2010 ж.

26 қараша 2010 жыл – 30 қаңтар 2011 жыл

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған Астана қаласындағы Балалар көркемөнер мектебі-ЮНЕСКО клубы оқытушыларының жұмыс көрмесі болды.
    Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент Музейінің басты бағыты балалар шығармашылығына қолдау көрсетіп, дәріптеу болып табылады. Музейдің алғашқы күнінен-ақ Астана қаласының Балалар көркемсурет мектебінің қатысуымен және қолдауымен ұйымдастырылған балалар бейнелеу студиясы жұмыс істейді. Бейнелеу студиясының тәрбиеленушілері мен көркемсурет мектебінің өткізген есеп беру көрмесі жақсы дәстүрге айналды.
Балалар көркемөнер мектебінің негізінде семинарлар және сурет мұғалімдері үшін шеберлік-сыныбы, бейнелеу өнері бойынша қала мектептері оқушыларының арасында олимпиадалар өткізіледі.
    2008 жылы Қазақстан Республикасындағы ЮНЕСКО ісі бойынша Ұлттық комиссия Балалар көркемөнер мектебіне Юнеско Клубы дәрежесін берген. 2008 жылы қалалық конкуртың қорытындысы бойынша оқу орындарының арасынан Балалар көркемөнер мектебі астанамыздағы таңдаулы қосымша білім беру ұйымы ретінде танылды. Балалар көркемөнер мектебінің негізгі құндылығы – бұл педагогтар ұжымының алдына шығармашыл тұлғаларды дамыту мақсатын қоя білуі.
   Осы көрмеде оқытушылардың, Қазақстан мен Ресей Федерациясы суретшілер одағының мүшелері: А.Смирнов, А.Чунчалинов, А.Мұсәлімов, А.Қаныбекова, А.Құдайбергенова, Ә.Беспалинов, А.Қызырова, Ә.Өтепова, Ә.Сейкеновалардың жұмыстары көрсетілген. Олардың кәсіби шеберлігінің арқасында ондаған талантты балалар өсіп, дамып, өмірден өз жолдарын тапқан.

 


12 қараша – 13 желтоқсан 2010 ж.

Маңғыстау облыстық музейінің қорынан ұйымдастырылған «Тоқсан жолдың торабында тоғысқан» көрмесі
    Көрме 2008 жылдан бері іске асып келе жатқан «Алға ұмтылған Қазақстан» аймақаралық көрме жобасы аясында өтті.
    Маңғыстау жері – бұл көне өркениеттің елі, археологиялық қорықтың, ашық аспан астындағы музейінде мемлекет қарамағына алған 11 мың тарихи ескерткіштері бар, мыңдаған жартасқа салынған дастан-суреттер елі. Бірегей ғибадаттық орындар мен мешіттер өлкесі: Бекет – Ата, Шақпақ – Ата, Шопан – Ата, Масат – Ата, мұнда Қазақстаннан ғана емес, Түркімения, Өзбекстан, Ресей және Кавказ, Иран мен Түркиядан толассыз ағылған қажылар легі келеді.
    Экспозиция екі залға орналастырылды. Үлкен банкет залында Арал-Каспий аймағының тарихы туралы баяндайтын коллекциялар орналастырылды. Каспий маңы көшпенділерінің өзіндік мәдениеті зергерлік өнерінде, жаңа кезең мен кейінгі ортағасыр дәуірі мемориалды-ғибадаттық сәулетінде (зерттеушілер мұнда 50 мыңнан аса ескерткіштер барын айтады) сондай жарқын көрінеді. Өзіндік қатаң маңғаздылығымен және пішінінің көнелілігімен, монументтілігі, мәнерлілігімен ажыратылатын Маңғыстау аймағының түпнұсқа бірегей зергерлік бұйымдары алғаш рет толық көлемде көрсетіледі. Дала тайпаларының бай символикалық әлемі шеберлердің шығармаларында көрініс тапқан.
Маңғыстаудың әуен, ән мен күйі әрқашан өзінің қайталанбас бейнелілігімен ерекшеленген. Жеті халық ақыны – композиторлары, ұлы – ақын-жыраулар мен басқа да көптеген ұлттық рухтағы данышпандар, Асан Қайғы, Қашаған, Қалнияз, Қоңыр Жүсіп, Мұрын Сеңгірбекұлы, Саттығұл Жанғабылұлы, Түмен Балтабасұлы - артына бай мұрасын қалдырды.
    Кіші банкет залында қазіргі уақыттағы аймақтың динамикалық дамуы, мұнай мен газ сияқты стратегиялық маңызды табиғи ресурстардың айтулы өндірілуі туралы баяндайтын экспозиция орналасқан.


