2014 ж.

      2014 ж. 27 қарашасында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күніне арналған «Тарихи таңдау» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізілді.Іс-шара Астана қ. Білім басқармасымен бірлесе ұйымдастырылды. «Дөңгелек үстел» жұмысына Білім басқармасының әдіскерлері, қоғамдық пәндердің оқытушылары, елордалық колледждердің студенттері, жалпы орта білім беретін мектептердің оқушылары қатысты.
       Баяндамашылар тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихына қысқаша тоқтала келе, егемен Қазақстанның даму кезеңдерін талдап, Қазақстан халқының 1991 жылы 1 желтоқсанда жасаған тарихи таңдауының дұрыстығын атап өтті. 
 
    Іс-шара Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қорынан ұйымдастырылған «Тарихи таңдау. Жасампаздық» тақырыптық көрменің материалдары бойынша дайындалған экскурсиямен жалғасты. Көрмеде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тәуелсіз демократиялық мемлекетті қалыптастырудағы тарихи рөлін көрсететін бірегей мұрағаттық материалдар ұсынылған. 

      2014 жылы 25 қарашада сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік күніне арналған «Стратегия–2050» контекстіндегі Қазақстан Республикасы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері: тәжірибе және перспективалар» атты «дөңгелек үстел» өткізілді.
       «Дөңгелек үстел» Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің Ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп ұйымдастырылды.
«Дөңгелек үстел» жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілдері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті Ғылыми-зерттеу институтының басшылары мен ғылыми қызметкерлері, ғалымдар, зерттеушілер, С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің оқушылары қатысты.
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры А. Сағынғали өзінің құттықтау сөзінде: «Бейбітшілік пен келісім, барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан тағдыры алдындағы жалпы жауапкершілігі – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының 20 жылдығына орай 2015 жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп аталуы кездейсоқ емес. 2015 жыл – қолданыстағы Конституция қабылдануының 20 жылдығы, Қазақ хандығы негізі қалануының 550 жылдығы және Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аталып өтетін жыл» деп атап өтті.
      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті бастығының орынбасары, Ғылыми-зерттеу институтының бастығы, тарих ғылымдарының докторы, доцент, полковник М.Ө. Серкпаев өз баяндамасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы мен қалыптасуындағы Елбасының рөліне тоқталды және «Мемлекет басшысы Қарулы Күштер құрылуының алғашқы күнінен бастап қорғаныс жүйесінің басшылығына, қол жеткізген тәуелсіздік сенімді қорғауды қажет ететінін әрдайым еске салып жүрді» деп атап өтті.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының сектор меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы С.А. Коноваловтың баяндамасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев имиджінің әлеуметтік инженериясы ашып көрсетілді.
      «Дөңгелек үстелге» қатысушылардың баяндамаларында құрлықтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету факторы ретінде мәдениетаралық, конфессияаралық және ұлтаралық үнқатысу мәселелері; Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың талабы тұрғысында әскери білім мен ғылымның дамуы; ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерлердің жаңа түрлеріне қарсы әрекет ету бойынша Қазақстанның ТМД мемлекеттерімен қарым-қатынастары; Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы
Н.Ә. Назарбаевтың қазақстандық космонавтиканы қалыптастырудағы рөлі туралы мәселелер қарастырылды.
      «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алғысы келген әрбір мемлекеттің маңызды басымдықтарының бірі. Бұл өзінің ұлттық мүдделерін нақты түйсінген және ішкі саяси және сыртқы саяси басымдықтарының өзіндік иерархиясын тұрғызған егеменді мемлекеттердің қатарына енген Қазақстан үшін де ақиқат» деп атап көрсетті «дөңгелек үстелге» қатысушылар.
      Тәуелсіз мемлекет құру теориясы мен практикасына елеулі үлес қосқан Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев ұлттық қауіпсіздікті нығайтуда айрықша маңызды рөл атқарады. Оның тікелей жетекшілігінің арқасында Қазақстанда жаһандық дәуірдің талабы мен рухына сәйкес келетін ұлттық қауіпсіздіктің үйлесімді әрі тиімді жүйесі құрылды.

