Оқиғалар

Сақтықта – қорлық жоқ. Көпэтносты қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау
 
        Бүгін Елбасы Кітапханасының Музейінде «Астана» университетінің студенттеріне «Президент Республики Казахстан и межнациональное согласие» дәрісі оқылды.
        Дәрісті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова жүргізіп, республика тәуелсіздігін нығайту әрі оның халықаралық аренадағы беделі мен рөлінің өсуіне, экономиканың дамуына, елдегі саяси-әлеуметтік жағдайдың тұрақтануына негіз болған ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің ерекшеліктері туралы баяндады.
 
       Дәріс барысында тренинг элементтері белсенді қолданылды, оның негізінде студенттер этносаралық қатынастар арасында кездесетін түрлі жағдаяттық мәдениет үлгілерін бейнеледі. Ұлтаралық және конфессияаралық мәселелерді талқылау пікірталас түрінде өтті.
– Қазақстанның бүгінгі жастары білімді, ұтқыр, шапшаң. Жастар әлеуметтік жағдай тұрғысынан емес, азаматтық тұрғыдан пайымдайды. Қазақстандағы ұлтаралық келісім саясаты, осы саясаттағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі тақырыбы олардың жоғары азаматтық деңгейдегі көзқарасын қалыптастырады, – деп атап өтті дәрісті қорытындылаған Ботагөз Қайыпова.
«Астана» университетінің студенті Ернар Бабаканов дәрістен алған әсерімен бөлісті:
– Мені еліміздегі конфессиялар арасындағы қарым-қатынастар, ұлтаралық және дінаралық негіздегі қақтығыстарды туындататын себептердің шығу мәселелері қызықтырды. Бүгінгі дәріс барысында көтерілген тақырыптар көпэтносты қоғамда тұрақтылық пен келісімді сақтау шынында күрделі мәселе деген ой қалдырды.
«Астана» университетінің бірінші курс студенті Диляфуз Назимова, Елбасы Кітапханасының қорындағы қызықты фото- және киноқұжаттарға назар аударды:
– Бүгінгі дәріс барысында талқылаудан тыс қалған өзекті мәселелер жоқ секілді. Барлығы қызықты, тіпті әсерлі деп айтуға болады. Президенттің рөлі мен оның ЭКСПО-2017, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ЕЭҚ және т.б. бастамаларының маңыздылығы туралы дәріскердің терең әрі қызықты баяндауы маған ерекше ұнады.
        Дәріске келген студенттердің Елбасы Кітапханасымен алғашқы танысуы болғандықтан, оларға Президенттің Астанадағы бірінші Резиденциясының ғимараты бойынша шолу экскурсиясы жүргізілді.

 


ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА «ҚАСИЕТТІ ҚҰРАН КІТАПТАРЫ» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінің ғимаратында «Қасиетті Құран кітаптары» атты көрме ашылды. Оның аясында көрермендерге кітапхана қорының бірегей жинағындағы Құранның  араб тіліндегі, сондай-ақ қазақ, орыс, ағылшын тілді нұсқаларының 55 данасы ұсынылады.

Аталмыш көрменің басты ерекшелігі – Кітапхана қорындағы сирек кездесетін кітаптардың,  XVIII-XIX ғғ. жазылған түпнұсқа қолжазбалардың көрсетілуінде.

Олардың көбісі Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевқа өзге мемлекет өкілдерінен дипломатиялық сый ретінде тарту етілген. Әр кітап мұқабасының сыртқы келбеті көркемдік, зергерлік және каллиграфиялық шеберлікпен ерекшеленеді.

Ашық ғарышта, «Мир» халықаралық ғарыш бекетінде болған Құран басылымы топтамадағы ерекше жәдігерлердің бірі.  Оны Мемлекет басшысына отандық ғарышкер Талғат Мұсабаев сыйға тартқан.

 

ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ. «МЕНІҢ ОТАНЫМ – ҚАЗАҚСТАН» МЕРЕКЕЛІК САБАҒЫ ӨТТІ

2017 жылдың 29 тамызында Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Менің Отаным – Қазақстан» мерекелік сабағы өтті.
 
№80 мектеп-гимназиясының мұғалімдері болашақ оқушыларымен танымдық сабақ жүргізді. Оның барысында Кітапхананың электронды қорынан алынған бейнематериалдар мен фотоқұжаттар қолданылды. Балалар еліміздің Негізгі заңын жасаудағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті -  Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың рөлі туралы атап өтті.
 
Еліміздің жас азаматтары отансүйгіштік сезім, Қазақстан халқының тәуелсіздігі мен бірлігі туралы өлеңдері мен Отан туралы мақал-мәтелдерін оқыды. Саяхат ойыны ретінде өткен топтық жұмыс кезінде олар еліміздің картасымен жұмыс жасап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы білімдерімен бөлісті.
Кітапхана қабырғасында ең алғашқы қоңырауларын естіген бүлдіршіндерді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова келе жатқан қос мереке – Қазақстан Республикасы күні мен Білім күнімен құттықтады.
 
– Жыл сайын Конституция күніне орай ұйымдастырылатын мерекелік сабақ Назарбаев орталығы ғимаратында алғаш рет өтіп жатыр. Бұл жылы жоба өзінің онжылдығын атап қана қоймай, бүлдіршіндерге білім беруді де ілгері жалғастыруда. Елбасы мемлекет болашағы жастардың қолында екендігін жиі айтса, бүгінгі сабақ барысында икемдері мен білімдерін көрсете білген балдырғандар – жарқын болашағымыздың кепілі. Осы орайда шараның ұйымдастыруына ат салысқан жандарға алғысымызды білдіреміз, - деп тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Мұттахиденқызы ұйымдастырушыларға  алғыс хаттар мен «Ұлы дала ұлағаттары» кітаптарын таратты.
Ал шараның кішкентай қатысушыларына Елбасы кітапханасының атынан «Біздің Президент» кітаптары тарту етілді.

Екібастұз қаласындағы «Музей педагогикасы» көшпелі тренингі

2017 жылғы 18 тамызда Екібастұз қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің ғылыми қызметкері Д.С. Кушунова «Музей педагогикасы» тақырыбында тренинг өткізді. Тренингке Павлодар облысы қосымша білім беру саласының педагогтары қатысты. Оқыту Павлодар облысының қосымша білім беретін педагог қызметкерлерінің «Қосымша білім беру жүйесін жаңғырту арқылы білім алушылардың қоғамдық санасын қалыптастыру» атты тамыз конференциясының аясында ұйымдастырылды.

Мәжілістің панельдік сессиясына Павлодар облысының Білім беру басқармасы, «Нұр Отан» партиясы, Екібастұз қ. «АНА ұлағаты» қоғамдық бірлестігі, Екібастұз қ. Ішкі істер басқармасы, Балалар мен жасөспірімдер экология және туризм орталығының өкілдері, мектеп директорлары, Павлодар облысының 150-ден астам қосымша білім беру педагогтары қатысты.

Қосымша білім беретін педагогтардың ғылыми-теориялық дайындығын қамтамасыз ету, өскелең ұрпаққа білім мен эстетикалық тәрбие беру, жүйелі әдістерді қолдану, қосымша білім беретін мекемелерде музейлік педагогика технологияларын құру және қатысушылармен тығыз қарым-қатынас орната отырып музейлік-педагогикалық жұмыстарды ұйымдастырудағы музейлік ортаның, музейлік-педагогикалық үдерістің рөлін ашуға мүмкіндік беретін кәсіби біліктілікті арттыру тренингтің негізгі мақсаттары болып айқындалды.

Тренинг барысында музей педагогикасының музейлік орта жағдайында педагогикалық үдеріс арқылы мәдени тәжірибе алмасуға бағытталған қазіргі заманғы музейдің ғылыми-тәжірибелік саласы ретінде ерекшелігі ашылды, педагогтың кәсіби біліктілігінің құрамдас бөлігі және практикалық қызметінің әдіснамалық негізі ретінде мәдениеттанушылық біліктілігінің мәні мен мазмұны көрсетілді. Тренинг тыңдаушыларына өзіндік диагностика негізінде аймақтық қосымша білім беруді гумандандыруға қатысудың қажетті шарты ретінде мәдениеттанушылық біліктілікті жетілдіру бойынша өзіндік жұмыстың негізгі бағыттары мен міндеттерін анықтау ұсынылды.

Стартап-презентация барысында тренингке қатысушылар тәуелсіз Қазақстанның табыстары мен оның Көшбасшысы – Н.Ә. Назарбаевтың тарихи рөлін көпшілікке насихаттауға бағытталған Елбасы Кітапханасының тәжірибесі, ғылыми-білім беру жобалары, музейлік-педагогикалық қызметінің түрлерімен таныстырылды. 


ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ЖАПОНИЯ САРАПШЫЛАРЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА БАС ҚОСТЫ

 

24 тамыз күні Елбасы кітапханасының Музейінде Қазақстан мен Жапония өкілдерінің әлеуметтік-экономикалық және саяси ықпалдастық мәселелері жөніндегі сарапшылық кездесуі өтті. Кездесу Қазақстан мен Жапония арасындағы екіжақты ынтымақтастық бағдарламасының аясында жүргізілді. Аталмыш бағдарлама 2016 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Жапонияға ресми сапары нәтижесінде құрылған.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов кездесу барысында тарих ерекшеліктері, Қазақстанның мемлекеттік дамуы, орналасқан жерінің артықшылықтары іспетті көптеген сауалдардың талқыланғанын атап өтті.