28 қазан – 5 қараша 2010 ж.

Фридерик Шопеннің 200 жылдығын тойлау аясында «Шопенге арнау» көрмесі өтті.
    Көрме Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Музей «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасының күзгі маусымын осылайша әдемі, терең де сазды әуенмен аяқтады.
     Фридерик Шопен – поляк сазгері, пианист-виртуозы. Фортепианоға арналған көптеген шығармалардың авторы. Поляк музыкалық өнерінің ірі өкілі. Көп жанрды жаңаша пайымдап, романтикалық негізде шағын музыкалық шығармаларды қайта жандандырды, фортепианолық баллада жасап, мазурка, полонез, вальс билерін поэзияландырып драмалады.
    2010 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен өнердегі Мәңгілікті, әлемдік мәдени мұрадағы ұлы сазгердің, музыканттың орнын дүниежүзіне айқын көрсеткен әртүрлі оқиғалар өтті. Оның шығармалары таза заманауи ноталарда ойналып, оның музыкасы өткен мен қазіргінің, классика мен бүгінгі заман арасындағы кедергілерді жеңді.
Музейде бір кеште үш маңызды оқиға өтті:
• Ф.Шопеннің 200 жылдығына арналған пошта маркасының қолданыстан алыну рәсімі;
• Вилянувадағы Плакаттар Музейі мен Польша Республикасы Президенті Кеңсесі бірлесіп ұйымдастырған «Фридерик Шопеннің ізімен. Поляк плакаты» көрмесінің тұсаукесері;
• Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Н.Исмаиловтың орындауында Ф.Шопеннің шығармаларынан концерт.
«Қазпошта» АҚ «Естелік, мерейтойлық күндер мен мерекелер» сериясында композитор Фридерик Шопеннің туған күнінің 200 жылдығына арналған марканы таныстырды. Марканың көлемі – 28 х 40 мм, белгіленген бағасы – 240 теңге, тиражы 30 000 дана, бір бетте маркалар саны 10(он) дана, перфорациясы иректелген, төрт түсті офсетті баспа, суретші – Д. Мұхамеджанов. Сондай-ақ арнайы пошталық мөрқалып дайындалған.
Көрме қонақтары Польша Республикасы Елшілігі мен «Қазпошта» АҚ өкілдері алмасқан арнайы альбомдардағы естелік конверттерде пошталық мөрқалыппен басылған бір маркалы пошта блогының қолданыстан алынуының куәгерлері болды.
     Вилянувадағы Плакаттар Музейі мен Польша Республикасы Президенті Кеңсесі бірлесіп ұйымдастырған «Фридерик Шопеннің ізімен. Поляк плакаты» көрмесіндегі 10 плакатты Польшадағы ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемде көркем шығармашылықтың осы жанрының алтын қорына жатқызуға болады. Әрбір плакат музыка әлемі, жасампаздар әлемі туралы орасан зор мәдени сырға тұнып тұр. Ең көне плакат 1930 жылдардың басына жатса, ең соңғысы 2008 жылы жасалған. Олардың бәрі поляк плакат мектебінің ең маңызды деп аталатын қырларын сипаттайды. ХХ ғасырдың 20-жылдарында футуристтер мен конструктивисттер көркем мәнердің құралы ретінде қаріпті ашты. Ұсынылған поляк плакаттарында бұл құрал кемеліне жеткізілген.
Музейдің Үлкен көрме залында Ф.Шопеннің шығармалары Н.Исмаиловтың орындауында «әлдебір музыкалық емес мағынадан айрылған, таза өнер әуенінде» естілді.