 

 
  2014 жылдың 25 тамызында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде «Қазіргі қоғамдағы Музей. Жаңа даму жолдарын іздестіру» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция Музейдің 10 жылдығына арналды және мұражайлар мен ғылыми орталықтар арасындағы байланысты күшейтуге, академиялық және музей қауымдастығын біріктіруге бағытталды.
    Ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі. Конференцияны өткізуге «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры қолдау көрсетті.
Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасында тіркелген шетелдік елшіліктердің өкілдері, ғалымдар, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қазақстанның барлық аймақтарынан музейтанушылар қатысты.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар қазіргі кезеңдегі музейлердің дамуына, олардың ғылыми және ағартушылық потенциалына; музейлік тәжірибедегі интерактивтік және ақпараттық технологияларға; музей педагогикасына; келушілермен жұмыс жүргізудің жаңа түрлеріне байланысты өзекті мәселелерді талқылады. Кешенді ғылыми әдістерді талап ететін музейтану саласындағы міндеттер шеңбері айқындалды.
Пленарлық мәжіліс барысында Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы М.Б. Қасымбеков Музейдің еліміздің маңызды мәдени және ғылыми-зерттеу мекемелерінің бірі ретінде қалыптасып, қазақстандықтардың бойында отансүйгіштік сезімді нығайту ісіне лайықты үлес қосқандығы туралы айтылған Мемлекет басшысының құттықтау сөзін жария етті.
 «Мұражайда жас қазақстандықтарға эстетикалық тәлім-тәрбие беретін, отансүйгіштікке баулитын сан алуан тақырыптағы көрмелер, мәдени-ағарту іс-шаралары тұрақты өтіп тұрады. Мұражайдың бастамасымен ұйымдастырылған бүгінгі іс-шара да соның айғағы деп білемін», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі
А. Мұхамедиұлы.
     «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Ф.Ш. Қуанғанов құттықтау сөзінде: «Бүгінде Музей әсіресе жастардың арасында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, халқымыздың бірлігі мен келісімін нығайту бойынша үлкен ағартушылық жұмыстар атқаруда, бұл жерде барлық деңгейдегі оқу орындарымен, қоғамдық бірлестіктермен тығыз ынтымақтастықта экскурсия-сабақтар, дәрістер, қызықты кездесулер, пікірталас клубтарының отырыстары, тұсаукесерлер өткізіледі. Музейдің мүмкінділігі шектеулі балаларға деген ерекше назар аударатын ықыласы туралы да жақсы білеміз.
Музей тарихи ғимаратта орналасқан. Сол себептен де, бұл ғимаратта Астана күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясы қатарына салтанатты қабылдау дәстүрге айналып отыр. Жаңа астанадағы Елбасының алғашқы жұмыс орны іс-шараға айрықша маңыздылық береді» деп, конференция жұмысына табыс тіледі.
   Музейге арналған құттықтау сөзінде:  «Қысқа мерзімнің ішінде Музей еліміздің мұражайларының арасында алға шығып, тәуелсіздіктің символы ретінде  тарихи ескерткіштерді сақтайтын ірі орталыққа айналды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі шын мәнінде еліміздің басты асыл қазынасы, Қазақстан мемлекетінің тарихын көзінің қарашығындай сақтап қалатын бірегей орын болып табылады» деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры С.Т. Нұраханов.
«Исаакий соборы» мемлекеттік мұражай-ескерткішінің директоры
Н.В. Буров құттықтау сөзінде император Бірінші Петрмен параллель жүргізе отырып, Н.Ә. Назарбаевтың елорданы – призмасы арқылы «Қуатты, серпінді және барлық әлемге ашық елді» көрген Астананы салудағы рөлін атап өтті. Ресейлік қонақтың пікірінше Елбасы «Қазақстанды әлемге, әлемді Қазақстанға танытты. Ал Астана ел болашағының, оның түбегейлі жаңаруының нышанына айналды».
«     Музейлер, кітапханалар, мұрағаттар – мәдени мұраны сақтау институттары» атты секцияға қатысушылар баяндамаларды талқылай отырып, музейлер, кітапханалар мен мұрағаттар басқа да мәдениет және білім беру мекемелерімен қатар мәдени мұраны сақтау бойынша азаматтардың адамгершілік, рухани өмірін дамытуға арналған мәдени ортаны жасауға белсене қатысады; қазіргі серпінді дамушы қоғамның мәдениеті мен менталитеті ерекшеліктеріне қызығушылықты қанағаттандыруға бағытталған ауқымды бағдарламалар пакеттерін жүзеге асырады, деп атап өтті.
«Музей және ғылым: Серіктестік. Тәжірибе. Перспективалар» секциясының отырысы қазіргі әлемдегі музейлер қызметіндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығы мен өзектілігі мәселелерін талқылауға арналды. Өткізілген пікір алмасулар нәтижесінде секцияға қатысушылар ғылым мен музей саласының  өзара қарым-қатынасы бойынша ғылыми-әдістемелік құралдар шығару; сонымен қатар, отандық және шетелдік мұражайлар арасындағы ақпараттық-ғылыми алмасуларды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізу қажеттілігін атап өтті.
 «Өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы музейлердің рөлі» секциясына қатысушылар жаһандану жағдайында музейлердің тарихи мұраны сақтау, патриотизм мен азаматтылықты тәрбиелеу ісіндегі мәдени-білім беру және ғылыми-ағарту орталықтары ретіндегі рөлі мен орны туралы атап өтті. Секцияға қатысушылардың барлығы музейлер басқа мәдени және білім беру ұйымдары, мекемелерімен қатар, өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда маңызды қызмет атқарады деген  ортақ пікірге келді.
   Конференция бағдарламасы аясында «Музей қызметкерінің біліктілігі мен кәсіби шеберлігі», «Музей саласындағы кәсіби мобильділік», «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің Білім беру қызметіндегі инновациялық жұмыс түрлері» атты үш шеберлік сыныбы өткізілді.
    Қорытынды пленарлық мәжілісте конференцияға қатысушылар іс-шараның жоғары ұйымдастырушылық деңгейі мен мазмұндылығын, сонымен қатар Музей қызметкерлерінің кәсібилігін атап өтті.       Қатысушылар халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылдады.
   Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Музей қызметкерінің біліктілігі мен кәсіби шеберлігі» атты шеберлік сыныбының жетекшісі  Р.Ж. Ілиясова музей қауымдастығы үшін конференция өткізудің маңыздылығын атап өтті. «Музей саласындағы кәсіби мобильділік» атты шеберлік сыныптың жетекшісі, «Экокультура» АҚБ бас директоры Г.А. Зайцева баяндама жасау барысында Музей әкімшілігіне алғысын білдірді.
 
