«ДӘУІР ТОҒЫСЫНДА» ҚОР КӨРМЕЛЕР ЦИКЛІ АШЫЛДЫ

«ДӘУІР ТОҒЫСЫНДА» ҚОР КӨРМЕЛЕР ЦИКЛІ АШЫЛДЫ

2017 жылдың 24 сәуірінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Дәуір тоғысында» қор көрмелер циклі ашылды. Көрме циклі Қазақстан Республикасындағы президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы тарихын мәтіндік материалдар, фотосуреттер, кітаптар және жәдігерлер арқылы кеңінен көрсетуді мақсат тұтады.

Биыл Қазақстандағы президенттік институттың қалыптасқанына 27 жыл.  Әрине, осы жылдар аралығында ол саяси жүйеміздің ажырамас бөлігіне әрі қоғамды жаңғыртудың қозғаушы күшіне айналып, өзінің өміршеңдігі мен тұрақтылығын дәлелдеді.

– Британ сәулетшісі Норман Фостердің жобасымен тұрғызылған, Елбасының батыл идеяларының нышанына айналған рухани ордада президенттік институтқа арналған қор көрмелері циклінің тұсауы кесілмек. Көрме бірнеше бөлімнен құрылған. Бірінші бөлім сыйға берілген кітаптар топтамасын қамтыса, екінші бөлім президенттік институттың өрістеу кезеңдерін бейнелейтін құжаттық және фото хроникаға арналған. Сонымен қатар екінші қабатта көпшілік назарына Кітапхана музейі қорынан кілемдер мен гобелендердің көрмесі де ұсынылған. Олар ресми сапарлар мен кездесулер кезінде Мемлекет басшысына сыйланған кілем тоқу өнерінің үздік үлгілері болып саналады, - деді көрменің ашылу салтанатында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева.

Көрмеге ұсынылған кілемдер мен гобелен бұйымдар Елбасы Н. Ә. Назарбаевқа мемлекет және үкімет басшыларынан, елшілерден, шетелдік делегациялар мен Қазақстан тұрғындарынан сыйға тартылған. Тарихи жәдігерлер арқылы ҚР дипломатиялық қарым-қатынастарының кеңістігі және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің басқаруындағы еліміздің жоғары беделі байқалады.

«Ел ішінен азамат шығып, елдің жүгін көтеріп, ең қиын кезде мемлекетіміздің, халқымыздың тізгінін ұстаған, соған жүрегі дуалаған, батыр адам, біздің ақылманымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Екі мыңжылдықтың, екі ғасырдың тоғысында Қазақстан өзінің таңдауының алдында тұрды. Тәуелсіздікті алған кезде қазақ халқының саны 39 пайыз ғана еді.  Сонда біздің тәуелсіздігімізді Қазақстанды мекендеген өзге ұлт өкілдері қолдады. Басқа мемлекеттердің тарихында мұндай болған емес. Береке, ынтымақ пен бірліктің арқасында мемлекет орнады», - деп атап өтті көрменің ашылуы барысында Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Көрменің 24 сәуір күні ашылуы кездейсоқ емес. Дәл осы күні, 1990 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Республика Президентінің лауазымы бекітілді және Жоғарғы Кеңестің шешімімен Н. Ә. Назарбаев ҚазКСР-нің Президенті болып сайланды.

Үлкен дағдарысқа ұшыраған кеңестік-партиялық жүйеге жаңа, белсенді әрі саяси тұрғыдан алғанда заманауи мемлекеттік құрылымды талап етті. Бұл – президенттік институт болды. Оның қалыптасуын біз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеяларымен және атқарған істерімен байланыстырамыз.

Бүгінде Қазақстан әлемдік қауымдастыққа қарқынды аяқ басып, бүкіл әлемге танылды. Еліміздің ішкі тұрақтылығы мен экономикалық дамуы мықты сыртқы саяси беделге ие болды. Алайда осы күнге жету үшін талай күрделі де тар жолдан өтуге тура келді. «Ғасырлар тоғысында» көрмесінің материалдары еліміз үшін елеулі оқиғаларды тағы бір саралап, Қазақстан Республикасының заманауи келбетін қалыптастырған өткен жылдардың түбегейлі өзгерісін тереңнен бағалауға мүмкіндік береді.