2012 ж.

     2012 жылдың 23 қарашасындаҚазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі жанындағы Педагогтар кеңесінің отырысы өткізілді. Отырыс жұмысына Педагогтар кеңесінің мүшелері, Астана қ. Білім басқармасының өкілдері, Астана қ. мектептерінің тарих пәні ұстаздары қатысты. 

Күн тәртібінде келесідей мәселелер қарастырылды: 
1. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі мен Астана қ. Білім басқармасының 2012 ж. бірлесіп атқарған жұмысының қорытындысын шығару және 2013 ж. арналған ҚР ТПМ Музей педагогикасы орталығының жұмыс жоспарын талқылау; 
2. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі базасында қоғамдық пәндер ұстаздарын аттестациялау. Аттестациядан өтетін ұстаздардың тақырыбын анықтау және тізімінің бекітілуі; 
3. Музейлік сабақтардың сценарийлерін рәсімдеудің талаптары туралы. 

      ҚР ТПМ Музейінің жанындағы Педагогтар кеңесінің төрайымы, директор орынбасары, т.ғ.к. Б.М. Қайыпова қатысушыларды келе жатқан Тұңғыш Президенті күнімен, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай отырып, бұл мейрамдардың маңыздылығына тоқталып өтті. 
      Б.М. Қайыпова Астана қ. Білім басқармасының бастығы А.Т. Бимендинаға, тарих пәні әдіскерлері Д.Қ. Әмірғалиева мен Қ.Қ. Адинаеваға алғыс білдіре отырып, Музейдегі Білім басқармасымен бірлесіп өткізілетін іс-шаралар жылдан-жылға сапасы жағынан артып келе жатқандығын айтты. Сонымен қатар 2012 ж. 26 қарашасында Музейде «Көшбасшылық және тұлға» халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинарының өткізілетіндігі туралы хабарлады. Семинар барысында тарихтағы тұлғаның рөлі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев лидерлігінің феномені, Елбасының білім саласындағы бастамалары туралы мәселелер талқыланатындығын, әлеуметтік ортаның тұлғаның қалыптасуына ықпалы, көшбасшылық феноменді зерттеу мақсаты аясында жүзеге асырылып жатқан «Отбасында, мектепте және басқа да әлеуметтік институттарда лидерлік қасиеттердің қалыптасуы» ғылыми жобасының нәтижелері туралы айтылатындығын атап өтті. Семинар қорытындысы бойынша ұжымдық монографияның шығарылатыны туралы хабардар етілді. 
      2012 ж. көрсеткіштері бойынша Білім беру бағдарламасы қатысушыларының жалпы саны – 4365 адамды құрады: 
Оның ішінде: 
– ересектер – 651; 
– студенттер – 1482; 
– оқушылар – 2172; 
– мектепке дейінгі бүлдіршіндер – 60. 
      Жалпы алғанда 2012 ж. Білім беру бағдарламасының аясында мазмұны мен формасы жағынан әртүрлі музейлік сабақтар, шеберлік-сыныптары, «Астанатану» факультативті курсы, «Жастардың бойында лидерлік қасиетті дамыту жағдайлары» элективті курсы, дәрістер, пікірталастар өткізілді. 
      2013 жылы «Музей педагогикасы негіздері» курсын, Ұлттық валюта – теңгенің 20 жылдығына арналған қалалық «Үздік эссе» конкурсын, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне арналған апталық аясында «Тәуелсіздік – ұраным» атты тарихи көріністердің қалалық конкурсын өткізу жоспарланып отыр. Конкурс ережелері Музей сайтында жарияланатын болады. 
     Педагогтар кеңесі Астана қ. қоғамдық пәндер ұстаздарын аттестациялау бойынша эксперименталды алаң жұмысын жалғастырады. Өткізілетін музейлік сабақтардың негізгі талаптары айтылды: мазмұндылық, жоспардың нақты құрылымы, мәселенің тарихын баяндау, әртүрлі тұжырымдамаларды көрсету, тәжірибемен байланыс, мазмұн мен оқытудың өнегелік жағы, нақты теориялық және әдістемелік құрылымының болуы, дәлелдігі мен ақпараттылығы, аудиовизуалды дидактикалық материалдарды, макеттерді, үлгілерді қолдана отырып, оқытудың музейлік тәсілдері мен инновациялық әдістерін енгізу. 
      Отырыс барысында ҚР ТПМ МПО жетекшісі Р.Ұ. Қазбекова «EXPO-2017» халықаралық көрмесін Астана қаласында өткізу аясында Музей аталмыш тақырып бойынша Астана қ. Білім басқармасымен бірлесе отырып, сабақтардың жинағын шығаруды жоспарланып отырғандығын атап өтті. 
    Астана қ. Білім басқармасының әдіскерлері Д.Қ. Әмірғалиева мен Қ.Қ. Адинаева Музей әкімшілігіне алғыстарын білдіре келе, бірлескен ынтымақтастықты жалғастыру қажеттілігін айтты. 
     Екінші мәселе бойынша ҚР ТПМ МПО аға оқытушысы Ә.Ә. Оспанова сөз сөйледі. Ол 2013 ж. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі базасында аттестациядан өтетін ұстаздардың тізімімен таныстырып өтті. 
     ҚР ТПМ МПО кіші ғылыми қызметкері Д.С. Кушунова ұстаздарды сабақтарының сценарийлерін «Музей сабақтарының жинағына» рәсімдеу бойынша негізгі талаптармен таныстырды. 
      Отырыстың қорытындысы бойынша сәйкес қаулы қабылданды. 