– Осыдан бес жыл бұрын Жапония тарапынан біздің елге деген қызығушылық болмаушы еді. Біз Алматыдан Қытайдағы Ляньюньган кемежайына, Ляньюньганнан Осака кемежайына дейінгі бір күндік жол арқылы Жапониямен байланыстырылып отырмыз. Бүгінде елдеріміздің арасында экономикалық және технологиялық серіктестікті дамытудың мүмкіндіктері зор. Сол себепті Жапония инвесторларының Қазақстанға қызығушылықтары артуда. Жапондықтар Ресей мен Қытаймен жете таныс болғанымен, қос елдің арасында орналасқан ірі мемлекет жайында көп нәрсе біле бермейді. Оларды біздің қайда бағыт алғанымыз, өз артықшылықтарымызды қалай пайдаланатынымыз, қандай экономикалық, саяси реформаларды жүргізетініміз қызықтырады. Бұл сауалдар екіжақты қарым-қатынасты дамытуға мүдделі кез келген инвесторды мазалайды. Жапондық әріптестерімізді Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көптеген бастамалары таң қалдырды. Мысалға, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен-ақ өз шекарасын бекітіп, көршілерімен келісімге қол қойды. Мұның арқасында көптеген қиын мәселелердің алды алынды. Еліміздің ядролық қарудан бас тартуы бізді ядролық жарылыстардың зардабын әбден шеккен Жапониямен байланыстырады. Жапондықтар жеріміздегі көп ұлттық және көп дінді қоғамның келісімде өмір сүріп жатқанына таңырқайды, - деді Тимур Төлегенұлы. Оның сөзінше, ағылшын тілі халықаралық бизнес пен байланыстың тілі болғандықтан, жапон елінің азаматтары Қазақстанның ағылшынша еркін сөйлейтін буынды 25 жыл ішінде тәрбиелеп шыққаны да, «Болашақ»  бағдарламасымен 70% жастардың ағылшын тілді мемлекеттерде білім алатыны да қатты қызығыпты. 

Елбасы кітапханасының Музейіне келген жапон қонақтары оның қорындағы тың жәдігерлермен танысты. Профессор Катсумата Мидионың сөзінше, делегация мүшелерінің көбісі Қазақстанға алғаш келген екен.– Қазақстан қарапайым мемлекет емес, оны батыстың саяси экономикасы мен саясаттануы арқылы талдауға болмайды. Мұны жапондық әріптестеріміз кездесу нәтижесінде түсініп, халықаралық қатынастар жүйесіндегі Қазақстан беделі мен рөлінің арту себептері Елбасының саяси көшбасшылығы мен болашаққа сеніммен қарайтын халыққа байланысты екенін ұғынды, - деді саяси ғылымдардың кандидаты Тимур Төлегенұлы.

– Қазақстан жайлы біраз дүние оқып, бұл мемлекетті көшпенділердің жері ретінде елестететінмін. Алайда көргенім күткенімнен өзгеше болып шықты. Көз алдымызда заманауи үлгіде дамыған елдің тарихы ашылды. Қазақстанның жастары мақсатқа талпынған, білімді, рухы мықты азаматтар екеніне сүйсініп отырмыз. Музей бойынша жүргізілген қызықты әрі танымдық экскурсия үшін зор алғысымызды білдіреміз, - деді профессор.

 


«Баланы мектепке дайындаймыз» акциясы Елбасы кітапханасында

 

Бүгін «Баланы мектепке дайындаймыз» атты жыл сайынғы республикалық акция аясында Елбасы кітапханасы Музейінің ғимаратында «Нұр Отан» партиясы астаналық «Бірлік» филиалының бастауыш партия ұйымдарының ортақ күш-жігерімен іс-шара өткізілді. Акция «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Оның мақсаты – көпбалалы және материалдық жағдайы төмен отбасыларынан шыққан балаларға жаңа оқу жылына даярлануға қолдау көрсету.

Осы акцияға «Нұр Отан» партиясының астаналық «Бірлік» филиалы жанындағы бастауыш партия ұйымдары жыл сайын белсенді қатысып келеді. 2015 жылы акция аясында 70 отбасынан шыққан 99 балаға, ал 2016 жылы 193 отбасынан шыққан 272 балаға көмек көрсетілді.

Іс-шараға 10 қалалақ бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты: «Тұңғыш», «Шаңырақ», «АСУ», «Энергетика», «Мәдениет», «Азаматтық қоғам», «Білім» және т.б.

«Тұңғыш» БПҰ төрағасы, Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов өзінің құттықтау сөзінде, іс-шараның тарихи ғимарат Елбасының Астанадағы алғашқы резиденциясында өтіп жатқанын атап өтті.

Өз сөзінде Әмірхан Мұратпекұлы, Қазақстанда талантты және дарынды балалар үшін барлық жағдай мен мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті: «Болашақ» бағдарламасы әлемнің жетекші университеттерінде жоғары білім алуға мүмкіндік береді. Мұндай бағдарлама дүниежүзінің бірде-бір елінде кездеспейді. Бәрі де балалардың оқуға және білім алуға деген ықыласына байланысты».«Тұңғыш» бастауыш партия ұйымының 100-ден астам мүшесі бар. Күні кеше ғана біз партияның жаңа мүшелерін қабылдадық. Мемлекеттік мереке Конституция күні және бірінші сынып оқушылары үшін маңызды 1 қыркүйек күні қарсаңында сіздерді көруге қуаныштымыз.

«Нұр Отан» партиясының астаналық «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғысхан Қожахметов белсенді қатысқаны үшін Елбасы кітапханасы қызметкерлеріне алғысын білдірді. Сонымен қатар, Әосы акцияға қатысып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созған барлық партия мүшелеріне алғысымды білдіремін» – деп атап өтті.

«Баланы мектепке дайындаймыз» акциясы аясында Елбасы кітапханасының қызметкерлері материалдық жағдайы төмен зейнеткер Рыскүл Өтегеноваға мектеп жасындағы үш немересін күтуге жәрдемдесуде.

Рыскүл Құрманбекқызы көрсеткен ілтипаты мен материалдық көмегі үшін Елбасы кітапханасы қызметкерлеріне алғысын білдірді: «Балаларды жалғыз өзім тәрбиелеп отырмын. Олардың ата-анасы жоқ. 3 жыл қатарынан бізге мықты қолдау көрсетіліп келеді. Сіздердің қызметкерлеріңіз әрдайым хабарласып жағдайымызды сұрайды, қажет кезде көмек көрсетіп тұрады. Шын жүректен алғысымды білдіремін».

 

«ЭКСПО-2017» қонақтары Елбасы кітапханасының Музейінде

Елбасы кітапханасының Музейі «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне Қазақстанның әр өңірлерінен, алыс және таяу шетелдерден келген қонақтарды белсенді түрде қарсы алуда. Келушілердің саны күн сайын артып келеді.

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Астанадағы алғашқы резиденциясында (Елбасы кітапханасы Музейінің ғимараты) Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарының қонақтары тәуелсіз Қазақстанның тарихымен танысты.

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы Выдриха ауылының орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ирина Циглер, Астанадағы сапарынан алған әсерлерімен бөлісті: «Біз кеше «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашаладық. Қазақстандық павильон айрықша әсер қалдырды: өзгеше, әсерлі, әдемі. Біздің балаларға өте ұнады. Көрме тамаша ұйымдастырылған. Әрқашан көмек көрсетуге дайын жас еріктілер бар. Әрине, бір тәулік ішінде бүкіл көрмені көріп шығу мүмкін емес».

Елбасы кітапханасы Музейінің қызметкерлеріне жеке алғыс айтылды: «Бұл менің Музейге екінші келуім. Музейде бәрі өте қызықты. Балалар үшін Мемлекет басшысының өскен және оқыған ортасы, жұмыс істеген орны ерекше қызығушылықты тудырады. Маған Президенттің балалық шағындағы, оның отбасымен бірге түскен фотосуреттері ұнады. Экспозициялар жаңартылып тұрады, келушілер әрдайым жаңа фотосуреттер мен құжаттарды көре алады».

 

Атырау облысының 10 сынып оқушысы Әйгерім Мадьярова Президенттің өмірі мен қызметі туралы бірқатар жаңа ақпараттармен танысқанын атап өтті: «Кітапхана қызметкерлеріне қызықты әрі танымды экскурсиялар үшін алғысымды білдіремін».

Семей қаласының тұрғыны Гүлжанат Толысбаева отбасымен бірге Астана мен халықаралық көрмені көру үшін аранайы келіп отыр.

Оған айрықша әсер қалдырған Музейдегі музыкалық аспаптар көрмесі: «Тамаша! Біздің шеберлердің дарындылығы таңқалдырады. Әрбір домбыра немесе қобыз пішіні немесе материалы бойынша қайталанбайды. Сонымен қатар, барлық жерде мазмұнды түйіндемелер, этикетаж, фотожиектемелер, инсталляциялар мен сенсорлық киоскілер – бәрі түсінікті және қолжетімді».

Елбасы кітапханасының Музейін тамашалау ұмытылмас әсер қалдырды: «Бұл менің алғаш рет келуім. Мемлекет басшысының бұрынғы жұмыс кабинетін көру, ел үшін маңызды шешімдер қабылданған алғашқы резиденцияда болу мен үшін есте қаларлық сәт болды».

