"Елбасытану" жобасы
2016 жылдың 10-11 қазанында Алматы облысы Қарасай ауданы Абай мектебінің оқушыларына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің бас ғылыми қызметкері Омарова Л.Ә. «Елбасытану» элективті курсы шеңберінде дәрістер өткізді. Аталмыш курс Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі мен Қарасай аудандық тарихи-өлкетану мұражайы бірлесе ұйымдастырған іс-шаралар аясында өткізілді. Оқушылармен бірге «Елбасытану» курсына Қарасай ауданы мұражайларының жетекшілері – Қарасай аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Қожанова М.М., Қарасай батыр мектебіндегі «Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайының жетекшісі Байқонысова Р.Ш., Үшқоңыр орта мектебі «Президент әлемі» мұражайының жетекшісі Көсемова А.Р., Райымбек ауылындағы «Анаға құрмет» мұражайының директоры Естемесова Б.Ә. және тағы да басқа мұражай қызметкерлері қатысты.
«Елбасытану» курсы, «Жастардың бойында лидерлік қасиетті дамыту жағдайлары» семинар-тренингі, Елбасының замандастарымен өткізілетін «Өнегесі мол өрісті тұлға» атты «дөңгелек үстел» сынды іс-шаралар кешенінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Тұңғыш Музейі директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Қайыпова Б.М. Елбасының кіші Отаны – Қарасай ауданында ұйымдастырылып отырған іс-шаралар мұражайлар арасындағы көп жылғы ынтымақтастықтың жемісі деп атап көрсетті. Мұражайлармен бірлесе атқарған ауқымды жұмыстарды саралай келе, «бүгінгі өткізілетін іс-шаралар кешені осы жылдар ішіндегі әріптестік қарым-қатынасымыздың айғағы және серіктестігіміз келешекте де лайықты жалғасын табады» деп сенім білдірді.
«Елбасытану» курсы шеңберіндегі дәрістер барысында Л. Омарова Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің ғылыми-зерттеу, ғылыми-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жинақталған мазмұнды деректер туралы баяндады. 2005-жылдан бастап Елбасының туған жері Алматы облысының Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, Үшқоңыр ауылына, оқып білім алған жері Украинаның Днепродзержинск қаласына, еңбек етіп, қызмет атқарған Теміртау, Қарағанды, Алматы қалаларына жасалған ғылыми-іздестіру экспедициялары мен іссапарлары нәтижесінде табылған, анықталған құнды мәліметтер жайлы әңгімелеп, материалдарды слайдтар арқылы оқушылар назарына ұсынды. Мұрағаттар мен кітапханалар қорынан табылған Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өмірбаяны мен қызметіне қатысты көпшілікке белгісіз ақпараттар тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын туғызды.
Элективті курсты қорытындылаған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Музейі директорының орынбасары Қайыпова Б.М. Елбасы Н.Ә. Назарбаев оқып, түлеп ұшқан білім ордасы – Абай мектебінің оқушыларына алғыс айтып, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің атынан Алғыс хат пен сертификаттар табыс етті.
Іс-шара соңында оқушылар мен мұражай қызметкерлері естелік фотосуретке түсті.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің шаралары 2016 жылдың 22 сәуірінде «Елбасытану» курсының аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың курстасы, техника ғылымдарының докторы Қабидолла Сарекеновпен Политехникалық колледжі мен Инновациялық колледждің оқушыларымен кездесу өткізумен жалғасты.
Сарекенов Қабидолла Зұлқашұлы 1958-1960 жылдары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге Украинаның Днепроджерзинск қаласындағы № 8 кәсіптік-техникалық училищеде металлург мамандығын меңгерген. 1960-1978 жж. шойыншы, көрікші, газшы, өндірістік шебер болып еңбек атқарады. Металлургияға деген кәсіби қызығушылығы Қарағанды политехникалық институтының филиалында оқыған тұста арта түседі. 1978-1988 жж. аралығында Қарағанды металлургия комбинаты партия комитеті хатшысының орынбасары, Қазақстан Коммунистік партиясы Теміртау қалалық комитетінің хатшысы, Теміртау қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады.
2000-жылдары домналық балқыту технологиясы бойынша ғылыми жұмыстардың циклын жариялап, докторлық диссертация қорғайды.
Қ.З. Сарекенов – ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қырыққа жуық ғылыми еңбектің және қара металлургия саласында бір өнертабыстың авторы. Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі. «Құрмет белгісі», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің және бірнеше медальдардың иегері.
Кездесуде Қабидолла Сарекенов өз өмірбаяны мен өнегелі еңбек жолдары туралы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевпен танысып жолдас болуы жайлы мазмұнды әңгімелеп, қызықты естеліктерімен бөлісті.
Іс-шара барысында Президенттің достары мен серіктестерінің сүйікті әндері мен өлеңдері орындалды. Құрметті қонақ Мемлекет басшысының жиі орындайтын әндерінің бірі «Айнамкөзді» айтып берді. Кездесу Президенттің сүйікті «Дедімай-ау» әнін орындаумен аяқталды.