«Қазіргі қоғамдағы Музей. Жаңа даму жолдарын іздестіру» атты
 халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция
ҰСЫНЫСТАРЫ
 
  2014 жылдың 25 тамызында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде «Қазіргі қоғамдағы Музей. Жаңа даму жолдарын іздестіру» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
   Ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі. Конференцияны өткізуге «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры қолдау көрсетті.
    Конференция Музейдің 10 жылдығына арналды және мұражайлар мен ғылыми орталықтар арасындағы байланысты күшейтуге, академиялық және музей қауымдастығын біріктіруге бағытталды.
    Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасында тіркелген шетелдік елшіліктердің өкілдері, ғалымдар, ТМД елдері мен Қазақстаннан музейтанушылар қатысты.
Конференцияға қатысуға 94 өтініш келіп түсті, оның 61-і баяндамамен қатысты. Конференция үш секциясының жұмысы барысында 54 адам – Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қазақстанның барлық аймақтарынан келген ғалымдар мен практиктер баяндама жасады.
Конференция барысында қазіргі кезеңдегі музейлердің дамуына, олардың ғылыми және ағартушылық потенциалына; музейлік тәжірибедегі интерактивтік және ақпараттық технологияларға; музей педагогикасына; келушілермен жұмыс жүргізудің жаңа түрлеріне байланысты өзекті мәселелер талқыланды. Кешенді ғылыми әдістерді талап ететін музейтану саласындағы міндеттер шеңбері айқындалды.
Конференция жұмысы барысында ұсынылған баяндамалар дайындығының жоғары деңгейін, мәселелер мен сауалдардың өзектілігін, қызығушылық пен қызу пікір алмасуларды атап көрсете отырып, конференцияға қатысушылар келесі ұсыныстар жасауды орынды деп есептейді: 
1.      Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне келесі мүмкіндіктерді қарастыруды ұсынады:
 