 


 


«Астана – тәуелсіз Қазақстанның нышаны» көшпелі дәрісі

2017 жылы 5 шілдеде ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлеріне «Астана – тәуелсіз Қазақстанның нышаны» тақырыбында көшпелі дәріс өткізілді.

Астана – Еуразияның інжу-маржаны. Елде де, әлемде де Астана қаласы Нұрсұлтан Назарбаев есімімен және жаңа Қазақстанмен сабақтаса ойға оралады. Бүгінде елорда Президентіміздің мемлекет дамуының қазақстандық үлгісін жасаудағы бастамаларының табысты жүзеге асырылуының нышаны, сонымен қатар республиканың саяси, тарихи-мәдени, ғылыми-ағарту және іскерлік орталығы ретінде белгілі болды.

Қазақстан астанасы табысты қала, сонымен қатар әлемдегі ауқымды жобалардың бірі бола тұрып еліміздің орасан зор әлеуетін көрсетеді.

Дәріскер, Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің басшысы Мусина Н.Қ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы
Н.Ә. Назарбаевтың Астананы құрудағы рөлін ашып көрсете отырып, еліміздің бас қаласының қалыптасуының негізгі кезеңдері, сәулет ғимараттарының тарихы, елорда құрылғаннан бері түрлі уақытта өтіп жатқан маңызды саяси және мәдени оқиғалар туралы әңгімелеп берді.

Дәріс барысында Кітапхана қорынан экспонаттар, фото- және киноқұжаттар көрсетілді.

 
 

БАҚЫТҚА ТОЛЫ БАЛАЛАР МЕРЕКЕСІ: «ЖҰЛДЫЗДЫ ҚАЛА – АСТАНА»
 

Елордамыздың кішкентай тұрғындары бас қаланың туған күніне өздерінің тартуларын жасады. Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы балалар үшін «Жұлдызды қала – Астана» мерекесін ұйымдастырды. Жыл сайынғы игі дәстүрге айналған іс-шара Астана күніне арналған мерекелік онкүндік және «Бала және мәдениет» жобасының аясында өткізілді.

Өнерлі өрендерді тоғыстырған мейрам – елордамыздағы мектепке дейінгі ұйымдарымен арадағы жемісті әріптестіктің нәтижесі. Биылғы жылы оған № 38 «Шаттық» балабақшасының ұжымы белсенді түрде атсалысты. Балалар мерекесіне  Астана қаласы Білім беру басқармасының әдіскерлері, мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары, тәрбиеленушілер мен олардың ата-аналары қатысты.

– 1 шілде күні Елбасы кітапханасында Астана күніне арналған онкүндік басталды. Білім беру бағдарламасының аясында  10 жылдан бері Астана қаласы Білім басқармасымен бірге балаларға арналған мерекені ұйымдастырамыз. Бүгінгі іс-шараның орны ерек. Алғаш рет мейрам бірегей сәулеттік нысанда – Назарбаев орталығының ғимаратында өтті. Елбасы кітапханасы ағартушылық қызмет аясында елордамыздың білім беру мекемесін байланыс көпірін орнатып, бірлескен жұмыстарды оң жолға қойды. Мемлекет басшысы «болашақ – жастардың қолында» екендігіне баса назар аударады. Өскелең ұрпақтың бойына туған жерге деген сүйіспеншілікті дарытуымыз қажет, - деп атап өтті Елбасы кітапханасы директорының орынбасарыБотагөз Қайыпова.

Жылулық пен достықтың ғажайып әлемі, ерекше мерекелік көңіл-күй балалардың бойында қаладағы тарихи оқиғаларға ортақтық сезімін тудырып, өз қаласы мен еліне деген сүйіспеншілік пен мақтанышын қалыптастырады. Бақытқа толы мерекеде бүлдіршіндер өздерінің өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. Олар биден шашу шашып, еңселі елордаға өзінің ақжолтай тілектерін жолдады.

– Бүгінгі биім мен әнімді Астанаға арнаймын. Туған қаламды жақсы көремін. Келешекте өскен кезде суретші боламын. Бәйтерек, Пирамида секілді әдемі және биік ғимараттарды қағазға саламын,   - деп өзінің кіршіксіз арманымен 6 жастағы жас өнерпаз Ақмаржан Алтынбекова.

– Отбасында 4 баламыз. Бәріміз де өнерліміз. Мен 3 жасымнан ән айтамын. Олардың көбі Астанаға арналады. Бүгін оның біреуін орындадым. Біздің қаламыздың табиғаты таза, аспаны әрдайым ашық, әрдайым күннің нұрын сезінеміз, - деп өзінің ойымен 6 жастағы Толғанай Есілбай бөлісті.

– Мен туған қаламды мақтан тұтамын. Ата-анаммен бірге қалада серуендеуді ұнатамын. Астананы туған күнімен құттықтаймын. Қаламыз көркейіп, бізге қуаныш сыйласын. Бүгін достарыммен бірге ЭКСПО-ға арналған биді орындадық. Ерекше шаттандық, - дейді 5 жастағы Қажымұқан Әбдікәрім.

Мерекелік бағдарламада көпшілікті бей-жай қалдырмады. Бүлдіршіндер әдеби-музыкалық композициялардан, театр миниатюраларынан, би-хореографиялық қойылымдардан құр алақан еместігін паш етті. Балалар республикамыздың елордасы – Астанаға тарту еткен жарқын әрі есте қаларлық мереке қуанышқа, балалардың шат күлкісі мен сыңғырлаған дауыстарына толы болды.

Барлық кішкентай өнерпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар тарту етіледі.


Елбасы кітапханасында «Астана – Қазақстанның стратегиялық бағыты» дөңгелек үстелі өтті

 

Бүгін Елбасы Кітапханасының Музейінде елорданың туған күніне арналған мерекелік онкүндік аясында «Астана – Қазақстанның стратегиялық бағыты» дөңгелек үстелі өтті.

Оның басты мақсаты – Астананың қалыптасуының саяси, әлеуметтік-экономикалық аспектілерін, қаланың халықаралық аренадағы жетістіктерін, оның дамуындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ерекше рөлі мен бастамаларын талқылау және саралау.

Келелі жиынға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары,
Астана қаласы ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері, ғалымдар, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты.

Жиынды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов ашты. Оның айтуынша, дөңгелек үстелге қатысушылар 1998 жылы жапон сәулетшісі Кисё Курокава Н.Ә. Назарбаевқа Астана қаласын дамыту жоспарының эскиз-жобасын таныстырған залда тоғысты. Тарихи залда қала құрылысының бас жоспары қабылданды. Бүгінде «Астана – Қазақстан тәуелсіздігі мен бірлігінің нышаны» тақырыптық экспозициясы уақыттың куәгеріне айналып отыр.

«Бүгінгі таңда астананы көшіру бастамасы Қазақстан мен Мемлекет басшысының сәтті жобасының бірі екендігі ақиқат. Ел басшыларының бастамасымен қолға алынған астананы көшіру идеясы саяси күш-жігерді талап етеді. Себебі мұндай маңызды шешімдердің өзектілігі уақыт өте келе расталады. Қазіргі уақытта біздің елордамыз бірегей қазақстандық бренд болып табылады. Астана мен Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімі егіз ұғымға айналған. Дәл осы жерде Н.Ә. Назарбаевтың қажымас қайраты, батылдығы мен көрегендігі байқалады», - деп атап өтті Әмірхан Рахымжанов. 

«Мәдениет арқылы әлем» халықаралық қауымдастығының президенті, композитор, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлдығының лауреаты, Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Төлеген Мұхамеджанов өткен күндерді ой елегінен өткізді: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Парижге жолым түсіп, Лувр мұражайын араладым. Сол кезде біздің де балалар оны көрсе, әлемге деген көзқарасы қалай өзгерер еді деген ойға келдім. Бірнеше жылдан соң, сулы-жасыл желек жолыда алғаш рет серуендеп, өзімізде де Лувр бар екенін түсіндім. Бүгінде балаларымызды тәрбиелейтін орындар қаламызда көп. Бізге қарағанда жастар жақсырақ болатыны даусыз. Себебі олар бұл сұлулық пен әлемді түбегейлі басқа көзқараспен қабылдайды».

 Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдарының кандидаты Сапар Ахметов өз сөзінде астананың көшірілуі қаланың экономикалық дамуына қуатты күш болғандығын атап өтті.

Еуразиялық құрлықтың ортасында орналасуы Астананы ыңғайлы көліктік, коммуникациялық және логистикалық орталыққа, Еуропа мен Азияның аралығындағы транзиттік көпірге айналдырады.

«SA Architects» сәулеттік фирмасының шығармашылық директоры, Қазақстан Республикасының құрметті сәулетшісі, профессор Василий Тоскин өзінің баяндамасында жоғары және орталық ұйымдарды Ақмола қаласына дислокациялау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру үшін құрылған Мемлекеттік комиссияның мақсат-міндеттеріне арнады. Аталған комиссияның құрамында ол 1995-2000 жж. жұмыс жасады. Комиссияның ұсынысы бойынша республиканың салық заңнамасына өзгертулер мен қаланың инфрақұрылымына жаңа инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретін Қазақстан Президентінің Жарлықтары қабылданды. Сондай-ақ, биліктің жоғарғы органдары жедел түрде жаңа қалаға көшірілді.

