2008 ж.

       2008 жылдың 19 қарашасында «Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуындағы саяси бастамалары» Білім беру бағдарламасын іске асыру аясында Украинаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Н.Ф. Селивон мен елшіліктің үшінші хатшысы А.Н. Никончуктың қатысуымен «Украина мен Қазақстан – тәуелсіздік траекториясы» тақырыбында музей сабағы өтті.
      Қазақстандағы Украина жылына арналған музей сабағын Музей Жамбыл Жабаев атындағы № 4 мектеп-гимназиясымен, № 47 украин мектеп-кешенімен және № 53 мектеп-лицеймен бірлесіп ұйымдастырды.

    Сабаққа астана мектептерінің оқушылары, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің жанындағы Педагогтер кеңесінің мүшелері, Астана қ. Білім департаментінің қызметкерлері, мұғалімдер, оқушылардың ата-аналары қатысты.
      Іс-шараға орай Музей қорынан арнайы экспозиция дайындалды, мұнда әр алуан музей жәдігерлері – тарихи құжаттар, мұрағат материалдары, материалдық және рухани мәдениет бұйымдары, хаттар мен жеделхаттар, әр жылдары Украина делегацияларының өкілдері Мемлекет басшысына сыйға тартқан сыйлықтар қойылған.

    Дипломатиялық миссия басшысы Н.Ф. Селивон екі елдің арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстар, Қазақстандағы Украина ұлттық-мәдени орталықтары мен мектептер туралы айтты.

      Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Днепродзержинск қаласында оқыған жылдары туралы Николай Федоровичтің әңгімесі оқушылар арасында аса қызығушылық туғызды. Н.Ф. Селивонның айтуынша, Н.Ә. Назарбаев Украинада оқыған жылдарында асқан еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен, білімқұмарлығымен көзге түскен, соның нәтижесінде өзінің құрдастары мен оқытушылар арасында үлкен құрметке ие болған.
      Құрметті қонақ қазақ халқының қонақжайлығы мен жан-дүниесінің кеңдігі туралы аса жылы пікір білдірді. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың біздің ортақ үйімізде тыныштық пен келісімнің болуына қамқорлығы өзі бастамашылық еткен тату көршілік пен төзімділік саясатынан көрінеді. Келешек ұрпақтың міндеті – осы игілікті көздің қарашығындай сақтап, оны нығайта түсу.

     Оқушыларға арнаған сөзінде Н.Ф. Селивон олардың украин тілін аса жетік меңгергендігін, сонымен қатар Астана қ. № 47 украин мектеп-кешені оқушыларының Украина тарихынан білімдерінің терең екендігін атап өтті.
      «Біздің мемлекеттеріміз өзара тығыз саяси, экономикалық және мәдени қарым-қатынастар орнатқан», – атап өтті Украинаның Төтенше және Өкілетті елшісі. – Қазақстан мен Украина Президенттері мен екі бауырлас ел халықтарының еркі достық қарым-қатынастарымызды одан әрі дамыту және нығайту болып табылады».
      Тарихи көрнекті қайраткерлердің, белгілі адамдардың тұлғасы оқушыларға адамдық мәселелерді толғануда оң ықпал ететінін, олардың бойында жоғары мұраттарды жүзеге асыруға көмектесетінін тәжірибе көрсетіп отыр. Бұл кездесулер Білім беру бағдарламасына қатысушылардың тарихи оқиғалармен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді, олардың білімдерін тереңдетеді, материалды анағұрлым терең меңгеруге көмектеседі, ең бастысы, Қазақстанның жаңаша тарихын құраушы оқиғаларға тікелей қатысқан тұлғалармен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі тыңдаушылардың жүрегін баурап, білім беру үрдісін одан сайын белсенді әрі қызықты етеді.


      2008 жылдың 18 наурызында сағ.11.00 –де № 52, № 47 орта мектептердің және  № 11 лицейдің 10-сынып оқушыларына Қазақстандағы Украина жылына арналған «Ел менен ел достасқан ғасыры туды адамның» тақырыбында музейлік кездесу-сабақ өткізілді. Сабаққа құрметті қонақ ретінде «Оберег» украиндар қоғамы Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Н.И. Литошко шақырылды.
      Н.Ә. Назарбаев Қазақстандағы Украина жылының ашылу салтанатында (2008, ақпан) сөйлеген өзінің сөзінде: «Ертеңгі күнді ойлай отырып, біздің елдеріміз бен халықтарымыздың арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту үшін қолымыздан келетіннің бәрін жасауымыз керек» деген болатын.
      Сабақты ұйымдастырушылар тарихи тұрғыдан екі елдің арасындағы серіктестік қатынастардың өсу қарқынын көрсетті. Кездесу барысында сабақ тақырыбына сәйкес әр алуан музей жәдігерлері – тарихи құжаттар, мұрағат материалдары, материалдық және рухани мәдениет бұйымдары, хаттар мен телеграммалар, Украина делегацияларының Мемлекет басшысына тарту етілген сыйлықтары көрсетілді.
      Кездесу қонағы Н.И. Литошко оқушылардың сұрақтарына жауап берді және Қазақстанның болашақ Президентімен Днепродзержинск қаласында оқыған кезде басталып, жарты ғасырға жуық уақытқа созылып келе жатқан достықтары туралы айтып берді. № 47 украина мектеп-гимназиясының оқушылары өздерінің құрбыларын украин халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен таныстырды. № 52 орта мектептің оқушылары көрермендерді украин халқының тарихы мен тұрмысын жетік білетіндіктерімен таң қалдырды. Мемлекет басшысының бұрынғы резиденциясы ғимаратында бірімен-бірі қатар өрілген қазақ, украин және орыс тілдері асқақтап жатты.