22 қазан– 5 қараша 2010 ж.

«Германия Қазақстанда 2010» Жылының іс-шарасы аясында Германия Археология институтының фотокөрмесі өтті
    Көрме Қазақстан Республикасындағы Германия Федеративтік Республикасының Елшілігімен бірігіп ұйымдастырылды. Музей бұл іс-шараны «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасының күзгі маусымымен ұштастырды. Көрмедегі 50 жоғарысапалы фотосуретте көп жыл бойы Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінің археологиялық мекемелерімен бірлесе археологиялық зерттеулер мен қазба жұмыстарын жүргізген Германия Археология институтының жұмыстары көрсетілді. Фотосуреттерде қазба жұмысы кезінде табылған тек артефактілер ғана емес, сондай-ақ археологтардың қызықты да қиын жұмыстары көрініс тапты.
     Музей фотокөрмені «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2005-2009 жылдары Орал археологиялық экспедициясы кезінде «Қырық-Оба ІІ» қорығынан табылған археологиялық артефактілермен толықтырды.


30 қыркүйек – 24 қазан 2010 ж.

К. Жапалованың «Өмір әуендері» атты жеке көрмесі
     Бұл көрме – еліміздің әр аймақтарынан келген суретшілер, мүсіншілер және қолөнершілердің шығармашылығын насихаттап, танытумен байланысты «Алға ұмтылған Қазақстан» жобасын дамытудың бір бағыты болып табылады. К.Жапалованың бірқатар туындылары 2008 жылы Атырау облысы музейлері қорындағы экспозицияларға қойылып, ұйымдастырушылар мен қонақтардың мол қызығушылығына ие болған.
    Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы суретшілер Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет Қайраткері Камила Жапалованың шығармашылығынан еліміздің бейнелеу өнеріндегі қазіргі заманғы үрдістерді көруге болады. Ол Шымкент қаласындағы Ә. Қастеев атындағы көркем сурет-өнер училищесін, Санкт-Петербург қаласындағы өнер училищесін бітірген.
Автор өнер әлемінде бейнелеу және батик өнерінің қайталанбас ерекшелігін елестету арқылы жаңа бір дүние есігін ашты, оған берілген көптеген атақтар соның айғағы іспеттес.
    Ұзақ ғасырлар бойы батик тек әшекей немесе киім болып қана қойған жоқ, өзіндік жазба, ой білдірудің құралы да болған. Батиктің туған жері – Индонезияның Ява аралы, онда қолдан суреттер салынған маталар күні бүгінге дейін кеңінен қолданылады. Матаға сурет салудың бұл әдісі ерте заманнан ежелгі Шумерде, Перуде, Жапонияда, Шри-Ланкада, Үндіқытайда, Африка елдерінде қолданылған. Батик тек ежелгі қолөнер түрі ғана емес, сондай-ақ адамдардың өмірі мен тағдырын өзгерте алатындай қасиеті бар құпия, ерекше құдірет.
    Батик дәстүрін біздің отандасымыз К.Жапалова да жалғастырып келеді. Автор түстерді аса ұқыптылықпен, әрі орынды қолдана білген. Түстердің ешқайсысы қалыс қалмаған, олар өзара үйлесіп, ерекше көңіл-күй сыйлайды. Әйел адам - әрі нәзік, әрі қайратты жан, ер адам мен әйел адам, көз үйренбеген ғажайып түстерге боялған құстар, туған өлке көрінісі... Міне, ошақты, салт- дәстүрді сақтай отырып, өткенді, бүгінді және ертеңді өзара жалғастырған әйел адам әлемді осылай көреді, осылай түсінеді.
    К.Жапалова көптеген көрме жобаларына: «Халықтық қолданбалы өнер» жәрмеңкесі, Бүкіләлемдік суретшілер көрмесі (Париж қ.), «Дала мен қала» атты республикалық көрме (Алматы қ.), Алматы қаласындағы Ә.Қастеев өнер мұражайында өткен VII республикалық «Батик әлемі» көрмесіне қатысып, жоғары баға алды. «Шабыт» халықаралық жүлдесінің лауреаты, Қазақ-Түрік қолданбалы өнер фестивалінің Құрмет грамотасының иегері болып табылады (Кипр, 2008 ж.).


