2012 ж.


     2012 жылдың 21 желтоқсанында ҚР Тұңғыш Президенті Музейінде Тәуелсіздік күніне арналған «Туған жерім» ІХ Халықаралық балалар сурет байқауы жұмыстарының көрмесі және байқауға қатысушылардың салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Көрме Музейдің «Балалық шақтан көзқарас» атты жобасы аясында ұйымдастырылды. Биылғы байқауға Қазақстанның 15-ке жуық қалаларынан 6-16 жас аралығындағы балалардың жұмыстары қатысты. Ең үздік суреттердің авторлары мақтау қағаздары және естелік сыйлықтармен марапатталды.
      Байқау ұйымдастырушылары Музей, «Құланшы» заманауи өнер Орталығы және Астана қ. білім басқармасының қолдауымен Астана қаласының ЮНЕСКО – Балалар көркемсурет мектебі болып саналады. «Туған жерім» байқауы – ұлтжандылық пен азаматтық жауапкершілікті тәрбиелеу, балалардың туған жеріне деген сүйіспеншілігін ояту, Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қызығушылығын арттыру, сонымен қатар балалар көркемсурет шығармашылығын көпшілікке тарату және дамытуға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Экспозициядағы жұмыстар «Қазақстанның өткен шағына саяхат», «Қазақстан халқының аңыздары мен ертегілері», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары», «Астана – болашақтың қаласы», «Қазақстан 20 жылдан кейін» атты тақырыптық бағыттарда ұсынылған.

 


      Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің ұжымында ерекше оқиға орын алды. Мемлекет Басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 05.12.2012 ж. Жарлығымен Экспозицияларды және экскурсиялық қызметті ұйымдастыру орталығының жетекшісі Нұржамал Алдиярқызы Шырымбаева мемлекеттік және қоғамдық қызметте cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 

 



      2012 ж. 11 желтоқсанында Алматы қ. мәдениет пен өнер саласындағы жас қазақстандық қайраткерлерге Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының жыл сайынғы сыйлығын жеңімпаздарға салтанатты түрде табыс ету рәсімі өткізілді.
      «Жан жылуын сыйлайық» әлеуметтік жобасымен «Музей қызметі» номинациясы бойынша дипломмен және төсбелгімен қатар «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты» атағына ие болған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің бірқатар қызметкерлері марапатталды:
1. Хұсайын Ергелді Ғалымұлы – Экспозицияларды және экскурсиялық қызмет көрсетуді ұйымдастыру орталығының бас сарапшысы;
2. Шоткина Әсел Қанатқызы – Экспозицияларды және экскурсиялық қызмет көрсетуді ұйымдастыру орталығының жетекші сарапшысы;
3. Оспанова Әсия Әділқызы – Музей педагогикасы орталығының аға оқытушысы.

 



      2012 жылдың 8 маусымында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде болып, «Борис Ельцин және оның кезеңі» атты көрмемен және Музейдің тұрақты экспозицияларымен танысты.

 



     2012 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Түрлі-түсті мозаика» балалар шығармашылығының сайыс-фестивалі өткізілді. Бұл – «Балалық шақтан көзқарас» жобасы аясындағы ҚР Тұңғыш Президентінің Музейі мен Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының бірлескен іс-шарасы.
      Фестиваль Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған. Бұл бүлдіршіндер үшін ең қуанышты мерекелердің бірі ғана емес, сонымен қатар бұл күн – ересектерге балалардың үнемі қамқорлықты қажет ететіндігін, олар үшін үлкен жауапкершілік алатындығын ұмытпауды еске салады.
      Сайысқа 6-дан 13 жасқа дейінгі 70 бала қатысты. Жеңімпаздар мына номинациялар бойынша бөлінді: «Face art» сайысы – аквагриммен бет татуажы, Астана туралы молбертте салынған сурет сайысы, асфальтта сурет салу сайысы (бормен).
      Музейдің бейнелеу өнері студиясы, Балалар көркемсурет мектебі шығармашылық ұжымының белсенді қызметі – балалар шығармашылығымен таныстыруды жыл сайын нағыз мерекеге айналдыруға мүмкіндік береді. Фестивальге қатысушы – жас суретшілердің жұмыстары Музейдің экспозициялық залына қойылады.
      Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Музей директорының орынбасары К. Ақтаева, Астана қ. Балалар көркемсурет мектебінің директоры Г. Исенова, сонымен қатар әділ-қазылар алқасының төрағасы, ҚР Көркемөнер Академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Т. Батанов қатысты.
      Астана қ. № 1 музыка мектебінің шығармашылық ұжымдары байқау қонақтары мен қатысушыларын өз өнерлерімен таңғалдырып, ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің алғыс хатына ие болды.

