Кездесулер

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында 2016 жылдың 19 мамырында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторларының бірі, «Құрмет» орденінің иегері, Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, профессор Жандарбек Мәлібековпен «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» кездесу сабағы өтті.  

      Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған кездесу № 64 мектеп-лицейі және «Жас ұлан» республикалық мектебінің оқушылары мен елордалық педагогтарына ұйымдастырылды. 

      Жандарбек Мәлібеков 1942 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Екпінді ауылында дүниеге келген. Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетін бітірген. Өзбек ғылыми-зерттеу жобалау институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі, жобалар жөніндегі бас сәулетшісі болған. Мемлекеттік рәміздер бойынша республикалық комиссияның мүшесі. 2003 жылдан бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде қызмет етеді, профессор.

      1992 жылы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері тұңғыш рет бекітілді. Мемлекеттік рәміздер күні елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 4 маусымдағы № 337 Жарлығына сәйкес аталып келеді. 

      Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заманғы Елтаңбасы екі белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың орасан еңбегі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесі. Ақтық байқауға болашақ елтаңбаның 67 сызбасы мен 245 жоба қатысқан. Нәтижесінде олардың жұмысы үздік деп танылып, байқау жеңімпаздары атанды.

      Кездесу ашық диалог форматында өтті. Жандарбек Мәлібеков Мемлекеттік елтаңбаның жасалу тарихы туралы естеліктерімен бөлісіп, өз өмірі мен еңбек жолы жайлы әңгімелеп берді. Қазақ халқының құнды дәстүрін ашатын Мемлекеттік елтаңбаның элементтерінің терең мағынасы туралы ақпарат қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. «Жас ұлан» республикалық мектебі ұландарының Мемлекеттік туды салтанатпен кіргізуі шараға ерекше әр берді.

      Іс-шара барысында № 64 мектеп-лицейде «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» тақырыбында өткен ақындар айтысының жеңімпаздары Рамазан Жақан, Раулана Жансерік, Айдана Ризабек өз өлеңдерін оқыды. Айым Ермұхамбетованың орындауындағы «Қазағым» әніне оқушылар флешмоб ұсынды.


     2016 жылдың 26 ақпанында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Олимпиадалық спорт күні аясында   Қ. Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатының оқушылары, «SOS Астана балалар ауылының» тәрбиеленушілері және № 3 мектеп-гимназияның оқушыларына 1996 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Мельниченкомен кездесу өткізілді.

      

     Юрий Мельниченко – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы грек-рим стилі бойынша балуандар арасындағы Олимпиада ойындарының тұңғыш және әзірге жалғыз жеңімпазы. Грек-рим күресі бойынша ҚР еңбек сіңірген спорт шебері әрі жаттықтырушы. Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, XXVI Олимпиада ойындарының 57 кг салмаққа дейінгі чемпионы, Әлем чемпионы. Оның ақтық айқаста әлем чемпионы Дэннис Холлды жеңуі егемен Қазақстанның тарихына грек-рим күресі бойынша алғашқы олимпиада алтынын әкелді. Сол уақытта американдық баспасөз құралдары «көз ілеспес жылдамдықтағы өзіндік лақтыруы бар» деп жазды. Оның жеңісі – Қазақстан спорты тарихындағы жарқын беттердің бірі.

      

      Олимпиада чемпионы оқушыларға өзінің балалық шағы, бапкерлері, олардан қандай қасиеттерді иеленгені туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар, балаларға Атланта олимпиадасындағы өзінің жеңіс тұғырынан көрінгені туралы әсерлерімен бөлісті. Кездесу қатысушыларға жағымды көңіл-күй сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды. Оқушылар чемпионның қолтаңбасын алып, естелікке суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.