3 маусым – 30 қыркүйек 2010 жылы

«Жас шебер» балалар шығармашылығының фестивалі
    Фестиваль Балаларды қорғау күні және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясы қабылдануының 20 жылдығына арналды.
    Балалар шығармашылығы фестивалінің аясында «Конвенция балалар көзімен» атты сурет көрмесі және сәндік-қолданбалы өнер бойынша «Қуыршақ» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Конкурсқа Қазақстанның 12 өңірінен 150-ден астам балалар және Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы Елшілігі мен Жапон мәдениет орталығы қызметкерлерінің балалары қатысты. Қатысушылардың үздік жұмыстарының экспозициясы 1-қабатта Баспасөз залының холында орналасты. «Балауса» фольклорлық ансамблі, «Ару» би ұжымы (№ 1 балалар музыка мектебі) мен «Назерке» би ансамблінің өнерпаздары (№ 61 орта мектебі) өз өнерлерін ортаға салды.
     Фестивальдің қонақтары қатарында - ҚР Жапония елшісі Нацуй Сигэо, ЮНИСЕФ балалар қорының төрайымы Фикри Ахмед Сингер, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ұлттық комиссиясының бас хатшысы А.Е.Өтегенова, сондай-ақ Ресей, Беларусия, Украина және Үндістан дипломатиялық корпустарынан өкілдер болды.


10 тамыз - 5 қыркүйек 2010 жыл

«Мұсылман әлемінің бейнесі» атты көрме
     Көрме «Мәдениет арқылы үнқатысу» атты халықаралық жоба аясында Ш.Марджани атындағы ғылыми және мәдени бағдарламаларды қолдау және дамыту Қорымен (Ресей Федерациясы) бірлесіп ұйымдастырылды.
     Көрме оразаның қарсаңында ашылды және ол мұсылман өнерінің жарқын қырларының біріне арналған.
Экспозицияда Марджани Қорының жинағынан араб каллиграфиясы негізінде жасалған баспалық шамаильдер және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қорынан Құран басылымдарының жинағы ұсынылған. 2009 жылдың сәуір айынан бастап шамаильдер жинағы Шығыс Мемлекеттік музейінде және Одақтар Үйінің Колонна залында (Москва), «Хазинэ» Ұлттық көркемсурет галереясында (Қазан) ұйымдастырылған көрмелерге қойылды.
Шамаилдерді мұсылмандық энциклопедия деп атауға болады. Мына парақтарда XIX-XX ғғ. аралығындағы дінге сенген адамдарға түсінікті әрі жақын, мұсылман әлемінің бейнелері жинақталған.
     Араб тілінен аударғанда «шамаиль» сөзі «қадір-қасиет, абырой» деген мағынаны білдіреді. Парсы тілінде шамайэл сөзі қосымша мағынаға - «киелі сурет, портрет, бейне» мағынасына ие. XIX ғасырдың екінші жартысында иран өнерінде кең таралған, төртінші халифті және оның ұлдарымен бірге бейнелеген суреттер осылай аталған. Парсылық шамаильдерге қарағанда татарлық шамаильдерде адамның бейнесі салынбаған. Бейнелеу өнерінің туындысы, діни уағыз, әрі әдеби ескерткіш болып табылатын шамаильдің бойынан бейне мен қасиетті сөз мәтіні қатар көрініс тапқан. Жазбалар - Құран аяттары, Пайғамбардың хадистері, араб және парсы хрестоматиялық әдебиеттерінің цитаталары – мұсылман ескерткіштеріндегі суреттермен қатар бейнеленген.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қорындағы Құрандар (21 сақтам бірлігі) көркемделу және полиграфиялық орындалу жағынан алуан түрлі. Баспалық Құран үлгілерінің арасында - Қазақстан, Ресей, Түркия, Иран, Сауд Арабиясы, Италия, Тунис, Египет, Пәкістан, Иордания елдерінің араб, орыс, урду және ағылшын тілдеріндегі басылымдары бар. Меккеде басылып, арнаулы қобдишаға салынған, металмен безендірілген ағаш мұқабалы «Құран-Кәрім» жинақтың көркі болып табылады. Сонымен бірге, эспозицияда Елбасына ғарышкер Талғат Мұсабаев тарту еткен, ғарышта болып қайтқан Құран да ұсынылған.


