Бүгін Елбасы Кітапханасының Музейінде «Астана» университетінің студенттеріне «Президент Республики Казахстан и межнациональное согласие» дәрісі оқылды.

Сақтықта – қорлық жоқ. Көпэтносты қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау
 
        Бүгін Елбасы Кітапханасының Музейінде «Астана» университетінің студенттеріне «Президент Республики Казахстан и межнациональное согласие» дәрісі оқылды.
        Дәрісті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова жүргізіп, республика тәуелсіздігін нығайту әрі оның халықаралық аренадағы беделі мен рөлінің өсуіне, экономиканың дамуына, елдегі саяси-әлеуметтік жағдайдың тұрақтануына негіз болған ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің ерекшеліктері туралы баяндады.
 
       Дәріс барысында тренинг элементтері белсенді қолданылды, оның негізінде студенттер этносаралық қатынастар арасында кездесетін түрлі жағдаяттық мәдениет үлгілерін бейнеледі. Ұлтаралық және конфессияаралық мәселелерді талқылау пікірталас түрінде өтті.
– Қазақстанның бүгінгі жастары білімді, ұтқыр, шапшаң. Жастар әлеуметтік жағдай тұрғысынан емес, азаматтық тұрғыдан пайымдайды. Қазақстандағы ұлтаралық келісім саясаты, осы саясаттағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі тақырыбы олардың жоғары азаматтық деңгейдегі көзқарасын қалыптастырады, – деп атап өтті дәрісті қорытындылаған Ботагөз Қайыпова.
«Астана» университетінің студенті Ернар Бабаканов дәрістен алған әсерімен бөлісті:
– Мені еліміздегі конфессиялар арасындағы қарым-қатынастар, ұлтаралық және дінаралық негіздегі қақтығыстарды туындататын себептердің шығу мәселелері қызықтырды. Бүгінгі дәріс барысында көтерілген тақырыптар көпэтносты қоғамда тұрақтылық пен келісімді сақтау шынында күрделі мәселе деген ой қалдырды.
«Астана» университетінің бірінші курс студенті Диляфуз Назимова, Елбасы Кітапханасының қорындағы қызықты фото- және киноқұжаттарға назар аударды:
– Бүгінгі дәріс барысында талқылаудан тыс қалған өзекті мәселелер жоқ секілді. Барлығы қызықты, тіпті әсерлі деп айтуға болады. Президенттің рөлі мен оның ЭКСПО-2017, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ЕЭҚ және т.б. бастамаларының маңыздылығы туралы дәріскердің терең әрі қызықты баяндауы маған ерекше ұнады.
        Дәріске келген студенттердің Елбасы Кітапханасымен алғашқы танысуы болғандықтан, оларға Президенттің Астанадағы бірінші Резиденциясының ғимараты бойынша шолу экскурсиясы жүргізілді.