2017 жылы 28 ақпанда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың замандасы, Алматы облысы Үшқоңыр ауылының тұрғыны Баубекова Әлфия Бағабиқызы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейіне келіп сұхбат берді.

2017 жылы 28 ақпанда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың замандасы, Алматы облысы Үшқоңыр ауылының тұрғыны Баубекова Әлфия Бағабиқызы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейіне келіп сұхбат берді. Әлфия Бағабиқызы Елбасы Н. Назарбаевтың жастық шағы, оқушылық кезеңі туралы естеліктерімен бөлісті, Кітапхана музейі экспозицияларымен танысты. Нұрсұлтан Әбішұлының Шамалған ауылындағы  Д. Фурманов атындағы мектепте оқып жүрген кезінде үздік оқушы ретінде пионер қатарына алғашқылардың бірі болып қабылдануы, Н.Ә. Назарбаевтың «Жас натуралистер» ұйымының мүшесі болып, 1956 жылы Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің медалін алуы (Москва қ.), Үшқоңыр баурайында өткен балалық дәурені жайлы әңгімеледі. Әлфия Бағабиқызы Н.Ә. Назарбаевтың анасы Әлжан апа Назарбаева ақжарқын, ісмер, өнерпаз адам, ал әкесі Әбіш ата Назарбаевтың еңбекқор, байсалды адам болғандығын ерекше сағынышпен еске алды. Ол кісінің айтуынша соғыс жылдарында Шамалған ауылына саяси-қуғын сүргін көрген көптеген ұлттардың өкілдері келіп тоғысады. Ата қонысынан еріксіз ажыраған кавказдық біраз ұлыстың өкілдері осы ауылға тұрақтайды. Туған жерлерінен еріксіз департацияланған басқа ұлт өкілдеріне Шамалған тұрғындары, оның ішінде Н. Назарбаевтар отбасы, өз ата-анасы пана болып, қамқорлық көрсетеді. Оларға Әбіш ата Назарбаевтар, Шамалған ауылының азаматтары бірлесіп үй салып береді. Әлфия апайдың бұл сөздеріне балкар ұлтының өкілі Шарафутдин Муллаевтың «Қайырымдылық ұмытылмайды»  деп аталған хаты айғақ болады. Социалистік Еңбек Ері, Кабардин-Балкар Республикасының азаматы Шарафутдин Муллаев Елбасына жазған хатында былай дейді: «Сол жылдардағы балкар халқының басына түскен тауқыметті ешқандай халыққа тілемеймін. Менің халқыма соғыс жылдарында саяси-қуғын сүргінге ұшырап, бір күнде Қазақстанға жер аударыла көшуіне тура келді. Көптеген жерлестерім, қариялар жолда, олардан да көбі қоныстанған жерлерінің ауа-райы жақпай қайтыс болды.

Бірнеше отбасылармен бірге менің отбасым да Шамалған ауылына табан тіреді. Осы ауыл тұрғындарының бізге жасаған қайырымдылығы мен адамгершілігін ешқашанда ұмытпаймыз. Егер де Әбіш Назарбаев секілді жандар болмаған жағдайда біздің көбіміздің аштықтан ажал құшуымыз мүмкін еді. Шамалғанда тұрған 13 жыл бойы Әбіш Назарбаев колхозда бригадир, ферма меңгерушісі болды. Бізге өзінің жақынындай қарап, қолынан келген барлық көмегін көрсетті. Ол кісі қабілетті  адам еді, аз ғана уақыттың ішінде балкар тілін үйреніп алды. Әбіш ағаның қарамағында жұмыс істей жүріп, қолымыздан келгенше ол кісінің бізге жасаған жақсылығын қайтаруға, бізге берген тапсырмаларын мұқият орындауға тырысушы едік.

Мен сол жылдарда Қаскелеңге қоныс аударған барлық балкарлықтардың атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа зор алғысымды айтамын және оның лауазымды қызметтерге тағайындалуымен құттықтаймын! Шарафутдин Якубұлы Муллаев. Нальчик қ. Тамыз, 1990 ж.».

(Хаттың орыс тілінде жазылған түнұсқасы Елбасының жеке мұрағатында сақталған. Жоғарыда қазақ тіліндегі аудармасы берілген).