29 маусым - 3 қыркүйек 2010 жыл

Қазақстан Республикасындағы президенттік институттың 20-жылдығына арналған «Назарбаев және Қазақстан» атты көрме
    Көрме «Нұр Отан» Халықтық- Демократиялық партиясымен бірлесе ұйымдастырылған. Экспозиция тәуелсіз Қазақстан Тұңғыш Президентінің өмірбаянын мазмұндайтын Музей қорындағы фотоматериалдардың бірегей жиынтығынан құрылған. Қазақстан Республикасындағы президенттік институттың, сыртқы және ішкі саясаттың қалыптасуындағы негізгі кезеңдерді көрсететін фотокөрме еліміздің тарихындағы көптеген маңызды оқиғалар өткен Күмбезді залда орналасқан.
    Фотокөрменің басты құндылығы - оның мазмұнының ауқымдылығы мен көрнекілігінде. Көрме Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тәуелсіз демократиялық мемлекетті құрудағы тарихи рөлін ашып көрсетеді. Экспозицияға Мемлекет басшысының Жеке мұрағатының қорындағы 300 фотосурет, 20 құжат, Н.Ә.Назарбаевтың әлем халықтарының 30-дан астам тілдерінде жарық көрген еңбектері қойылған.
«Туған жерім – тұғырым», «Бірлік – біздің туымыз», «Бір шаңырақ астында», «Алға ұмтылған Қазақстан», «Әлемдік деңгейдегі саяси философ», «Еуразия жүрегі - Астана», «Халқыммен ой бөлістім...» деп аталатын тақырыптық бөлімдерде көшбасшы тұлғасының – Тәуелсіз Қазақстанның болашақ Президентінің қалыптасу барысын; жас Республиканың мемлекеттік егемендігін алып, жасаған алғашқы қадамдарын; Қазақстан халқының бірлігі мен конфессияаралық келісім идеяларының дамуын; экономика саласындағы Қазақстанның табыстары мен жетістіктерін; еуразияшылдық идеясының жүзеге асуын; жаңа астананың дамуы мен гүлденуін; жерлестермен, отандастармен кездесулердегі қуанышты және шабытты сәттерді көруге болады.


25 маусым-25 шілде 2010 ж.

