«Болашақ Қазақстанның энергиясы» балалар шығармашылығының көрмесі

«Болашақ Қазақстанның энергиясы» балалар шығармашылығының көрмесі

 

2017 жылдың 8 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы музейінің ғимаратында «Болашақ Қазақстанның энергиясы» балалар шығармашылығы көрмесінің ашылуы өтті және Шеврон компаниясының қолдауымен Астана қ. ЮНЕСКО клубы – Балалар көркемсурет мектебі аталмыш тақырыпта ұйымдастырған Республикалық сайыстың жеңімпаздары марапатталды.

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуы қарсаңында ұйымдастырылған бұл сайыстың тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталатын көрменің тақырыбына тікелей байланысты. Сайыс балаларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетке тәрбиелеу және өскелең ұрпақтың арасында бейнелеу өнерін насихаттап, шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Кітапхана музейі бірінші қабатының фойесінде орналасқан көрмеде 12–16 жас аралығындағы Қазақстанның бірнеше өңірлерінің балаларға арналған көркемөнер мектептері оқушыларының ең үздік 100-ден астам жұмысы ұсынылды. Байқауға Қазақстанның 17 көркемөнер ұйымдарының шәкірттері мен Астана қ. балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. Сайысқа түскен барлық жұмыстар ҚР Суретшілер одағы, өнер қайраткерлері және ҚР еңбегі сіңген суретшілерден құралған кәсіби қазылар алқасымен бағаланды.

«Бүгінгі таңда ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу үшін Қазақстанның елордасына дүниежүзі жиналып отыр. Біздің көрменің тақырыбы «Болашақ Қазақстанның энергиясы» кездейсоқ таңдалған жоқ. Сіздердің туындыларыңыз бен шығармаларыңыз жаңа экологиялық тәрбие, жаңа қазақстандық патриотизмді бейнелейді», – деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов көрмені ашқан алғы сөзінде.

«Шеврон» компаниясының үкіметпен байланыс жөніндегі кеңесшісі Талғат Оңайбаев компанияның атынан барлық жеңімпаздарды құттықтады. «Қазақстандағы 20 жылдық қызметі барысында «Шеврон» компаниясы бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Экологиялық суреттер мен пленэрдің республикалық сайысы сол жобалардың бірі болып табылады. 15 жыл ішінде сайысқа 2 мыңға жуық оқушылар қатысты. Осы жылдар аралығында біздің компания бұл сайысқа қолдау көрсетіп келеді. Себебі оның мақсаттары мен ұстанымдарын компания толығымен қолдайды. Бұл дегеніміз – қоршаған ортаны аялау, шығармашылық қабілетті дамыту, жастарға экология туралы тәлім-тәрбие беру және өнер мен мәдениетті қолдау. Біздің компания жыл сайын сіздердің суреттеріңізбен безендірілген күнтізбелерді басып шығарады. Олар республикамен қатар әлем елдеріне таратылады. Біз әрқашанда «сіздердің шығармашылықтарыңыз» деген жоғары мақтауларды естиміз».

Астана қ. ЮНЕСКО клубы – Балалар көркемсурет мектебі қызметкерлерінің дайындаған танымдық және ойын-сауық бағдарламасының арқасында Астана қаласында болған төрт күн қас қағым сәтте өтіп кетті. Мектеп директоры Гүлзия Исенова бастапқыда 200 жұмыс ұсынылғанын атап өтті. Ең үздік 100 жұмыс таңдап алынды.

«Менің ойымша, балалардың жолы болып, ЭКСПО-ның қарсаңында елорданы көруге, танымал суретшілермен кездесуге, әртүрлі шеберлік сыныптарына қатысуға мүмкіндік алды», – деді Гүлзия Исенова.

12–14 жас аралығы бойынша Бас жүлдені Алина Утаева (Астана қ.), 15–16 жас аралығында Диана Өтетілеуова (Ақтөбе қ.) жеңіп алды. 

«Болашақ Қазақстанның энергиясы» шығармашылық сайысының жеңімпаздары үшін бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, керамика және мүсіндеу өнерлері бойынша шеберлік сыныптары өткізілді. Сонымен қатар, балалар үшін Астана қаласы бойынша және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде экскурсиялар жүргізілді. Арнайы Балаларды қорғау күніне Алматы қаласынан кәсіби кинологтар тобы келіп, музей ғимаратының алдындағы алаңда көрнекі бағдарламасын көрсетті. Балалар үшін кинология өнерімен танысу – Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған нағыз кәсіби мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижелерін өз көздерімен көріп, тамашалай алатын сирек әрі бағалы сәт екені даусыз.