2017 жылдың 10 наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында Қазақстанның БҰҰ-ға кіруінің 25 жылдығына және республикамыздың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі қызметінің басталуына арналған «Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік үшін әріптестік» қор көрмесінің ашылуы өтті.

Елбасы кітапханасында «Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік үшін әріптестік» көрмесі ашылды
 
 
2017 жылдың 10 наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында Қазақстанның БҰҰ-ға кіруінің 25 жылдығына және республикамыздың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі қызметінің басталуына арналған «Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік үшін әріптестік» қор көрмесінің ашылуы өтті.
Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болған 1992 жылғы 2 наурыз күні – Қазақстан тарихына ерекше күн болып енді. Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның 168-ші мүшесі болып қабылданғаны туралы 46/224 қарары БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясының пленарлық отырысында бірауыздан мақұлданды. Отырыстан кейін ұйымның штаб-пәтері алдында Қазақстанның туын көтеру салтанатты рәсімі өтті.
 
«Тәуелсіз Қазақстан әлемдік қауымдастықтың белсенді әрі жауапты қатысушысы болып табылады. Мәні жағынан тарихи акция болып саналатын бұл қадам, шын мәнінде, Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігіне кіруінің арқасында мүмкін болды. Міне, 25 жыл бойы Қазақстан ең беделді әрі жан-жақты ұйымның мүшесі болып табылады.
 
БҰҰ-ның мүшелігіне тағайындау халықаралық қауымдастықта кеңінен қолданылатын Қазақстан Республикасы және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітсүйгіш сыртқы және ішкі саясатына деген үлкен құрметті дәлелдеп отыр», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков көрмені ашқан алғы сөзінде.
 
Бұл оқиғаның Қазақстан үшін үлкен саяси маңызы болды, себебі бұл – жас еліміздің егемендігін халықаралық қауымдастықтың тануы еді.
 
Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев өз сөзінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі қызметіне басты назар аударып, Қазақстанның БҰҰ секілді өте маңызды жаһандық саяси ұйымның құрамына Орта Азия елдерінің ішінде алғашқы мемлекет болып таңдалуын ерекше атап өтті.
 
«Қазақстан Республикасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Мемлекет басшысының саяси сөйлеген сөздерінде нақты көрсетілгендей айқын бағытталған басымдықтарға ие. Бірінші кезекте, бұл сыртқы саяси қызметті дәстүрлі бағыттау: ядролық қарудан, шиеленістерді шешуге күш қолданудан бас тарту, интеграциялық үдерістерді нығайту, өркениет пен діннің үнқатысуын қолдау, лаңкестікке қарсы іс-қимыл және т.б.», – деді Ержан Ашықбаев.
 
1992 жылдың 5 қазанында Президент Н. Ә. Назарбаев пен БҰҰ Бас хатшысы Бутрос Бутрос-Гали қажетті келісімге қол қойғаннан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымы 1993 жылдан бастап Қазақстанда өз жұмысын бастады. Ширек ғасыр ішінде бейбітшілік үшін әріптестік айқындалды, нақты мақсаттар белгіленді.
 
ҚР бірінші сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов өзінің құттықтау сөзінде: «Халықаралық қауымдастықтың тең құқылы мүшесі болу үшін БҰҰ-ның мүшесі болу қажет. БҰҰ – ең беделді халықаралық ұйым. Бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық, қарусыздану – бұлар тәуелсіздіктің таңы атқан тұста өзіміз үшін таңдаған басты жол болды», – деді.
«Қазақстан дүниежүзінде өз еркімен әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарттқан мемлекет ретінде үлкен абыройға ие болды. БҰҰ-ның арнайы шешімімен 29 тамыз ядролық қаруға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жарияланды», – деді Қазақстан, Қырғызстан, Түркменстан және Өзбекстандағы Халықаралық көші-қон ұйымы миссиясының басшысы және Орталық Азия бойынша үйлестіруші Деян Кесерович сөйлеген сөзінде.
 
Қазақстан БҰҰ-ның көп салалы қызметі мен ұйымның құрылымдық бөлімшелеріне қатысқан 25 жылдың ішінде ядролық қаруды қысқарту және таратпау бастамасын белсенді түрде насихаттау арқылы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты.
 
Көрменің ашылу салтанатына ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР СІМ өкілдері, Қазақстанда тіркелген елшіліктердің өкілдері, белгілі ғылым және өнер қайраткерлері және т.б. қатысты.
 
«Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік үшін әріптестік» қор көрмесінің материалдарын Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамындағы Қазақстанның сындарлы және жемісті қызметінің 25 жылдық тарихын бейнелейтін мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер мен дипломатиялық сыйлықтар құрайды.
 
«Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік үшін әріптестік» көрмесі 2017 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.