·         қазіргі ақпараттық технологиялар мен техникалық ресурстарға сәйкес келетін музейлік құндылықтарды есепке алу және сақтаудың қазіргі заманғы нормативтік базасын құру бойынша жұмыстарды белсендіру;
·         облыстық музейлік мекемелердің ғылыми-зерттеу қызметіне нормативтерді енгізе отырып, «Қазақстан Республикасы музейлік мекемелері туралы», «Қазақстан Республикасының кітапхана ісі туралы» Заңдарды әзірлеу және бекітуге енгізу;
·         музейлердің сыртқы коммуникацияларының жаңа жүйесін құру бойынша шетелдік және отандық тәжірибені музейлік және кітапханалық мекемелердің практикасына енгізу және сараптау бойынша музей қауымдастығы өкілдерінен жұмыс тобын құру;
·         ақпараттық технологияларды пайдалана отырып музейлік коммуникацияның жаңа жүйесін құру бойынша ресейлік мұражайлар, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Шығыс Қазақстан өнер мұражайының тәжірибелерін зерделеу және тарату;
·         тарихи-мәдени құндылықтарды, оның ішінде қолжазбаларды, ортағасырлық кітап раритеттерін реставрациялауға бойынша кадрлар дайындаудың жалпыұлттық құрылымын қалыптастыру, кітаптық раритеттер мен қолжазбаларды реставрациялау Орталығын (зертхана) құру;
·         мәдени мұраның сақталуын және қолжетімділігін қамтамасыз ету, мазмұнды тарихи материалдарды ғылыми айналымға енгізу мақсатында «Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы ұлттық академиялық кітапханасы» РММ негізінде бірлестірілген цифрлық кітапханалық қордың құрылуын және қызмет жасауын бақылау;
·         зағип және нашар көретін адамдарға арналған аймақтық мамандандырылған кітапханаларды ұйымдастыру;
·         ұлттық мәдени қорды толықтыру мақсатында жақын және алыс шетелдердің мұрағаттары, кітапханалары мен мұражайларына ғылыми экспедициялар және іссапарлар жұмыстарын жалғастыру;
·         Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің негізінде Музеология орталығын құру;
·         мұражай қызметінің бейіні бойынша (сертификацияланған курстар негізінде) елдегі дербес мұражайлық мекемелердің базасында Қазақстан Республикасы мұражай қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша жұмысты ұйымдастыру;
·         мұражай ісі саласындағы отандық және халықаралық тәжірибені зерделеу және тарату және Қазақстан Республикасының төл мәдениеті мен заманауи өнерін насихаттау;
·         қызметтің ғылыми-ағартушылық және ұйымдастыру-әдістемелік бағыттары бойынша бірыңғай мұражайлық кеңістікті құру мақсатында мұражайаралық жобаларды белсенді дамыту;
·         тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттау мақсатында мәдени-ағартушылық қызмет бағыттарын ұлғайтудағы жетекші тенденциялар мәселелері бойынша алдыңғы қатарлы тәжірибені зерделеу;
 
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне тарихи бейіндегі мұражайлардың айқын тарихи-мәдени және тәрбиелік маңызын ескере отырып, келесі мүмкіндіктерді қарастыруды ұсынады:
·         ақпараттық технологияларды пайдалана отырып музейлік коммуникацияның жаңа жүйесін құру бойынша ресейлік мұражайлар, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі және Қазақстан мұражайларының тәжірибелерін зерделеу және тарату;
·         мұражай саласы мен ғылымның өзара қарым-қатынасына арналған ғылыми-әдістемелік құралдарды бастырып шығару;
·         мұражайлық мекемелер ағартушылық қызметінің оң тәжірибесін тарату бойынша бірыңғай ақпараттық-әдістемелік алаң қалыптастыру, осы мақсатта қызметтің негізгі бағыттары бойынша жинақталған тәжірибеге сараптамалық баға беру және ақпараттық-әдістемелік орталық ретінде нақты мұражайлық мекемелерді анықтау.
 
3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне келесі мүмкіндіктерді қарастыруды ұсынады:
  • мұражай саласы үшін арнайы мамандар, оның ішінде мұражай қорын реставрациялау бойынша мамандар дайындауға арналған білім беру стандарттарын енгізу бойынша жұмысты жалғастыру;
  • тұрақты, қауіпсіз және кәсіби қолдау көрсетуші ақпараттық орталық ретінде зияткерлік электрондық кітапханалық ресурсты құру кезінде жұмыс тобының құрамына академиялық қауымдастық өкілдерін енгізу;
  • мектеп мұражайларын құру және қызмет істеу нормативтерін («Мектеп мұражайлары туралы Ереже»)  әзірлеу;
  • ғылым мен мәдениеттің өзара алмасуы және насихатталуы мақсатында мұражай ісінің түрлі бағыттары бойынша мемлекетаралық деңгейде жыл сайынғы ғылыми-тәжірибелік бағдарламалар мен іс-шаралар өткізу;
  • тәуелсіздік тарихын зерделеу және тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша жобаларды жүзеге асыруға арналған зерттеу және ағартушылық қызметтің кешенді әдістерін қалыптастыру;
  • тарихи құндылықтарды зерделеу негізінде музейлік, басқа мәдениет және білім беру мекемелерінде патриотизмді тәрбиелеу және азаматтық сананы қалыптастыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізу;
  • ғылыми-зерттеу және ағартушылық қызметте инновациялық технологияларды белсенді пайдалану;
  •   елдегі дербес мұражайлық мекемелердің базасында (сертификацияланған курстар негізінде) Қазақстан Республикасы мұражай қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған стажировкалар мен курстар өткізу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;
4. Қазақстан Республикасының мұражайлары мен кітапханаларына:
 
