2010 ж.
2010 жылдың 17 мамырында «Отбасы күні» қарсаңында гендерлік теңдік тақырыбы аясында мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараға Еуропалық одақ Өкілеттілігінің басшысы, елші Норбер Жустен, мүмкіндігі шектеулі балалар, жетім балалар, көпбалалы отбасының балалары мен мектеп оқушылары қатысты. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі мен Еуропалық одақ Өкілеттілігі ұйымдастырды. Музей директоры Алма Сағынғали Музейдің тарихи және мәдени құндылықтардың ордасы ғана емес, балалар талантының шыңдалуында маңызды орын алатын білім ордасы екендігін атап өтті. Музейде 5–9 жас аралығындағы балалар оқитын Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер студиясы жұмыс жасайды. Осыған орай, 2005 жылдан бері «Бала және мәдениет» жобасы аясында «Туған жерім» астаналық балалардың сурет конкурсын өткізу дәстүрге айналып келеді.
|
|
|
|
«Балаларды әлеуметтік бейімдеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Колмогорова Елена Анатольевна өз сөзінде мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік-психологиялық және құқықтық көмек пен қолдау көрсету мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарын атай отырып, ұйымдастырылып отырған іс-шара үшін Музей әкімшілігіне алғысын білдірді. Іс-шараға келген қонақтар мерекелік танымдық-ойын-сауық пен концерттік бағдарламаларды тамашалады. Әсіресе, «Астананың жас сұлуы – 2005» конкурсының жеңімпазы, «Жас сұлу «Шабыт-2005» атағының жас иеленушісі Бейісова Аида Е. Крылатовтың «Қанатты әткеншектер» әнін орындаса, № 14 орта мектебінің оқушысы Бүбішова Әнел «Сәулем-ай» халық әнін қобызда орындап берді. Мерекелік іс-шараға Астана қ. Оқушылар сарайынан келген «Бәйтерек» ансамблінің орындауындағы бишілердің өнеріне қонақтар тәнті болды.
|
|
|
Балалар аудиториясымен жұмыс Музей қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып табылады. Бұл тұрғыда «Менің жанұям» тақырыбына ұйымдастырылған газет байқауы барысында мүмкіндігі шектеулі балалардың өз қиял-армандарынан туған бақытты жанұя туралы ойлары газеттерінде бейнеленіп, көрермендердің көңілінен шықты.
|
|
|
Балалардың көңілінен шыққан шаралар жанұя туралы жұмбақтарды шешу мен түрлі ойындарға қатысу болды. Әке мен ана туралы, отбасы мүшелерінің санын шешу балалардың ерекше қызығушылығын туғызды. Әсіресе, мектеп оқушыларымен бірлесе ойын ойнау олардың шара барысында белсенділіктерін арттырды. Іс-шараға қатысушы барлық балаларға ұсынылған түрлі сыйлықтар мен тәтті тағамдар шын мәнінде мерекелік сыйлық болды.
|
|
|