Астананың бас жоспарын жобалаудың ерекшеліктеріне Қазақстанның құрметті сәулетшісі, С. Сейфулллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті факультетінің профессоры Аманжол Шықанаев баса назар аударды.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ К.А. Ақышев атындағы археология ҒЗИ директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Марал Хабдулинаның баяндамасы Астананың ежелгі тарихына арналды. «Адамдардың бұл жерді тас ғасырынан бастап мекендегенін» археологиялық зерттеулер дәлелдеп отыр. «1997 жылдан бастап Астана және Ақмола облысы маңында археологиялық зерттеулерді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Есіл археологиялық экспедициясы жүргізіп келеді. Бозоқ қалашығы (VII-XVI ғғ.) басты зерттеу нысаны болып табылады. Сығанақ даңғылында Сығанақ ғибадатханасы қазып ашылды, Күйгенжар шатқалындағы қола және ерте темір дәуірінің обалары зерттелді» - деді Марал Хабдулина. Сәулетшілер архелогиялық зерттеулердің орындарын ескеріп, қала құрылысының басты бағыттарына енгізіп отырады: өткен уақыт (Бозоқ), қазіргі уақыт (Ақ-Орда мен орталық алаң), болашақ (университет қалашығы).

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің қазақстандық орталығы» ғылым бойынша атқарушы директоры Азамат Нұрсейітов: «2015 жылы Астана республикалық бюджеттің донорына айналып, қазына 900 млрд теңге аударды. Меніңше, шаһар дамыған сайын көрсеткіш еселене түседі. Сәйкесінші ІЖӨ бас қаланың үлесі 10% құрайды. Астана халықаралық деңгейдегі қалаға айналып, ЭКСПО-2017 аясында туристердің назарын аударып отыр. Астана үшін тартымды салалар жайлы сөз қозғасақ, бірінші кезекте шағын және орта кәсіпкерлік дер едім. Оның ішінде қызмет көрсету, өнеркәсіп, логистика. Себебі Астана арқылы батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын көлік дәліздері өтеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында да Астананы облыс орталықтарымен байланыстыру көзделіп отыр. Бүгінде бұл жұмыс қолға алынған».

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов өз сөзінде елорда әлемге  заманауи, өзінің күшіне сенімді Қазақстанның  әлеуетін паш ететін ерекше атап өтті. Астананың қалыптасуында Елбасының еңбегі ерен.

Елорда құрылысының жасампаз және болашаққа бет алған  тұжырымына Елбасы кітапханасы директорларының орынбасарлары, тарих ғылымдарының кандидаттары Ботагөз Қайыпова және Күлайша Ақтаева тоқталды.

Дөңгелек үстел барысында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының төрағасы Сансызбай Есілов де өзінің естеліктерімен бөлісті.

Талқылау барысында дөңгелек үстел қатысушылары «Астана біз үшін – бірігудің, тұтастықтың, халқымыздың өз күшіне, ерекше мүмкіндіктеріне деген сенімінің нышаны» деген ортақ пікірге келді. Біздің мемлекетімізде, экономика мен қоғамда тәуелсіздік жылдары болған түбегейлі өзгерістер елордамызда көрініс тапқан. 

 


Дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған «Мейірім қуаты» шығармашылық мерекесі

 

2017 жылдың 23 маусымында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының Музейінде дамуында ерекшеліктері бар балалар үшін жыл сайынғы «Өнердің ғажайып әлемі» арт-терапиялық сессиясы аясында «Мейірім қуаты» шығармашылық мерекесі ұйымдастырылды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы, «Астана қ. Мүгедек балалар қоғамы» ҚБ, «Мое возрождение» психологиялық орталығы «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына орай ұйымдастырды.

Елбасының кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова мерекені ашқан алғы сөзінде аталған жобаның он жыл бойы жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті: «Дәстүрлі арт-терапиялық жоба біздің серіктестеріміз – Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы, «Балам-ай» мүгедек балаларды дамыту орталығы және осы жылдан бастап «Мое возрождение» психологиялық орталығымен бірлесе жүзеге асырылды. Бүгін елордамызда өтіп жатқан «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында дамуында ерекшеліктері бар балалар үшін «Мейірім қуаты» мерекесін ұйымдастырып отырмыз. Бізге келген қонақтардың басым көпшілігі – үйде тәрбиеленетін балалар. Сондықтан да бұл жобаның жұмысы балаларға өздерін қазақстандық қоғамның бір бөлшегі екендігін сезіндіру және «Астана ЭКСПО-2017» көрмесін насихаттау секілді маңызды іске өз үлесін қоса алатындығын жеткізуді көздейді. Өкінішке орай, бұл балақайлар өздерінің қатарластары сынды асыр салып ойнай алмайды, олардың әрқайсысы өмірдің белгілі бір сәттерінен шектелген. Біздің міндетіміз – балалар өздерін қоғамның толық мүшесі ретінде сезіне алатын орта қалыптастыру болып табылды».

Ерекше балалармен жұмыс жүргізу – Елбасы Кітапханасы қызметінің маңызды бағыты екенін айта кету керек. Дамуында ерекшеліктері бар балалар әлеуметтік, физиологиялық және психологиялық тұрғыдан әлсіз. «Ерекше балаларды» бейнелеу өнеріне, белсенді көркем шығармашылығына, музей кеңістігінің ерекшеліктерін және арт-терапиялық жұмыс істеу тәсілдерін пайдалануға үйрету – тұйықталу мен шектелуді еңсеруге, өзін-өзі жоғары бағалауға және әлеуметтік бейімделуге жағдай жасайды.

Акцияға кәсіби педагогтар мен психологтар қатысты. Әлеуметтік педагогтар мен ата-аналар тобы құрметті қонақтар қатарынан әлдеқашан «ерекше балаларға» мерекелік көңіл күй сыйлайтын қайырымды дос-серіктес санатына өткен.

«Бүгін ерекше балақайлар үшін ерекше күн. Біз балаларға мереке сыйлай отырып, оларды «Астана ЭКСПО-2017» сияқты маңызды шараға қатыстырығымыз келеді. Оларды энергияның үш көзін бейнелейтін логотип жапырақшаларын алақандары және саусақтарымен бояту арқылы ЭКСПО-ның басты кейіпкерлерімен таныстырамыз. Біз бағдарламамызды балалардың әрқайсысы дарын иесі екенін сездіру және бәріміз бірге болсақ, көп нәрсеге қол жеткізетінімізді түсіндіру мақсатында ойластырдық», – деді «Мое возрождение» психологиялық орталығының директоры Альвина Юсупова.

Ұйымдастырушылардың көздеген мақсаттары – Елбасы Кітапханасы Музейі қабырғасындағы бірлескен емдік сессия мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту баламалы бағдарламарын енгізуге, арнайы қорғауға мұқтаж балалар жиі ұшырасатын жайттарға қоғам назарын аударып, өз тарапынан ықпал етуге қосқан үндеуі.

Іс-шара терапиялық және эстетикалық сипатта өтті. №1 Балалар музыка мектебінің шығармашылық ұжымы балаларға өздерінің ән-шашуларын тарту етті. Ғажайып құм шоуы қонақтарға ерекше қуаныш сыйлады. «Мен және менің тобым» психологиялық тренингінен кейін балалар шығармашылық шеберхананың топтық жұмысына қатысып, «ЭКСПО-2017» логотипінің жапырақшаларын бояды. Оларға күн, су және жерді бейнелейтін көрменің тұмарлары кейпіндегі аниматорлар көмектесті. Соңынан суреттердің тұсаукесері өтті. Мереке сабын көпіршіктерінің көңілді шоуымен аяқталды.

Бүгінгі мереке мен музейден естелік ретінде балаларға сыйлықтар және кітаптар тапсырылды.


Елбасы Кітапханасының Музейі ЭКСПО-2017 қонақтарын құшақ жая қарсы алуда

Маусым айында Кітапхана музейін «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандарылған көрмесіне Қазақстанның әр өңірлерінен, алыс және таяу шетелдерден келген қонақтар белсенді түрде аралауда. Елордамызға алғаш рет келіп отырған қонақтардың халықаралық көрмеден және Елбасының Астанадағы алғашқы резиденциясынан алған әсерлері керемет.

Шығыс Қазақстан облысындағы Серебрянск қаласының тарих пәні мұғалімі Марина Васильевна Супонева, өз әсерлерімен бөлісті: «Менің, Астана қаласына алғаш келуім. Өте әсем, таза, керемет қала. Ғаламторда, журнал беттерінде фотосуреттер өте көп, дегенмен қаланы өз көзіммен көру – ерекше құбылыс. Кеше балалар, ЭКСПО-да қуанышты көңіл-күйде болды. Менің ойымша, әрбір қазақстандық азамат көрмені тамашалап, бұл – Қазақстанның кезекті жеңісі екендігіне көз жеткізуі қажет. Кітапхана Музейіндегі экскурсия жүргізушілер өте сыпайы, әрі сауатты. Экскурсиялар өте қызықты, әрі танымды өтті. Өзім үшін көптеген жаңалықтар аштым деп айта аламын. Кітапхана музейінің қызметкерлеріне ерекше ықыластары үшін алғысымды білдіремін».

5 сынып оқушысы, Александра Белоусова да Астанада бірінші рет: «Музейде, Президенттің балалық шағы, мектепте оқыған жылдары жайлы экскурсия өте қызықты болды. Біз наградалар, қару-жарақтар, сыйлықтар коллекцияларымен таныстық».

