2017 жылғы 18 тамызда Екібастұз қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің ғылыми қызметкері Д.С. Кушунова «Музей педагогикасы» тақырыбында тренинг өткізді. Тренингке Павлодар облысы қосымша білім беру саласының педагогтары қатысты.

Екібастұз қаласындағы «Музей педагогикасы» көшпелі тренингі

2017 жылғы 18 тамызда Екібастұз қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің ғылыми қызметкері Д.С. Кушунова «Музей педагогикасы» тақырыбында тренинг өткізді. Тренингке Павлодар облысы қосымша білім беру саласының педагогтары қатысты. Оқыту Павлодар облысының қосымша білім беретін педагог қызметкерлерінің «Қосымша білім беру жүйесін жаңғырту арқылы білім алушылардың қоғамдық санасын қалыптастыру» атты тамыз конференциясының аясында ұйымдастырылды.

Мәжілістің панельдік сессиясына Павлодар облысының Білім беру басқармасы, «Нұр Отан» партиясы, Екібастұз қ. «АНА ұлағаты» қоғамдық бірлестігі, Екібастұз қ. Ішкі істер басқармасы, Балалар мен жасөспірімдер экология және туризм орталығының өкілдері, мектеп директорлары, Павлодар облысының 150-ден астам қосымша білім беру педагогтары қатысты.

Қосымша білім беретін педагогтардың ғылыми-теориялық дайындығын қамтамасыз ету, өскелең ұрпаққа білім мен эстетикалық тәрбие беру, жүйелі әдістерді қолдану, қосымша білім беретін мекемелерде музейлік педагогика технологияларын құру және қатысушылармен тығыз қарым-қатынас орната отырып музейлік-педагогикалық жұмыстарды ұйымдастырудағы музейлік ортаның, музейлік-педагогикалық үдерістің рөлін ашуға мүмкіндік беретін кәсіби біліктілікті арттыру тренингтің негізгі мақсаттары болып айқындалды.

Тренинг барысында музей педагогикасының музейлік орта жағдайында педагогикалық үдеріс арқылы мәдени тәжірибе алмасуға бағытталған қазіргі заманғы музейдің ғылыми-тәжірибелік саласы ретінде ерекшелігі ашылды, педагогтың кәсіби біліктілігінің құрамдас бөлігі және практикалық қызметінің әдіснамалық негізі ретінде мәдениеттанушылық біліктілігінің мәні мен мазмұны көрсетілді. Тренинг тыңдаушыларына өзіндік диагностика негізінде аймақтық қосымша білім беруді гумандандыруға қатысудың қажетті шарты ретінде мәдениеттанушылық біліктілікті жетілдіру бойынша өзіндік жұмыстың негізгі бағыттары мен міндеттерін анықтау ұсынылды.

Стартап-презентация барысында тренингке қатысушылар тәуелсіз Қазақстанның табыстары мен оның Көшбасшысы – Н.Ә. Назарбаевтың тарихи рөлін көпшілікке насихаттауға бағытталған Елбасы Кітапханасының тәжірибесі, ғылыми-білім беру жобалары, музейлік-педагогикалық қызметінің түрлерімен таныстырылды.