан келіп түскен 2 шығармадан іріктеп, жеңімпазды анықтайды. Жеңімпаздарға 1000 евро көлемінде ақшалай сыйлық тағайындалып, олардың шығармалары конкурсқа қатысушы мемлекеттердің мектептерінде таратылатын буклетке енгізілетін болады.

      Биыл конкурсқа республиканың түрлі өңірлерінен атап айтқанда, Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Семей, Талдықорған, Шымкент қалалары сонымен қатар Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарынан 8 бен 10 жас аралығындағы балалардың 280-ге жуық жұмыстары ұсынылды. 

      Еуропалық Одақ Өкілеттілігінің Басшысы, Елші Норбер Жустен: «Республиканың әр түрлі өңірлерінен келіп түскен шығармалардың көлемі арқылы балалардың белсенділік деңгейінің жоғарылағанын байқауға болады. Балаларға бейнелеудің техникалық тұрғыдан қиын болғандығына қарамастан, тақырыпты сәтті, әсерлі етіп жеткізгендерін айқын көруге болады. 2009 жылғы байқауда жеңімпаз атанған Темірлан Қарғұлов секілді қазақстандық кез келген оқушының жеңімпаз атануға мүмкіндігінің бар екендігін айтамыз».

    Бұл байқаудағы қазақстандық турдың қорытындылау бөлімі екінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қабырғасында өткізіліп отыр. Байқау ұйымдастырушыларының шешімі бойынша дауыс беру рәсімі жыл сайын Музейде өткізілетін дәстүр болмақшы.


      2011 жылдың 25 наурызында Астана қаласының Балалар көркемөнер мектебі-ЮНЕСКО клубы оқытушылары мен оқушылары және олардың ата-аналарының қатысуымен ашық есік күні болды. Аталған шара оқушылармен көркемсурет қызметінде дарынды балалармен жұмыс істейтін қосымша білім беру мекемелерімен әріптестікке бағытталған «Бала мен мәдениет» жобасы аясында өткізілді.  Ашық есік күні Музейде мектептегі каникул кезінде ата-аналар, педагогтар мен арнайы бағдарламалар бойынша тәрбиеленетіндерге өткізіледі, мақсаты – отбасыларды біртұтас білім беру-тәрбиелік кеңістікке тарту.