Алыс шетелден келген қонақтардың таң қалысы отандастарымыздан кем емес. Алиса және Авнер Ерлик – Израильдік туристер. Алиса Ерлик –ағылшын тілінің оқытушысы. Авнер Ерлик – физика маманы, Израильдегі ең көне және ең танымал жоғары оқу орындарының бірі – Израиль технологиялық институтының профессоры. Біздің еліміз жайлы 2015 жылы Миланда өткен ЭКСПО көрмесінде қазақстандық павильондармен танысу арқылы біліпті. Олар Астанадағы ЭКСПО көрмесіне арнайы келіп отыр. Астанада оларға заманауи сәулет құрылыстары, кең көшелер, бір-біріне ұқсамайтын ғимараттар, әсіресе, біздің музей өте ұнапты. «Мен, Музейдің декораторларын танымаймын, дегенмен, олардың талғамдары өте тамаша екендігін айтқым келеді. Әрбір жәдігер, әрбір бұйым өзінің лайықты орнын тапқан. Біз Израильдік сыйлықтарды көргенде ерекше қуандық. Әсіресе, израиль мүсіншісі Ф. Майслердің жұмыстарының музейде орналасқаны қуаныш сыйлады. Бұл шебердің туындылары бүкіл әлемге танымал және тек мемлекетттің бірінші тұлғаларына ғана тарту етіледі. Мен, өз достарыма Қазақстанға, Астанаға және міндетті түрде сіздердің Музейлеріңізге барыңдар деп кеңес беремін», – деді Алиса Ерлик.


 

 


«Болашақ Қазақстанның энергиясы» балалар шығармашылығының көрмесі

 

2017 жылдың 8 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы музейінің ғимаратында «Болашақ Қазақстанның энергиясы» балалар шығармашылығы көрмесінің ашылуы өтті және Шеврон компаниясының қолдауымен Астана қ. ЮНЕСКО клубы – Балалар көркемсурет мектебі аталмыш тақырыпта ұйымдастырған Республикалық сайыстың жеңімпаздары марапатталды.

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуы қарсаңында ұйымдастырылған бұл сайыстың тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталатын көрменің тақырыбына тікелей байланысты. Сайыс балаларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетке тәрбиелеу және өскелең ұрпақтың арасында бейнелеу өнерін насихаттап, шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Кітапхана музейі бірінші қабатының фойесінде орналасқан көрмеде 12–16 жас аралығындағы Қазақстанның бірнеше өңірлерінің балаларға арналған көркемөнер мектептері оқушыларының ең үздік 100-ден астам жұмысы ұсынылды. Байқауға Қазақстанның 17 көркемөнер ұйымдарының шәкірттері мен Астана қ. балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. Сайысқа түскен барлық жұмыстар ҚР Суретшілер одағы, өнер қайраткерлері және ҚР еңбегі сіңген суретшілерден құралған кәсіби қазылар алқасымен бағаланды.

«Бүгінгі таңда ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу үшін Қазақстанның елордасына дүниежүзі жиналып отыр. Біздің көрменің тақырыбы «Болашақ Қазақстанның энергиясы» кездейсоқ таңдалған жоқ. Сіздердің туындыларыңыз бен шығармаларыңыз жаңа экологиялық тәрбие, жаңа қазақстандық патриотизмді бейнелейді», – деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов көрмені ашқан алғы сөзінде.

«Шеврон» компаниясының үкіметпен байланыс жөніндегі кеңесшісі Талғат Оңайбаев компанияның атынан барлық жеңімпаздарды құттықтады. «Қазақстандағы 20 жылдық қызметі барысында «Шеврон» компаниясы бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Экологиялық суреттер мен пленэрдің республикалық сайысы сол жобалардың бірі болып табылады. 15 жыл ішінде сайысқа 2 мыңға жуық оқушылар қатысты. Осы жылдар аралығында біздің компания бұл сайысқа қолдау көрсетіп келеді. Себебі оның мақсаттары мен ұстанымдарын компания толығымен қолдайды. Бұл дегеніміз – қоршаған ортаны аялау, шығармашылық қабілетті дамыту, жастарға экология туралы тәлім-тәрбие беру және өнер мен мәдениетті қолдау. Біздің компания жыл сайын сіздердің суреттеріңізбен безендірілген күнтізбелерді басып шығарады. Олар республикамен қатар әлем елдеріне таратылады. Біз әрқашанда «сіздердің шығармашылықтарыңыз» деген жоғары мақтауларды естиміз».

Астана қ. ЮНЕСКО клубы – Балалар көркемсурет мектебі қызметкерлерінің дайындаған танымдық және ойын-сауық бағдарламасының арқасында Астана қаласында болған төрт күн қас қағым сәтте өтіп кетті. Мектеп директоры Гүлзия Исенова бастапқыда 200 жұмыс ұсынылғанын атап өтті. Ең үздік 100 жұмыс таңдап алынды.

«Менің ойымша, балалардың жолы болып, ЭКСПО-ның қарсаңында елорданы көруге, танымал суретшілермен кездесуге, әртүрлі шеберлік сыныптарына қатысуға мүмкіндік алды», – деді Гүлзия Исенова.

12–14 жас аралығы бойынша Бас жүлдені Алина Утаева (Астана қ.), 15–16 жас аралығында Диана Өтетілеуова (Ақтөбе қ.) жеңіп алды. 

«Болашақ Қазақстанның энергиясы» шығармашылық сайысының жеңімпаздары үшін бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, керамика және мүсіндеу өнерлері бойынша шеберлік сыныптары өткізілді. Сонымен қатар, балалар үшін Астана қаласы бойынша және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде экскурсиялар жүргізілді. Арнайы Балаларды қорғау күніне Алматы қаласынан кәсіби кинологтар тобы келіп, музей ғимаратының алдындағы алаңда көрнекі бағдарламасын көрсетті. Балалар үшін кинология өнерімен танысу – Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған нағыз кәсіби мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижелерін өз көздерімен көріп, тамашалай алатын сирек әрі бағалы сәт екені даусыз.


 

 


2017 жылдың 2 маусымында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде «Астана жастары» КМК және «Хаттама мектебі» белсенді жастарының қатысуымен «Еріктілер күні» өтті. Іс-шара бағдарламасы мазмұнды әрі қызықты дәріс-сұхбаттан, экскурсия-тренинг пен квесттен тұрды. 

Еріктілер үшін  «Қазақстан жастары мықты және жауапты тұлғалардың Ұлтын қалыптастыру жолында» атты тақырыпта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдар докторы,  профессор Әмірхан Рахымжанов дәріс оқыды. Ол өз сөзінде  алдағы келе жатқан халықаралық EXPO-2017 көрмесінің маңыздылығына, еріктілер қозғалысының рөліне ерекше тоқталып, өзінің өмірлік тәжірибесімен ж»не көшбасшылық ұғымы жайлы пікірімен бөлісті:

Кез келген салада көшбасшы атануға болады. Әрдайым өзіңді дамытып, көп оқу қажет. Біз үшін Елбасымыз басты өнегелі тұлға. Президентіміз тынымсыз еңбектің, мықты күш-жігердің, білімге деген талпыныстың арқасында қарапайым жұмысшыдан Мемлекет басшысына дейінгі жолдан өтті.  Елбасының сарабдал саясаты арқасында еліміз қысқа уақыт ішінде үлкен жолды бағындырып, әлемде құрмет пен мәртебеге ие болды.  Сіздерге тәуелсіз Қазақстанның толайым табыстарын сақтау және оны көбейту қажет. Оған әрқайсыларыңыз өз үлестеріңізді қоса аласыздар.

Сонымен бірге Әмірхан Рахымжанов жастарға қажетті құзыреттер мен дағдыларды белгіледі:

– Бәсекеге қабілетті азаматтар – бәсекеге қабілетті мемлекет. Бүгінде шет тілдерін үйренудің маңыздылығы артты. Оның арқасында заманауи білім мен  технологияларды меңгеруге жол ашылады. Шет тілін әрбір адам үйрене алады. Мәселен, мен ағылшын және жапон тілдерін білемін. Тілді меңгеру үшін ерекше жағдайды күтудің қажеті жоқ, оған бүгіннен кірісіп, біртіндеп мақсатқа қол жеткізесіздер. Соынмен бірге кітап оқу  әрбір адамның пайдалы дағдысы мен әдетіне айналуы қажет. Олардың ішінде үздігін таңдай білу маңызды.     

Дәріс сырлы сұхбат түрінде өтті. Еріктілер асқан қызығушылық танытып, өздерінің сауалдарын жолдап, ақыл-кеңес сұрады.

«Волонтер EXPO: e-generation» ҚҚ төрағасы Валихан Бахретдинов Елбасы кітапханасына еріктілік қозғалысына қолдау үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, Елбасы кітапханасы мен Музей ғимаратында сақталған жәдігерлер еліміздің тарихын паш етеді. Дәл осы жерде Мемлекет басшысы еліміз үшін аса маңызды құжаттарға қол қойып, тағдырлы шешімдерді қабылдады.

ЭКСПО-2017 міндеттерінің бірі – шетелдік меймандарды еліміздің мәдениетімен және тарихымен таныстыру. ЭКСПО нысандары арасында Елбасы кітапханасы да бар. Еріктілер келушілерге көрнекі орындарды көрсетіп, олар жайлы әңгімелеу үшін Елбасы кітапханасы музейінің қызметкерлері іс-шараның екінші бөлімінде әртүрлі бағдарлар бойынша экскурсия өткізу бойынша тренинг ұйымдастырды.