·         ұлттық мәдени құндылықтарды сақтау мен насихаттау, қоғамдық толеранттылықты қалыптастыру бойынша шетелдік мұражайлардың тәжірибесін практикалық қызметте жедел пайдалану әдістемесін әзірлеу;
·         тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау, экспозициялау және насихаттау үшін жаңа ақпараттық, цифрлық және басқа инновациялық технологияларды белсенді енгізу;
·         коммуникацияны белсендіру, мұражай келушілерінің санын көбейту әдісі ретінде мұражайдың имиджін нығайтуға мүмкіндік беретін және ағартушылық, тәрбие беру міндеттерін орындайтын серіктестік жобаларды, оның ішінде шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды мұражайлардың қызметіне енгізу бойынша жұмысты жалғастыру.
 
5. Конференцияны ұйымдастырушыларға:
  • жинақталған тәжірибені практикада пайдалану мақсатында конференция материалдарының жинағын бастырып шығару;
  • осы ұсыныстарды мүдделі мекемелер мен ұйымдарға жіберу.
Секцияға қатысушылар осы ұсыныстардың жүзеге асырылуы отандық мұражай жұмысының теориясы мен практикасын одан әрі дамытуға маңызды үлес қосуға жағдай жасайды деп үмітпен сенім артады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейіне конференцияны ұйымдастырғаны және өткізгені үшін шексіз алғысын білдіреді.

      2014 жылы 6-шы мамырда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде әзірбайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлирза оглы Әлиевті еске алуға арналған «Гейдар Әлиев. Тұлға және заман» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Музейі Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды.
      «Гейдар Әлиев. Тұлға және заман» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктер, мемлекеттік ұйымдардың өкілдері мен ғылым қайраткерлері қатысты.
      «Әзірбайжанның жалпыұлттық көшбасшысының есімімен мемлекеттің тәуелсіздігі, егемендігі мен тұтастығының қамтамасыз етілуі тығыз байланысты және ол есім Әзірбайжанның және посткеңестік кеңістіктің жаңа тарихына алтын әріптермен жазылуға тиіс», – деп атап көрсетті конференция модераторы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры Алма Сағынғали.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Г.Ә. Әлиевті үлкен жеке достық байланыстырды. Біздің республикаларымыздың дипломатиялық қатынастарының тарихы 20 жылдан астам уақытты қамтиды. Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы қазіргі қарым-қатынас деңгейі екі көшбасшының бірлескен қызметінің нәтижесі болып табылады.
Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Закир Ариф оглы Гашимов өз сөзінде Әзірбайжан Республикасының қалыптасуы мен нығаюындағы Гейдар Әлиевтің рөлі туралы айтты. «Халқының көрнекті қоғамдық-саяси, мемлекеттік қайраткері және көшбасшысы бола тұрып, өмір сүрген кезеңінің өзінде ол тірі аңызға айналды», – деді З.А. Гашимов.
Философия ғылымдарының докторы, профессор, академик, «Нұр Отан» партиясының жанындағы әлеуметтік бастамаларды сараптау және болжау орталығының директоры, «Азаматтық әлем»-«Civic Peace» Халықаралық коалициясының президенті
      Қ.М. Қазкенов өз сөзінде Гейдар Әлиев тағдырының тарихи-философиялық тұрғыдан зерделенуі туралы, оның әзірбайжан халқының ғана емес, түрік әлемі мен әлемдік қоғамдастықтағы рөлі туралы баяндады.
Игілікті адами зерде – ұрпақтар сабақтастығының және әрбір халықтың тарихы мен дәстүрін сақтаудың негізі. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстандағы әзірбайжан мәдени орталықтары одағы» Ассоциациясының төрағасы В.К. Салахов баяндамасында әзірбайжан халқы жалпыұлттық көшбасшысының жеке қасиеттеріне тоқталды. «Гейдар Әлиев есімінің жеке, саяси өмірде жеткен биіктігі, оның ізінен ерген әзірбайжан халқы үшін азаматтық тұрғыдан мәңгі үлгі болуы керек», - деді ол өз сөзінде.
       Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Закир Ариф оглы Гашимов қорытындылай келе, Музей әкімшілігіне іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді және конференцияның Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде өткізілуінің маңыздылығын атап көрсетті.