 



Қазақстан халқының бірлігі күніне арналады
      2012 жылдың 3 мамырында ҚР Тұңғыш Президенті Музейіндегі бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер балалар студиясының тәрбиеленушілеріне арналған «1 мамыр – достық мейрамы» атты байқау-фестивалі өтті. Студия оқытушылары дайындаған қызықты бағдарлама барысында балалар республикада өмір сүретін халықтардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары жайлы өз білімдерін ортаға салып, жаңа мәліметтер алды.
      Ең үздік ұлттық киім және сурет байқауының жеңімпаздары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Балалар Музей алдында тілектері жазылған қағаз көгершіндері бар шарларды аспанға ұшырып, фестивальді аяқтады.

 



       2012 жылдың 30 мамырында Дмитрий Иванович Петрухиннің атақты байкі мен басқа да құнды артефактілерді біздің Музейдің қорына мемлекеттік сақтауға өткізудің салтанатты рәсімі өтті.
      Дмитрий Иванович Петрухин – Қазақстан Географиялық Қоғамының Президенті, Қазақстан байкерлер Ассоциациясының Президенті, «Достық» орденінің иегері (2006 ж.), «Алтын Адам» премиясының екі мәрте лауреаты (2007, 2009 жж.), Алматы қаласы мәслихатының 4-ші және 5-ші шақырылымының депутаты. Д.И. Петрухин – бірегей жоба – «Шоқан Уәлиханов» желкенді яхтасымен Жершары саяхатын жасаған ғылыми-зерттеу экспедициясының ұйымдастырушысы. 2007 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев саяхатшыларға еліміздің байрағын табыстай отырып, сәт сапар тілегімен Ақтау портынан шығарып салды.
      2004 – 2011 жж. аралығында Д.И. Петрухин өзінің «темір тұлпарымен» бүкіл дүниежүзін шарлап, әлемнің 80 елін Қазақстанның мемлекеттік байрағымен таныстырған болатын. Әлемдік мотожорық тарихындағы теңдесі жоқ оқиға – 200 000 шақырымдық жолды бағындырған ол – Гиннестің рекордтар кітабына енді.
      2008 – 2011жж. Қазақстанда табысты өткен VII Қысқы Азия ойындарын насихаттау мақсатында Азия мен Таяу Шығыс аймағының 40 елі бойынша өткен авто-мотожорыққа қатысқан.
      Өзінің атақты байкін, 2011 жылғы Азиада ойындарына қатысқан мемлекеттердің спорт министрлерінің қолтаңбалары қойылған Азия Олимпиадалық Кеңесінің туы, жиһанкездік картасы, көптеген фотосуреттер, кәдесыйлар, байкердің толық жабдығын Дмитрий Иванович Музей қорына тұрақты сақтауға табыс етті. Жақын арада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейіне келушілер аталмыш жәдігерлерді тұрақты экспозициядан тамашалай алады.
      Бұл іс-шара «Нұр Отан» ХДП Сарыарқа аудандық бөлімшесі мен «Жас Отан» белсенділерінің қолдауымен өткізілді.