2017 жылдың 17 ақпанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуінің 20 жылдығына арналған «Астана – Қазақстан бірлігі мен тәуелсіздігінің нышаны» атты жаңа тұрақты экспозицияның ашылуы өтті.

2017 жылдың 17 ақпанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуінің 20 жылдығына арналған «Астана – Қазақстан бірлігі мен тәуелсіздігінің нышаны» атты жаңа тұрақты экспозицияның ашылуы өтті. Бұл экспозицияның Астанадағы алғашқы Президент резиденциясының «Алтын» залында орналасуының ерекше мәні бар. Осы жерде 1998 жылы Астана құрылысының эскиз-идеясына жарияланған ашық халықаралық конкурстың жеңімпазы Кисё Курокава өзінің жобасын ұсынған еді. Дәл осы залда қала құрылысының бас жоспары қабылданған болатын.
 
«Астана – Қазақстан бірлігі мен тәуелсіздігінің нышаны» экспозициясы музей жинағының материалдарын талдау және қызметкерлердің іздену жұмыстарының негізінде елордамыздың қалыптасуы мен даму тарихын кешенді түрде зерттеуінің нәтижесі болып табылады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында қажетті дереккөздер қоры шоғырланған: музей жинақтары Н. Ә. Назарбаев бастамасымен және тікелей қатысуымен жүзеге асырылған тәуелсіздік кезеңіндегі оқиғалар мен үдерістерден көрініс беретін заттық-бұйымдық жәдігерлер кешенін қамтиды; мұрағат Мемлекет басшысының саяси бағытын айқындайтын бірегей құжаттарды құрайды.
 
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ақтаева Күләйша Қабдуәлиқызы көрмені ашқан алғы сөзінде:
«Астана жаңа әлемдегі Қазақстанның мақтанышына, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың мемлекеттік жетістігіне және саяси көрегендігіне, сондай-ақ ұлттық идеяны бекіту және елдерді біріктіру нышанына айналды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру стратегиялық бастамасы еліміздің жаңа тарихындағы тағдыр шешті оқиға болды». 

Жаңа экспозицияның маңыздылығын Астана қ. әкімінің орынбасары Аманшаев Ермек Әмірханұлы атап өтті:
 
«ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың мегажобасы болған Астана қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылды. Елордаға күн сайын бірнеше буын өкілдерінен құралған өңірлердің тұрғындары келеді және Астананың қалыптасу тарихымен танысады. Осы ретте бұл экспозиция туристерге жаңа Қазақстанның нышаны – Астана тарихын танытады».

ҚР Мәжілісі Парламентінің депутаты Казанцев Павел Олегович, 1995–1997 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары ретінде елорданы көшіру мәселесімен тікелей айналысқан болатын, ол өз сөзінде: 
 
«Жаңа экспозицияның ашылуымен елорданы орнықтыру мәселелерімен айналысқан сәттерміз ойға оралып отыр. Бірнеше жылдар өтті, дегенмен, экспозициядан алған әсерім мені күндіз-түні еңбек етіп, ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың жаңа елорданы салу жобасына атсалысқан сәттеріме сапар шеккізді. Сондай-ақ, көрменің ашылуы Президенттің Қазақстан халқына арналған Жолдауы мен Елбасы ұсынған конституциялық реформаларды жалпы халықтық талқылау кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр».
 
Экспозицияның ашылу салтанатына ҚР Мәжілісі Парламентінің депутаттары, Қазақстанда тіркелген елшіліктердің өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты. 

Құжаттық дереккөздердің ішінен Қазақстан Республикасының Президенті    Н. Ә. Назарбаевтың Астананың тұсаукесері мен Қала күніне арналған салтанатты кеште, жаңа елорданың ғимараттарын таныстыру және ашу рәсімінде, Астана құрылысы мен оның даму мәселелері жөнінде кеңестерде сөйлеген сөздерінің мәтіні, елордамызды көшіру мәселелеріне қатысты кездесулердің жұмыс жазбалары бар блокноттар, БАҚ өкілдеріне сұхбаттар, баспасөз мәжілістерінің стенограммалары тәрізді фото және дәстүрлі құжаттарды бөліп қарастыруға болады. Қазақстанның жаңа елордасы – Астана қаласының тұсаукесеріне орай өзге мемлекет басшыларынан келген құттықтау хаттары үлкен қызығушылық тудырады. Музей жинағында Н. Ә. Назарбаевтың өз қолымен салған Астананың айтулы ғимараттарының эскиздері, Президенттің жаңа елордамыздың негізін қалауға қосқан үлесін айқындайтын қоғамдық марапаттары, Астананың өсу қарқынын баяндайтын кәдесыйлық композициялар сақталуда.
 
Жаңа экспозиция төрт тақырыптық бөлімнен тұрады: «Қазақстан астанасының Алматыдан Ақмолаға көшірілуі – Қазақстанды жаңғыртудағы жүйелі реформалардың маңызды бөлігі»; «Астананың қалыптасуы мен дамуындағы  Н. Ә. Назарбаевтың рөлі»; «Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы»; «Қазақстан астанасының халықаралық имиджі». Негізгі экспозицияны Қазақстанның бұрынғы астаналары туралы ақпараттар топтамасы ашады. Бірегей архивтік кұжаттар және жәдігерлермен таныса келе, келушілер 20 жыл ішіндегі Астананың таңғажайып  тарихымен, айрықша оқиғаларымен рет-ретімен танысуға мүмкіндік алады.
 
Үлкен көрме залында арнайы ашылу салтанаты үшін Астанаға аранау ретінде Кітапхананың музейлік қорынан сәндік қол өнер және кескіндеме туындыларының топтамасы ұсынылған. Кіші көрме залында Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Төлеуғазы Байғалиевтың және оның «Baigaliev» арт-студиясындағы шәкірттерінің туындылары орналасқан.
 
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Музейі ғимаратының қонақтары Қазақстан Республикасы астанасының қалыптасу тарихын аса күрделі шешімдер мен маңызды құжаттарға қол қойылған тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Президент Резиденциясының орынымен тікелей байланыстыруға бірегей мүмкіндік алады.