«Еріктілер күнінің» шарықтау шегі – «Уақыт сермері» атты квесті болды. Квесттің мақсаты экспозициялық залдардағы жасырылған мемлекеттің егемендігін білдіретін кілт сөздерді тауып, әртүрлі ойжұмбақ тапсырмалардың шешімін табу болды.

Іс-шараның соңында қатысушыларға сертификаттар, «Көшпенділер» трилогиясы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы еріктілерінің формасы берілді.  


 

 


«Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!».

Елбасы кітапханасындағы тақырыптық қор көрмелерінің топтамасы

 

2017 жылдың 30 мамырында 17.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге арналған «Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!» тақырыптық қор көрмелері топтамасының ашылуы өтті.

Қор көрмелері «Музей жинақтары» музейтану бағдарламасының аясында ұйымдастырылған. Ұсынылған топтамалардың құндылығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың еліміздің заманауи мемлекеттілік тұжырымдамасын қалыптастырудағы әлемдік қауымдастықпен конструктивті ынтымақтастық құруының негізіндегі қызметінің нәтижесін көрсетеді.

«Музей жинақтары» музейтану бағдарламасы тақырыптық бағыттар, жинақтар бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорындағы бірегей экспонаттарды зерттеу және насихаттауды көздейді. Сондай-ақ, жеке жинақтар Кітапхана және Музей ғимараттарының экспозицияларында ұсынылған.

Бұл көрме топтамасының материалдары көпшілік назарына алғаш рет ұсынылып отыр. «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуы қарсаңында қандай жинақтарды ұсыну қажеттігін зерделеу барысында біз әлемдік тарихи-мәдени мұралар шеңберінде қазақ мәдениетінің тамаша үлгілерін көрсету идеясын басшылыққа алдық», – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рақымжанов көрмені ашқан алғы сөзінде.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева БАҚ өкілдері алдында сөйлеген сөзінде 2012 жылы Астананың «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу орны ретінде таңдалуы Қазақстанның халықаралық қауымдастыққа енуінің маңызды кезеңі болғанын атап өтті. «Тақырыптық қор көрмелері топтамасына «Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!» тақырыбын кездейсоқ беріп отырған жоқпыз. Біріншіден, ЭКСПО біздің халық шаруашылығы салаларына үлкен мүмкіндіктер береді. Екіншіден, біз көрмені тамашалауға келген қонақтар заманауи Астананы ғана емес, сонымен қатар Елбасы кітапханасының музей қорының жинақтары арқылы танылып отырған көпұлтты халқымыздың тамыры терең тарихы мен сан қырлы мәдениетін, сыртқы саясатымыздың көпвекторлы жетістіктерін көргенін қалаймыз.

Жер шарының түкпір-түкпірінен Қазақстанға алғаш рет келген қонақтар жинақталған және көрнекі түрде еліміздің мақтан тұтатын өзіндік мемлекеттік даму жолын қалыптастырған ел ретінде жүріп өткен белестерімізді айқындайтын оқиғаларға бай 25 жылдық шешіремізді көре алады. Бірінші қабатта қонақтар Ұлы Дала – тарихи және мәдени туындыларға арналған шағын, бірақ мазмұнды көрмені тамашалайды. Ұлы Дала – Ұлы Жібек жолы үшін транзиттік жол болумен қатар, бірегей көшпенділер өркениетін қалыптастырды.

Екінші қабатта мол күміс жинақтарының шағын бөлігі ғана ұсынылған. Көрмеде біздің дипломатиялық байланыстарымыздың тарихын көркемдік орындаудың жоғары дәрежесімен ерекшеленетін дипломатиялық сыйлықтар арқылы көруге болады.

Түрлі халықтар арасындағы рухани және материалдық мәдени байланыстар үшінші қабатта орналасқан музыкалық аспаптар көрмесінде өзінің логикалық жалғасын тапқан. Бұл көрмеге бейнелеу өнері жинақтарының картиналары да кездейсоқ қойылмаған, мұндағы әрбір туынды маңызды мәдени мазмұнға тұнып тұр.

Осылайша, біздің қор жинағымыз ауқымды және көп қырлы адамзат қоғамында қазақ мәдениеті мен дүниетанымының ерекшеліктерін көрсетуімен қызықты болып отыр».

Ауқымдық іс-шарада музей қонақтары үш қабатқа орналасқан қор көрмелерімен танысты:

«Ұлы дала жауһарлары» (1-қабат. Баспасөз залының холлы) көрмесінде сәндік-қолданбалы өнер мен қазақстандық шеберлердің көркем шығармашылығының үлгілері, сонымен қатар музей жинақтарының басқа да заттарынан айшықталған Ұлы дала көшпелілер өркениетінің рухани және эстетикалық мұрасы көрермен назарына ұсынылған. Атап айтқанда, көрме материалдары дәстүрлі мәдениетіміздің ажырамас бөлігі болып табылатын күмістен жасалған қазақтың зергерлік әшекейлері, тұрмыс заттары мен ат әбзелдері, теріден, киізден жасалған кәдесыйлық композициялармен таныстырады. Жәдігерлердің арасында бейнелеу өнерінің отандық шеберлері деп танылған көркем туындылар ерекше орынды алады.

ҚР Суретшілер одағының мүшесі, танымал қылқалам шебері Гүлмира Телғозиеваның жұмыстары келушілердің ерекше қызығушылығын туғызды. «Қаланың тумасы ретінде, мен үшін, ауқымды деңгейдегі бұл шараның маңызы өте зор. ЭКСПО бүкіл әлемге Астана тұрғындарының өз қаласына деген махаббаты мен жақсы ниетін танытады. Біздің қаланың ерекше энергетикасы суретшілерге, барлық шығармашыл жандарға қуат береді.

Қылқалам туындылары түйсіксіз болмай, керісінше, мәнді де мағыналы болуы үшін әрбір суретші өзін зияткерлік, шығармашылық және рухани тұрғыда жетілдіруі қажет. Міне, сол кезде ғана суретші әлемге тайсалмай паш ететін туындыларды дүниеге әкеледі».

Күміс өзінің әсемдігіне, «сиқырлы» қасиеттеріне және қолданысына байланысты көптеген халықтардың мәдениетінде ерекше орын алады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевқа әр жылдарда сыйға тартылған күмістен жасалған дипломатиялық сыйлықтар мазмұны жағынан алуан түрлі және де Қазақстан Республикасының көпвекторлы сыртқы саясатын бейнелейді. «Күмістің сұлу сыңғыры» (2-қабат) көрмесіне ұсынылатын күміс бұйымдар сол елге тән заттардың шығу тегін, әртүрлі техникада орындалуын, бұйымның пішінін көрсететін сәндеудің дәстүрлі тәсілдерін тереңірек түсінуге және зерделеуге мүмкіндік береді.

«Әлем халықтарының музыкалық аспаптары» (3-қабат) көрмесі алғаш рет қалың көпшілікке түрлі елдер мен дәуірдің музыкалық аспаптар топтамасын ұсынады. Музыкалық аспаптар мәдениет пен өркениет түрлерін тануға жол ашады. Атап айтқанда, қазақ халқының дәстүрлі музыкалық аспаптары – қобыз және домбыра қазақ халқының рухани мұрасының мәдени «байлығы» ретінде үлкен мән-мағынаға ие.

4-қабаттағы Күмбезді залда Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетінің басшылары мен мұрағаты, олимпиада жеңімпаздарының жеке қорларының негізінде ұйымдастырылып, қалың көпшілікке алғаш рет ұсынылған тәуелсіз Қазақстанның спорттық жетістіктерін көрсететін «Олимпиадалық қозғалыс» көрмесі жұмысын жалғастыруда.

Елбасы кітапханасының музейі елорда қонақтары мен тұрғындарына «ЭКСПО 2017» жылында өз қорларының байлығы мен бар мүмкіншілігін паш етіп отыр.

 

«Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!» қор көрмелерінің топтамасы

2017 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады.


2017 жылы сәуір айында Ғылыми қолданбалы-зерттеулер қызметінің қызметкерлері – басшысы Мусина Н.Қ., жетекші ғылыми қызметкері Омарова Л.Ә. Шымкент қаласына қызметтік ғылыми-іздестіру іссапарын жасады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы материалдарды жинақтау, тәжірибе алмасу және біліктілікті жетілдіру іссапардың негізгі мақсаты болды.

Мемлекет басшысы қызметтік өмірбаянының маңызды кезеңдері түрлі елдер мен республика аймақтарынан келген әртүрлі ұлт өкілдерін тоғыстырған қазақстан металлургиясының тұңғышы – Қарағанды металлургия комбинатымен тығыз байланысты. Болашақ металлургтар Украинада Днепродзержинск қаласындағы Днепровск металлургия зауыты жанындағы кәсіби-техникалық училищеде оқып, білім алды. Елбасының курстастары Сыпаев Тельман, Оразбаев Исмаил, Сапарбаев Ерментай, Мырзаметов Акбар, Қыстаубаев Марат, Әбдіраманов Аманәлі, Кәрімов Әсетолла сұхбат беру барысында мазмұнды естеліктерімен бөлісті. Мемлекет басшысының замандастары өздерінің жеке мұрағаттарынан Кітапхананың мұрағаттық қорына Днепродзержинск қаласында оқыған кезеңдері, Президент
Н.Ә. Назарбаевпен Шымкент, Қарағанды қалаларында өткізілген дәстүрлі кездесулері бейнеленген фотосуреттердің көшірмелерін табыс етті.