      2012 жылдың 22 маусымында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі жанындағы Педагогтар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңестің күн тәртібіндегі келесі мәселелерді кеңес мүшелері, тарих пәнінің мұғалімдері, Астана қалалық Білім басқармасының өкілдері талқылап өз ойларын ортаға салды: 
1. 2011-2012 оқу жылының жұмысын қорытындылау және 2011-2012 оқу жылы бойынша «Музей сабақтарының жинағына» ұсынған сабақ сценарийлерін талқылау және бекіту; 
2. «Отбасында, мектепте және басқа да әлеуметтік институттарда лидерлік қасиеттерді қалыптастыру» ғылыми-практикалық семинарын жоспарлау және ұжымдық монографияға кіретін авторлар тізімін бекіту; 
3. Астана қаласының білім беру мекемелерімен 2012 жылдың 2 жарты жылдығындағы бірлескен жұмыс жоспарын жалғастыру. (Білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясының аясында өтетін тарих пәні мұғалімдерінің секциясын өткізуге қатысу). 

      Бірінші мәселе бойынша сөз алған ҚР ТПМ МПО жетекшісі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің жанындағы педагогтар Кеңесі төрайымының орынбасары Қазбекова Р.Ұ. қатысушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, 2012 жылдың жарты жылдығындағы Білім беру бағдарламасына қатысушылардың санымен таныстырды және сөзін былай деп жалғастырды: 
      Білім беру бағдарламасы тыңдаушыларының саны – 2857 адам: 
– ұстаздар – 386 
– студенттер – 1000 
– оқушылар – 1471. 
      Үстіміздегі жылы «Аттестация – шығармашылыққа жету жолдары» тақырыбымен аттестациядан өтетін мұғалімдердің 3 семинары өтіп, онда 7 мектептен 10 мұғалім сабақ берді. Оқу жылы бойынша Музей қабырғасында өткен мұғалімдердің сабақ сценарийлерін талдап, «Музей сабақтарының жинағына» енгізуді ұсынды. 
Олар: 
1. Бүркітбайқызы Г. «Ата Заңым – тәуелсіздігімнің тұғыры»; 
2. Аканбаева С.К, Жауке Қ.М. «От кочевой цивилизации до современности...»; 
3. Маканова Т.В., Литвинова Л.Э., Бахриденова Т.М. «Друзья, Отчизне посвятим души прекрасные порывы…»; 
4. Бөксенова А.Ғ. «Тәуелсіздік символы»; 
5. Тарамбай М.Т., Оспанова М.Ә. «Жеке тұлға және саясат»; 
6. Момынов М.Ү. «Кемел елдің кемеңгер көшбасшысы»; 
7. Шайкенов С.С. «Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы: «Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы»; 
8. Нагорняк Г.А., Бигарина К.К. «Сердце мое – Астана»; 
9. Жақсылықова А.Қ., Алдабергенова Г.Т. «Тарих шырғалаңынан – тәуелсіздік шыңына»; 
10. Қазбекова Р.Ұ. «Звезда, зажжённая в степи». 
      Семинар аясында өткен сабақтар нәтижесі бойынша келесі сабақтарды ғана енгізу қарастырылды: 
1. Суанбекова М.Б. «Тәуелсіздік жаршысы»; 
2. Молдраймова Г.Т. «Қазақстан Халқы Ассамблеясы»; 
3. Авдхалым А., Жукенова К.С. «ҚР Президентінің халыққа Жолдауы»; 
4. Тоқтағазы Е.Ә., Әміреева Г.Х., Бөстекова Г.Ж. «Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі»; 
5. Жатқанова Н. «Қазан төңкерісі қарсаңындағы саяси партиялар». 
      Сонымен қатар ҚР ТПМ МПО аға оқытушысы Оспанова Ә.Ә. «Отбасында, мектепте және басқа да әлеуметтік институттарда лидерлік қасиеттерді қалыптастыру» ғылыми жобасының 2009 жылдан бері жүзеге асып, оның аясында көптеген сабақтар, элективті курс өткенін айта келіп, нәтижесі ретінде ғылыми-практикалық семинар және ұжымдық монография жазу жоспарланғанын, монографияға мақала жазуға мұғалімдер тізімі жасалатынын айтты. 
      Ал музейде «Кемел елдің кемеңгер көшбасшысы» атты сабақ өткізген жас маман, № 51 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Момынов М. өз сабағының жоғары дәрежеде өтуіне үлес қосқан Музей қызметкерлеріне және еңбегінің еленіп, алғыс хат алғанына ризашылығын білдіре отырып, осы тақырып бойынша зерттеу жүргізген оқушысы қалалық ғылыми жоба сайысында жүлделі орын алғанын айтып, монографияға мақала жазуға ұсынысын білдірді. 
      Қатысушылар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі жанындағы педагогтар Кеңесі музейлік сабақтарды өткізуде мектеп мұғалімдеріне әдістемелік көмек беру жұмысы жалғасуы қажеттігін бірауыздан мақұлдады. 
      Сонымен бірге Кеңес мүшелері Музейдің білім беру ұйымдарымен әрі қарайғы әріптестігі көптеген жаңа идеялар әкелетінін атап өтті. 
      Отырыс қорытындысы бойынша сәйкес қаулы қабылданды.