2009 ж.

      2009 жылдың 1 маусымында Балаларды қорғау күнін мерекелеу аясында 6-10 жастағы балалар арасында асфальтқа сурет салудан «Түрлі түсті мозаика» атты қалалық конкурс ұйымдастырылып, осы мерекелік іс-шараға қатысушыларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
      Конкурсты ұйымдастырушылар - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі, Астана қ. Білім беру департаменті және Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы.
      Конкурсқа Астана қаласы мектептерінің және Балалар көркемсурет мектебінің оқушылары қатысты. Кішкене суретшілердің қолындағы бор тиген жерлерден олардың ертегі қиялынан туған ғажайып бейнелер көріне бастады, олар әне-міне дегенше жан бітіп, тіріліп кететін сияқты әрі түрлі түске боялып, құбылады.
      Осыншалықты алуан түрлі жұмыстардың ішінен әділ қазылар алқасы қиын да күрделі таңдау жасап, ең үздік 20 жұмысты іріктеп алды.
      Ұйымдастырушылар концерттік бағдарлама дайындады. Балаларды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтауға көптеген халықаралық конкурстардың бірнеше мәрте лауреаттары, Қазақ Ұлттық Музыка академиясының тәрбиеленушілері, «Серпер» және «Балдырған» ансамбльдері келді. «Астананың жас сұлуы – 2005» конкурсының жеңімпазы, «Жас сұлу - Шабыт»» атағының жас иеленушісі Бейісова Аиданың өнері конкурсқа ерекше мерекелік сән берді.

Конкурсқа қатысқандардың барлығына ерекше дипломдар, наградалар, сыйлықтар тапсырылды. Іс-шара аяқталғаннан кейін балаларға арнап дайындалған тіл үйірер тәтті дәм балалар үшін әсіресе қуанышты және шын мәнінде мерекелік сыйлық болды.


       2009 жылдың 2 маусымында астана күнін мерекелеу қарсаңында «Гүлдене бер, Астана!» атты дәстүрлі балалар мерекесі өтті. Оған № 37 «Арман» балабақшасының тәрбиеленушілері қатысты. Бұл балабақшаны 2006 жылдың 1 маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ашқанын атап кеткен жөн.

    Мерекенің кішкентай қатысушыларының көз алдына жас астананың бірегей сәулет құрылыстары көрсетілді. Балалар Астана қаласының өздері жақсы көретін көз тартар көрікті жерлерін оңай-ақ танып, тауып отырды. Музей қорынан алынған фильм балалардың қызығушылығын туғызды. Мұнда олар «Бәйтерек» монументінің тұрғызылу тарихына, бұл идеяның Мемлекет басшысының идеясы екендігіне қанықты. «Бәйтерек» монументінің эскизін Н.Ә. Назарбаевтың өзі салған болатын.
      Балалардың аспанға шар ұшыруы мерекенің аяқталуындағы ең бір әсерлі көрініс болды.


      Жаңа оқу жылының қарсаңында, 29.08.09, ҚР ТПМ –да қалыптасқан дәстүр бойынша Конституция күніне арналған мереке-сабақ өтті. Бұл жылы мерекеге қатысушылар Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназияның бірінші сынып оқушылары болды.

      Жас азаматтардың Білім еліне ерекше саяхатын Мемлекет басшысының бұрынғы Резиденциясынан бастауы айтарлықтай маңызды. Балалар еліміздің Негізгі Заңын қабылдаудағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің рөлі туралы білу мүмкіндігіне ие болды. Олардың назарларына Музей қорынан алынған мұрағат құжаттары мен фотосуреттер ұсынылды. Олардың ішінде Конституцияның Президент қолымен енгізілген түзетулер мен толықтырулары бар бірегей жобалары да бар.

      «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында ұйымдастырушылар (Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі, «Жас Отан» ЖҚ) бірінші сынып оқушыларына арнап естелік сыйлықтар дайындады.