Оңтүстік Қазақстан облысы музейлері қорларынан ұйымдастырылған «Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі» атты көрмесі
    Көрме 2008 жылдан бері жемісті өтіп келе жатқан «Алға ұмтылған Қазақстан» атты аймақаралық көрме жобасы аясында өткізілді.
   Бұл көрмеге Оңтүстік Қазақстан өңірінің ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи, археологиялық, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік жәдігерлері қойылған. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысы көнеден сыр шертетін қалалар мен кенттерге, қорғандарға, түрлі мәдени ескерткіштер мен ғажайып сәулет өнерінің баға жетпес үлгілеріне өте бай.
    Осы өлкенден шыққан Қорқыт ата, Әбу-Насыр Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи жырлары өшпес мұраға айналған.
Көрме археологиялық және этнографиялық бөліктерден құрылды. Үлкен Банкет залында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен ұлы данышпан, ақын, ислам дінінің көрнекті жаршысы Қожа Ахмет Яссауи құрметіне салынған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы қорларынан әкелінген сан ғасырлық тарихы бар баға жетпес археологиялық жәдігерлер мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорының атақты «Отырарлық қазынасы» да қойылды.
     Кіші банкет залында XIX ғ. аяғы XX ғ. басындағы материалдық мәдениет ескерткіштері, халық шеберлерінің зергерлік бұйымдары, сонымен қатар қазақ әйелдерінің ұлттық киім үлгісі ұсынылды. Оңтүстік Қазақстан өңірінің бай тарихымен танысуға мүмкіндік берген экспозиция материалдары келушілердің терең қызығушылығын оятты.


14 мамыр – 15 маусым 2010 ж.

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының музейлері мен кітапхана қорларынан ұйымдастырылған «Ұлы тұлғалар бесігі» атты көрме.
     Көрме осымен, үшінші жыл бойына табысты жүзеге асып келе жатқан «Алға ұмтылған Қазақстан» атты аймақаралық көрме жобасының көктемгі кезеңін ашты.
     Жобаның басты мақсаты - көпшілік қауымды Қазақстан Республикасы облыстарының тарих парақтарымен, материалдық және рухани мәдениет үлгілерімен кеңінен таныстыру.
    Семей - Шығыс Қазақстанның інжуі, атақты тарихи тұлғалардың туған жері. Әлемге Ресейді танытқан Пушкин, Англияны танытқан Шекспир, Германияны танытқан Гете сияқты қазақ мәдениетін әлемге паш еткен ұлы ақын, философ Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев және тағы басқа көптеген тұлғалар осы жерде дүниеге келген. Бұл жерде әр кездері Шоқан Уәлиханов, Федор Достоевский, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш Сәтпаев сынды ақын, ғалым, жазушы, әншілер өмір сүрген.
     Көрмеде Абайдың Мемлекеттік қорық-мұражайының экспонаттары мен Семей қаласының тарихымен таныстыратын фотоматериалдар, мұрағат құжаттары, музей құндылықтары ұсынылған. Бүкіл қазақ жері-бұл Абайдың туған жері. Экспозицияда Абай Құнанбаевтың қоғамдық қызметін сипаттайтын мұрағаттық құжаттар, Ә.Қастеевтің суреттері мен Е.М. Сидоркиннің графикасы қойылған. Жоба аясында алғаш рет Абай атындағы облыстық кітапхананың алтын қорының кітаптары көпшілік назарына ұсынылды. Бұл кітаптар - Абай сүйіп оқыған, XYIII-XIX ғғ. құнды сирек басылымдары болып табылады.


28 сәуір -10 мамыр, 2010 жыл

«Жеңіс көктемі» көрмесі
     Көрме Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65- жылдығына арналған. Келушілер назарына ҚР Тұңғыш Президентінің Музейі және Астана қаласының тарихи музейі қорларының экспонаттары мен құжаттары, ақмолалық фронтовиктердің жеке архивтеріндегі материалдары ұсынылған. Экспозицияда газет материалдары, қару , ату жарақтары, нысанды киім, жауынгерлік ерекшелік белгілері, мерейтойлық және естелік медальдар, естелік кәдесыйлар қойылған.


