2008 ж.
Астананың 10 жылдық мерейтойына орай Музей әр түрлі іс-шаралар өткізді. 2008 жылдың 23 мамырында «Гүлдей жайна, Астана» тақырыбында балалар мерекесі өткізілді. Бұл жолы Білім беру бағдарламасының қатысушылары №41 «Қызыл желкен» балалар үйінің тәрбиеленушілері, олардың ата-аналары мен ұстаздары болды.
Мерекенің негізгі бөлімінде мектеп жасына дейінгі балалар шетелдерге ресми сапармен барған кезде және іскери кездесулер барысында Президент Н.Ә. Назарбаевқа сыйға тартылған өнер, кескіндеме, мүсін өнері туындыларынан, кәдесыйлардан тұратын Музей коллекцияларымен танысты. Әрбір жәдігер – біздің халқымызға деген ерекше құрмет пен сыйластықтың белгісі, Қазақстан Республикасы мен оның Лидерінің халықаралық беделін тануының белгісі. Президенттің жеке мұрағатынан алынған бірегей құжаттар – Мемлекет басшысының қолымен сызылған астананың болашақ ғимараттарының нобайлары ерекше қызығушылық туғызады.
Музей педагогтері Президентке Қазақстан құрылысшылары ассоциациясы сыйға тартқан кәдесыйды ұсынды, ол астананы көшіру идеясын жүзеге асырудағы Н.Ә. Назарбаев еңбегін көрсетеді. Кәдесый Дамаск болатынан құйылған қалақ, онда «Қазақстанның бас құрылысшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа» деген жазу жазылған.
Мерекеден ескерткіш ретінде балаларға естелік кәдесыйлар тапсырылды.
|
|
|
2008 жылдың 30 мамырында Астананың 10 жылдық мерейтойына орай Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мереке өтті. Оның бағдарламасында мынадай мәселелер қамтылды:
• Астана қ. мектеп жасындағы кішкентай балаларға (5-9 жас аралығындағы) арнап асфальтқа сурет салу конкурсы;
• 2008 жылдың көктемінде өткен «Астана бояулары» қалалық балалар конкурсының (10-17 жастағы балалар арасында) қорытындысы бойынша марапаттау және көрменің ашылуы.
2008 жылы өткен «Астана бояулары» қалалық балалар конкурсына Астана қ. Балалар көркемөнер мектебі мен жалпы білім беретін оқу орындарының 10-17 жастағы оқушылары қатысты. Конкурсқа 60-тан астам жұмыс ұсынылды. Олардың ішінен 26 суретті әділ қазылар алқасы ең үздік деп таныды. Іріктеу турының нәтижесінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде конкурс жеңімпаздары мен оған қатысушылардың жұмыстарының көрмесі ашылды..
Іс-шараның құрылтайшылары танымдық-ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастырды. Мерекеге сайқымазақтар мен сүйікті ертегілердің кейіпкерлері келді. Бірде-бір бала назардан тыс қалмады. Асфальтқа сурет салушылар конкурсына қатысушылар дипломдарға, сертификаттарға, сыйлықтарға ие болды.
|
|
|
2008 жылдың 5 қарашасында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Эстетикалық көркем тәрбие беру саласында қосымша білім беруді ұйымдастырудың нормативтік-құқықтық базасы» тақырыбында ІІІ республикалық ғылыми-практикалық коллоквиум ашылды.
Коллоквиумды өткізуге бастамашылық жасаған - № 18 Балалар көркемөнер мектебі мен ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің жанындағы Бейнелеу және қолданбалы өнер студиясы. Музей өзінің алғашқы жұмыс істеген күнінен бастап Балалар көркемөнер мектебімен ынтымақтасып жұмыс істейді. 2006 жылдың ақпанында Музейдің жанынан Балалар бейнелеу және қолданбалы-сәндік өнер студиясы ашылды. Серіктестік нәтижесінде бірлескен көрмелер – көркем шығармашылық конкурстарын өткізу мүмкіндігіне қол жеткізілді, олар - «Туған жерім», «Астана бояулары», «Балалар әлемі» конкурстары. Бұл конкурстардың қорытындылары бойынша «Қатысушылардың үздік жұмыстарының каталогтары» шығарылады. Бейнелеу өнері студиясының қызметінде оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу үлкен орын алады. Тұңғыш Президент Музейі жәдігерлерінің арқасында бейнелеу өнері студиясының тәрбиеленушілері тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының негізгі кезеңдерімен танысуға, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құрудағы тарихи рөлін түсінуге мүмкіндік алады.
Коллоквиумның ашылуына ҚР облыстық Балалар көркемөнер мектептерінің басшылары мен ұстаздар, Астана қ. Білім беру басқармасының қызметкерлері, астаналық Қазіргі заманғы өнер музейінің, «Құланшы» (Астана қ.) қазіргі заманғы өнер орталығының қызметкерлері қатысты.
Коллоквиумға қатысушылардың пікірлері бойынша, бұл – Қазақстан Республикасы қосымша білім беру жүйесі қызметіндегі айтулы оқиға.
Коллоквиумның басты мақсаты – мынадай мәселелерге қатысты сұрақтарды талқылау:
• шығармашыл белсенді жас ұрпақтың тәрбиесі;
• ҚР қосымша білім беру жүйесін жетілдіру;
• жоғары білікті кадрлар даярлау;
• білім беру мазмұнының сапасын көтеру және білім беру процесін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету.
Коллоквиум бағдарламасы 3 күнге есептелген, соған сәйкес қарар қабылданған.