Н.Ә. Назарбаевтың курстастары бүгінгі уақытта да өмірде белсенді ұстанымда, жастарға үлгі-өнеге болып жүр. Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен бірлесіп Елбасы замандастарымен «дөңгелек үстел» түрінде «Өнегелі өмір, өшпес мұра» атты іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді. Кездесуге қатысушылар Елбасы туралы естеліктерімен бөлісті, қазіргі қазақстандық қоғамның құндылықтары туралы пікір алмасып, Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылады,

Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Отырар» ғылыми әмбебап кітапханасы, А.С. Пушкин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының жұмыстарымен танысу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметіне қатысты БАҚ материалдары іріктеліп алынды.

Іс-шараларды ұйымдастыруға серіктестеріміз – Аренова Г.С. басқаратын Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ынтымақты ұжымы қолдау көрсетті.


 

 


«ДӘУІР ТОҒЫСЫНДА» ҚОР КӨРМЕЛЕР ЦИКЛІ АШЫЛДЫ

2017 жылдың 24 сәуірінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Дәуір тоғысында» қор көрмелер циклі ашылды. Көрме циклі Қазақстан Республикасындағы президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы тарихын мәтіндік материалдар, фотосуреттер, кітаптар және жәдігерлер арқылы кеңінен көрсетуді мақсат тұтады.

Биыл Қазақстандағы президенттік институттың қалыптасқанына 27 жыл.  Әрине, осы жылдар аралығында ол саяси жүйеміздің ажырамас бөлігіне әрі қоғамды жаңғыртудың қозғаушы күшіне айналып, өзінің өміршеңдігі мен тұрақтылығын дәлелдеді.

– Британ сәулетшісі Норман Фостердің жобасымен тұрғызылған, Елбасының батыл идеяларының нышанына айналған рухани ордада президенттік институтқа арналған қор көрмелері циклінің тұсауы кесілмек. Көрме бірнеше бөлімнен құрылған. Бірінші бөлім сыйға берілген кітаптар топтамасын қамтыса, екінші бөлім президенттік институттың өрістеу кезеңдерін бейнелейтін құжаттық және фото хроникаға арналған. Сонымен қатар екінші қабатта көпшілік назарына Кітапхана музейі қорынан кілемдер мен гобелендердің көрмесі де ұсынылған. Олар ресми сапарлар мен кездесулер кезінде Мемлекет басшысына сыйланған кілем тоқу өнерінің үздік үлгілері болып саналады, - деді көрменің ашылу салтанатында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева.

Көрмеге ұсынылған кілемдер мен гобелен бұйымдар Елбасы Н. Ә. Назарбаевқа мемлекет және үкімет басшыларынан, елшілерден, шетелдік делегациялар мен Қазақстан тұрғындарынан сыйға тартылған. Тарихи жәдігерлер арқылы ҚР дипломатиялық қарым-қатынастарының кеңістігі және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің басқаруындағы еліміздің жоғары беделі байқалады.

«Ел ішінен азамат шығып, елдің жүгін көтеріп, ең қиын кезде мемлекетіміздің, халқымыздың тізгінін ұстаған, соған жүрегі дуалаған, батыр адам, біздің ақылманымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Екі мыңжылдықтың, екі ғасырдың тоғысында Қазақстан өзінің таңдауының алдында тұрды. Тәуелсіздікті алған кезде қазақ халқының саны 39 пайыз ғана еді.  Сонда біздің тәуелсіздігімізді Қазақстанды мекендеген өзге ұлт өкілдері қолдады. Басқа мемлекеттердің тарихында мұндай болған емес. Береке, ынтымақ пен бірліктің арқасында мемлекет орнады», - деп атап өтті көрменің ашылуы барысында Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Көрменің 24 сәуір күні ашылуы кездейсоқ емес. Дәл осы күні, 1990 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Республика Президентінің лауазымы бекітілді және Жоғарғы Кеңестің шешімімен Н. Ә. Назарбаев ҚазКСР-нің Президенті болып сайланды.

Үлкен дағдарысқа ұшыраған кеңестік-партиялық жүйеге жаңа, белсенді әрі саяси тұрғыдан алғанда заманауи мемлекеттік құрылымды талап етті. Бұл – президенттік институт болды. Оның қалыптасуын біз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеяларымен және атқарған істерімен байланыстырамыз.

Бүгінде Қазақстан әлемдік қауымдастыққа қарқынды аяқ басып, бүкіл әлемге танылды. Еліміздің ішкі тұрақтылығы мен экономикалық дамуы мықты сыртқы саяси беделге ие болды. Алайда осы күнге жету үшін талай күрделі де тар жолдан өтуге тура келді. «Ғасырлар тоғысында» көрмесінің материалдары еліміз үшін елеулі оқиғаларды тағы бір саралап, Қазақстан Республикасының заманауи келбетін қалыптастырған өткен жылдардың түбегейлі өзгерісін тереңнен бағалауға мүмкіндік береді.


Қазақстан және Корея: мәдениетаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

2017 жылы 30 наурызда «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары  Күләйша Ақтаеваның Корея Республикасы Ұлттық Музейінің бастамасымен Корея Республикасының Ұлттық Музейі Азия  өнері Департаментінің жетекшісі Чой Сонджу мырзамен кездесуі өтті.

Бұл кездесуге 2015 жылы Сеулдегі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі қорынан   Қазақ хандығы құрылуының  550 жылдығына арнап ұйымдастырылған «Қазақстанның мәдениеті – Ұлы Дала тарихы» көрмесі де себеп болды. Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық бойынша IX Форумы мен сауда-туристтік Роуд-шоуының аясында өткен бұл іс-шара ЭКСПО-2017 көрмесі дайындығының қарсаңында еліміздің мәдени туризмінің әлеуетін көрсетті.

Келіссөз барысында екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуының, Корея Республикасы Ұлттық Музейінде көрме жобаларының ұйымдастырылуы талқыланды.

Қонақтар Музейдің экспозициялық залдарымен танысқаннан кейін Қазақстанның қазіргі дамуына оң баға беріп, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тарихи рөлін ерекше атап өтті.

Жүздесу соңында қонақтар ұйымдастырылған кездесуге және жүргізілген жоғары сапалы экскурсия үшін алғыстарын білдірді.

 


Әлемдік Олимпиадалық қозғалыстың лидерлері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында

Еліміздің Ұлттық Олимпиадалық комитетінің 25 жылдығына орай салтанатты рәсімге қатысу үшін Астана қаласына Әлемдік Олимпиадалық қозғалыстың лидерлері және Ресей, Швейцария, Венгрия, Латвия, Грузия, Германия, Иран, Уругвай, Ауғанстан тәрізді 15 Ұлттық Олимпиадалық комитеттердің президенттері мен өкілдері келді.

Жоғары мәртебелі қонақтар үлкен қызығушылық танытып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейіне ат басын бұрды. Мұнда ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің 25 жылдығына орай ашылған экспозиция орналасқан. «Олимпиадалық қозғалыс» көрмесі спортты дамыту мен салауатты өмір салтын қолдаудағы мемлекеттік саясаттың серпінді нәтижелерін көрсетеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жинағында Н. Ә. Назарбаевқа әлемдік және ұлттық олимпиадалық қозғалысты дамытуға сіңірген үлесін тану үшін берілген марапттар топтамасы бар екені баршаға мәлім.

Құрметті қонақтар қатарында халықаралық спорт федерациясының президенттері – Хулио Сезар Маглионе (Халықаралық жүзу федерациясы, FINA), Клаус Шорман (Заманауи бессайыс халықаралық кеңесі, UIPM), Тамаш Аян (Ауыр атлетика халықаралық федерациясы, IWF), әлемдік спорт жұлдыздары, қазақстандық чемпиондары мен және Олимпиада ойындарының жүлдегерлері.

Өкілдік делегацияны ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің вице-президенті Андрей Крюков бастап келді.


 

 


2017 жылы 28 ақпанда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың замандасы, Алматы облысы Үшқоңыр ауылының тұрғыны Баубекова Әлфия Бағабиқызы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейіне келіп сұхбат берді. Әлфия Бағабиқызы Елбасы Н. Назарбаевтың жастық шағы, оқушылық кезеңі туралы естеліктерімен бөлісті, Кітапхана музейі экспозицияларымен танысты. Нұрсұлтан Әбішұлының Шамалған ауылындағы  Д. Фурманов атындағы мектепте оқып жүрген кезінде үздік оқушы ретінде пионер қатарына алғашқылардың бірі болып қабылдануы, Н.Ә. Назарбаевтың «Жас натуралистер» ұйымының мүшесі болып, 1956 жылы Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің медалін алуы (Москва қ.), Үшқоңыр баурайында өткен балалық дәурені жайлы әңгімеледі. Әлфия Бағабиқызы Н.Ә. Назарбаевтың анасы Әлжан апа Назарбаева ақжарқын, ісмер, өнерпаз адам, ал әкесі Әбіш ата Назарбаевтың еңбекқор, байсалды адам болғандығын ерекше сағынышпен еске алды. Ол кісінің айтуынша соғыс жылдарында Шамалған ауылына саяси-қуғын сүргін көрген көптеген ұлттардың өкілдері келіп тоғысады. Ата қонысынан еріксіз ажыраған кавказдық біраз ұлыстың өкілдері осы ауылға тұрақтайды. Туған жерлерінен еріксіз департацияланған басқа ұлт өкілдеріне Шамалған тұрғындары, оның ішінде Н. Назарбаевтар отбасы, өз ата-анасы пана болып, қамқорлық көрсетеді. Оларға Әбіш ата Назарбаевтар, Шамалған ауылының азаматтары бірлесіп үй салып береді. Әлфия апайдың бұл сөздеріне балкар ұлтының өкілі Шарафутдин Муллаевтың «Қайырымдылық ұмытылмайды»  деп аталған хаты айғақ болады. Социалистік Еңбек Ері, Кабардин-Балкар Республикасының азаматы Шарафутдин Муллаев Елбасына жазған хатында былай дейді: «Сол жылдардағы балкар халқының басына түскен тауқыметті ешқандай халыққа тілемеймін. Менің халқыма соғыс жылдарында саяси-қуғын сүргінге ұшырап, бір күнде Қазақстанға жер аударыла көшуіне тура келді. Көптеген жерлестерім, қариялар жолда, олардан да көбі қоныстанған жерлерінің ауа-райы жақпай қайтыс болды.