7 сәуір- 7 мамыр, 2010

Марат Ғабдрахмановтың «Өмір пернесі» атты дербес көрмесі
      Марат Ғабдрахманов- белгілі мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Автор шағын нысандағы мүсіндері жанрында жұмыс жасайды, өзінің туындыларына терең философиялық мағына сыйғыза отырып, туған халқының жаны мен жүрегінің құпия пернелерін нәзік жеткізе біледі.
Оның бірқатар жұмыстары «Алға ұмтылған Қазақстан» аймақаралық көрме жобасы аясында 2009 жылдың қазанында Ақтөбе облысы музей қорынан ұйымдастырылған көрмеде осы өңірдің басқа да суретшілері мен мүсіншілерінің қатарында қойылды. Қазақстан бейнелеу өнерінің алуан түрлі қырлары мен үрдістерін астаналық жұртшылыққа таныстыру осы жобаның мақсаттарының бірі болғандыұтан, Тұңғыш Президент Музейі көрушілердің ақтөбелік мүсіншінің шығармашылығына танытқан қызығушылығын ескеріп, оған қолдау көрсетті.
     Ғабдырахманов Марат Рахметоллаұлы 1970 жылы 26 тамызда Ақтөбе қаласында туған. 1990 жылы ол Нижний Тагилдегі қолданбалы өнер училищесінің металл өңдеу бөлімін бітіріп, 1999 жылы Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің бейнелеу өнері бөлімін тәмамдайды. 1996 жылдың өзінде-ақ ол ҚР Суретшілер одағының мүшелігіне өтеді, сол жылы «Болашақ» президент сыйлығының лауреаты атанды.
     «Дөңгелек» мүсіндік композициясы 2006 жылы тамызда Екатеринбург қаласында өткен халықаралық бақ-парк мүсіндері фестивалінде үшінші дәрежелі дипломға ие болды. 1996-1998 жылдары М. Ғабдырахманов АҚШ-тың Нью-йорктегі «PRATT» институтында тағлымдамадан өтіп, 1998 жылы БҰҰ-да өзінің шығармаларының көрмесін ұйымдастырды. Мүсіншінің туындылары тек Ақтөбе қаласының музейлерінде ғана емес, сонымен бірге АҚШ, Германия, Франция, Қытай азаматтарының жеке коллекцияларында сақтаулы.


5 наурыз – 2 сәуір 2010 жыл.

ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің қорынан ұйымдастырылған «Таңғажайып өрнектер әлемінде» көрмесі
      Музей қорынан ұйымдастырылған көрме көктем мерекелері – 8 наурыз бен Наурыз мерекесіне арналды. Келушілердің назарына шетелдік сапарлар мен форумдар кезінде ел Президентіне әлемнің 25 елінен сый ретінде тарту етілген 210 экспонат қойылды.
      Экспозицияға көптеген қызықты әрі қайталанбас бұйымдар қойылған, олардың арасында Түркия, Ресей, Өзбекстан, Германияның шеберлері әр алуан техникада дайындаған фарфор вазалар, Петриков ауылының (Украина) шеберлері дайындаған ағаш вазалар, бетіне сәндік өрнек салынған корейлердің селадон вазалары, лазуриттен, жылан түтік пен мәрмәрдан жасалған сыйлық ыдыстар жиынтығы, тастардан жасалған сәндік вазалар коллекциясы бар.
Сәндік-қолданбалы өнер туындыларының ішінде қытай фарфорынан жасалған әсем вазалар, чех сутасынан жасалып, көркемдеу, жапсыру арқылы өрнектер салынған гүлдерге және тәтті тағамдарға арналған вазалар келушілердің назарын аударады.
     Экспозицияға қойылған неғұрлым көңіл аудартар экспонаттар тобы Ресейдің дәстүрлі қыш өндірісі орталығы - Гжель бұйымдары: шай ішуге арналған жиынтықтар, сәндік шайнектер, вазалар. Аталған бұйымдар басқа халықтардың мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.



16 – 21 ақпан 2010 жыл.

«Асқар Есенбаев. Академиялық көрме. Мүсін. Графика»
Қазақстанның қазіргі заманғы өнерінде Қазақстан Республикасы Көркемсурет академиясының академигі А. Есенбаевтың орны ерекше. Алматы көркемсурет академиясының, Суриков атындағы Мәскеу Мемлекеттік көркемсурет институтының түлегі көптеген атақтар сыйлаған мүсін жасау өнерінде өмірге деген қайталанбас көзқарасымен өзі үшін жаңа бір әлемді аша білді.
Қазақстан өнеріне суретші 80-жылдарының ортасында келді. Келген бетте өзінің кәсіби шеберлігімен жарқырап көріне білді. Оның «Балалар», «Переславльдегі жаз», «Юдифь» «Космогония» секілді көп фигуралы күрделі жұмыстары көркемдік ортадан өз бағасын алды. Осы кезден бастап шебердің шығармашылығы Қазақстан мәдениетіндегі тұтас бағытты айқындайды. Өзінің шығармашылықпен айналысып келе жатқан жылдарында ол 150-ден астам мүсін, сонымен қатар кескіндеме, графика туындыларын жазды, олардың әрқайсысы - өнердегі бірегей құбылыс. Көптеген көрме жобалары: Францияда (Париж, Лимож, Фонтенбло) - «Қазақстан кескіндеме және мүсін өнері», Германияда (Мюнтер) - «Қазақстан өнері», АҚШ-та - «Көшпелілер аңыздары», «Сарыарқа», «Алматы» арт-орталығының дербес және тақырыптық көрмелері өткізілді.
А. Есенбаев ҚР Суретшілер одағының басқарма мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссияның мүшесі болып табылады. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Тарлан» (Платина) тәуелсіз сыйлығымен наградталды. 2006 жылы ҚР Көркемсурет академиясының академигі атағы берілді.
Қазіргі кезде оның шығармалары Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейін, Третьяков галереясын, Қазақстандағы, АҚШ, Ресей, Италия, Франция, Оңтүстік Кореядағы жеке коллекцияларды қоса алғанда, әлемнің ең беделді мемлекеттік, музей коллекцияларында тұр.
Көрмеге қойылған жұмыстар – жақын арада ғана өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өткен суретшінің өткен мен қазіргіні терең зерделеуінің, мәдениеттер мен дәуірлер арасындағы байланыстар мен сабақтастықты сезіне білуге деген ұмтылысының қорытындысы.



19 қаңтар – 13 ақпан 2010 жыл.

Үнді мәдени орталығымен және Қазақстан Республикасындағы Үндістан Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылған «Кальпана –Үндістанның қазіргі кескіндеме өнерінің жауһары» атты көрме «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы аясындағы жаңа маусымның ашылуының бастауы болды. Бұл – серіктестердің бірлесіп ұйымдастырып отырған үшінші іс-шарасы.
      Көрмеде қазіргі Үндістанның бейнелеу өнерінің кенепке салынған сандық көшірмелерінің жауһарлары таныстырылды. Көрменің кураторы әлемге танымал белгілі суретші Анджоли Эла Минон.
      Көрмеге қойылған 14 белгілі үнді суретшілерінің 29 жұмысы ХХ ғасырдың көркемдік бейнесін аша түседі, олар: Джамини Рой (1887-1972), Амрита Шергил (1913-1941), Макбула Фиды Хусаин (1915), Субраманьян К. Г. (1924), Ф. Н. Соуза (1924-1999), Кришен Кханна (1925), Тиеб Мехта (1925), Бхупен Кхакхар (1943-2003), А. Рамачандран (1935), Арпита Сингх (1937), Йорген Чоудхари (1939), Анджоли Эла Минон (1940), Манжит Бава (1941) и Арпана Каур (1954).
      Бұл көрме Еуропа мен Азия елдері бойынша үлкен халықаралық турдың бастамасы болып табылады. Ол Үндістан мен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимыл, түсіністік және ынтымақтастық пен екі ел арасындағы мәдени пікірлесу арқылы байланыстарды нығайту тарихындағы ерекше кезеңді білдіреді.