Бірнеше отбасылармен бірге менің отбасым да Шамалған ауылына табан тіреді. Осы ауыл тұрғындарының бізге жасаған қайырымдылығы мен адамгершілігін ешқашанда ұмытпаймыз. Егер де Әбіш Назарбаев секілді жандар болмаған жағдайда біздің көбіміздің аштықтан ажал құшуымыз мүмкін еді. Шамалғанда тұрған 13 жыл бойы Әбіш Назарбаев колхозда бригадир, ферма меңгерушісі болды. Бізге өзінің жақынындай қарап, қолынан келген барлық көмегін көрсетті. Ол кісі қабілетті  адам еді, аз ғана уақыттың ішінде балкар тілін үйреніп алды. Әбіш ағаның қарамағында жұмыс істей жүріп, қолымыздан келгенше ол кісінің бізге жасаған жақсылығын қайтаруға, бізге берген тапсырмаларын мұқият орындауға тырысушы едік.

Мен сол жылдарда Қаскелеңге қоныс аударған барлық балкарлықтардың атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа зор алғысымды айтамын және оның лауазымды қызметтерге тағайындалуымен құттықтаймын! Шарафутдин Якубұлы Муллаев. Нальчик қ. Тамыз, 1990 ж.».

(Хаттың орыс тілінде жазылған түнұсқасы Елбасының жеке мұрағатында сақталған. Жоғарыда қазақ тіліндегі аудармасы берілген).


 

 


2017 жылдың 17 ақпанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуінің 20 жылдығына арналған «Астана – Қазақстан бірлігі мен тәуелсіздігінің нышаны» атты жаңа тұрақты экспозицияның ашылуы өтті. Бұл экспозицияның Астанадағы алғашқы Президент резиденциясының «Алтын» залында орналасуының ерекше мәні бар. Осы жерде 1998 жылы Астана құрылысының эскиз-идеясына жарияланған ашық халықаралық конкурстың жеңімпазы Кисё Курокава өзінің жобасын ұсынған еді. Дәл осы залда қала құрылысының бас жоспары қабылданған болатын.
 
«Астана – Қазақстан бірлігі мен тәуелсіздігінің нышаны» экспозициясы музей жинағының материалдарын талдау және қызметкерлердің іздену жұмыстарының негізінде елордамыздың қалыптасуы мен даму тарихын кешенді түрде зерттеуінің нәтижесі болып табылады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында қажетті дереккөздер қоры шоғырланған: музей жинақтары Н. Ә. Назарбаев бастамасымен және тікелей қатысуымен жүзеге асырылған тәуелсіздік кезеңіндегі оқиғалар мен үдерістерден көрініс беретін заттық-бұйымдық жәдігерлер кешенін қамтиды; мұрағат Мемлекет басшысының саяси бағытын айқындайтын бірегей құжаттарды құрайды.
 
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ақтаева Күләйша Қабдуәлиқызы көрмені ашқан алғы сөзінде:
«Астана жаңа әлемдегі Қазақстанның мақтанышына, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың мемлекеттік жетістігіне және саяси көрегендігіне, сондай-ақ ұлттық идеяны бекіту және елдерді біріктіру нышанына айналды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру стратегиялық бастамасы еліміздің жаңа тарихындағы тағдыр шешті оқиға болды». 

Жаңа экспозицияның маңыздылығын Астана қ. әкімінің орынбасары Аманшаев Ермек Әмірханұлы атап өтті:
 
«ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың мегажобасы болған Астана қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылды. Елордаға күн сайын бірнеше буын өкілдерінен құралған өңірлердің тұрғындары келеді және Астананың қалыптасу тарихымен танысады. Осы ретте бұл экспозиция туристерге жаңа Қазақстанның нышаны – Астана тарихын танытады».

ҚР Мәжілісі Парламентінің депутаты Казанцев Павел Олегович, 1995–1997 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары ретінде елорданы көшіру мәселесімен тікелей айналысқан болатын, ол өз сөзінде: 
 
«Жаңа экспозицияның ашылуымен елорданы орнықтыру мәселелерімен айналысқан сәттерміз ойға оралып отыр. Бірнеше жылдар өтті, дегенмен, экспозициядан алған әсерім мені күндіз-түні еңбек етіп, ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың жаңа елорданы салу жобасына атсалысқан сәттеріме сапар шеккізді. Сондай-ақ, көрменің ашылуы Президенттің Қазақстан халқына арналған Жолдауы мен Елбасы ұсынған конституциялық реформаларды жалпы халықтық талқылау кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр».
 
Экспозицияның ашылу салтанатына ҚР Мәжілісі Парламентінің депутаттары, Қазақстанда тіркелген елшіліктердің өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты. 

Құжаттық дереккөздердің ішінен Қазақстан Республикасының Президенті    Н. Ә. Назарбаевтың Астананың тұсаукесері мен Қала күніне арналған салтанатты кеште, жаңа елорданың ғимараттарын таныстыру және ашу рәсімінде, Астана құрылысы мен оның даму мәселелері жөнінде кеңестерде сөйлеген сөздерінің мәтіні, елордамызды көшіру мәселелеріне қатысты кездесулердің жұмыс жазбалары бар блокноттар, БАҚ өкілдеріне сұхбаттар, баспасөз мәжілістерінің стенограммалары тәрізді фото және дәстүрлі құжаттарды бөліп қарастыруға болады. Қазақстанның жаңа елордасы – Астана қаласының тұсаукесеріне орай өзге мемлекет басшыларынан келген құттықтау хаттары үлкен қызығушылық тудырады. Музей жинағында Н. Ә. Назарбаевтың өз қолымен салған Астананың айтулы ғимараттарының эскиздері, Президенттің жаңа елордамыздың негізін қалауға қосқан үлесін айқындайтын қоғамдық марапаттары, Астананың өсу қарқынын баяндайтын кәдесыйлық композициялар сақталуда.
 
Жаңа экспозиция төрт тақырыптық бөлімнен тұрады: «Қазақстан астанасының Алматыдан Ақмолаға көшірілуі – Қазақстанды жаңғыртудағы жүйелі реформалардың маңызды бөлігі»; «Астананың қалыптасуы мен дамуындағы  Н. Ә. Назарбаевтың рөлі»; «Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы»; «Қазақстан астанасының халықаралық имиджі». Негізгі экспозицияны Қазақстанның бұрынғы астаналары туралы ақпараттар топтамасы ашады. Бірегей архивтік кұжаттар және жәдігерлермен таныса келе, келушілер 20 жыл ішіндегі Астананың таңғажайып  тарихымен, айрықша оқиғаларымен рет-ретімен танысуға мүмкіндік алады.
 
Үлкен көрме залында арнайы ашылу салтанаты үшін Астанаға аранау ретінде Кітапхананың музейлік қорынан сәндік қол өнер және кескіндеме туындыларының топтамасы ұсынылған. Кіші көрме залында Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Төлеуғазы Байғалиевтың және оның «Baigaliev» арт-студиясындағы шәкірттерінің туындылары орналасқан.
 
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Музейі ғимаратының қонақтары Қазақстан Республикасы астанасының қалыптасу тарихын аса күрделі шешімдер мен маңызды құжаттарға қол қойылған тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Президент Резиденциясының орынымен тікелей байланыстыруға бірегей мүмкіндік алады.

 


31 қаңтар күні 2017 ж. Л.Н. Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінде «Кәусар» мәдени танымдық бірлестігінің жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген артисі, профессор Кенжеғали Мыржықбайдың қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының абыройлы қызметкері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, суретші Жеңіс Кәкенұлының «Бұла» атты сурет көрмесі және көрермендермен кездесу-сұхбаты өтті.
 
Көрмеге жиырмаға жуық, «Сәйгүліктер семантикасы» сериясымен орындалған, кескіндеме-графикалық суреттермен қоса қала көріністері, музыка өнеріне арналған картиналар ілінді.
 
Әдетте, суретшілер қауымы өз шығармашылығын көрермендер назарына вернисаж арқылы ұсынумен ғана шектелсе, бұл көрме – көрермендермен сұхбат, сұрақ-жауап түрінде басқа аудиторияда жалғасқанымен ерекше. Музыка өнері иесінің сурет өнеріне жасаған үлкен құрметі, қолдауы деп түсінген абзал.
 
Іс шара барысында университет ұстаздары да сөз алып, суретшіге жүрек жарды пікірлерін түйіндеді.