24 тамыз күні Елбасы кітапханасының Музейінде Қазақстан мен Жапония өкілдерінің әлеуметтік-экономикалық және саяси ықпалдастық мәселелері жөніндегі сарапшылық кездесуі өтті.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ЖАПОНИЯ САРАПШЫЛАРЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА БАС ҚОСТЫ

 

24 тамыз күні Елбасы кітапханасының Музейінде Қазақстан мен Жапония өкілдерінің әлеуметтік-экономикалық және саяси ықпалдастық мәселелері жөніндегі сарапшылық кездесуі өтті. Кездесу Қазақстан мен Жапония арасындағы екіжақты ынтымақтастық бағдарламасының аясында жүргізілді. Аталмыш бағдарлама 2016 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Жапонияға ресми сапары нәтижесінде құрылған.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов кездесу барысында тарих ерекшеліктері, Қазақстанның мемлекеттік дамуы, орналасқан жерінің артықшылықтары іспетті көптеген сауалдардың талқыланғанын атап өтті.

– Осыдан бес жыл бұрын Жапония тарапынан біздің елге деген қызығушылық болмаушы еді. Біз Алматыдан Қытайдағы Ляньюньган кемежайына, Ляньюньганнан Осака кемежайына дейінгі бір күндік жол арқылы Жапониямен байланыстырылып отырмыз. Бүгінде елдеріміздің арасында экономикалық және технологиялық серіктестікті дамытудың мүмкіндіктері зор. Сол себепті Жапония инвесторларының Қазақстанға қызығушылықтары артуда. Жапондықтар Ресей мен Қытаймен жете таныс болғанымен, қос елдің арасында орналасқан ірі мемлекет жайында көп нәрсе біле бермейді. Оларды біздің қайда бағыт алғанымыз, өз артықшылықтарымызды қалай пайдаланатынымыз, қандай экономикалық, саяси реформаларды жүргізетініміз қызықтырады. Бұл сауалдар екіжақты қарым-қатынасты дамытуға мүдделі кез келген инвесторды мазалайды. Жапондық әріптестерімізді Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көптеген бастамалары таң қалдырды. Мысалға, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен-ақ өз шекарасын бекітіп, көршілерімен келісімге қол қойды. Мұның арқасында көптеген қиын мәселелердің алды алынды. Еліміздің ядролық қарудан бас тартуы бізді ядролық жарылыстардың зардабын әбден шеккен Жапониямен байланыстырады. Жапондықтар жеріміздегі көп ұлттық және көп дінді қоғамның келісімде өмір сүріп жатқанына таңырқайды, - деді Тимур Төлегенұлы. Оның сөзінше, ағылшын тілі халықаралық бизнес пен байланыстың тілі болғандықтан, жапон елінің азаматтары Қазақстанның ағылшынша еркін сөйлейтін буынды 25 жыл ішінде тәрбиелеп шыққаны да, «Болашақ»  бағдарламасымен 70% жастардың ағылшын тілді мемлекеттерде білім алатыны да қатты қызығыпты. 

Елбасы кітапханасының Музейіне келген жапон қонақтары оның қорындағы тың жәдігерлермен танысты. Профессор Катсумата Мидионың сөзінше, делегация мүшелерінің көбісі Қазақстанға алғаш келген екен.– Қазақстан қарапайым мемлекет емес, оны батыстың саяси экономикасы мен саясаттануы арқылы талдауға болмайды. Мұны жапондық әріптестеріміз кездесу нәтижесінде түсініп, халықаралық қатынастар жүйесіндегі Қазақстан беделі мен рөлінің арту себептері Елбасының саяси көшбасшылығы мен болашаққа сеніммен қарайтын халыққа байланысты екенін ұғынды, - деді саяси ғылымдардың кандидаты Тимур Төлегенұлы.

– Қазақстан жайлы біраз дүние оқып, бұл мемлекетті көшпенділердің жері ретінде елестететінмін. Алайда көргенім күткенімнен өзгеше болып шықты. Көз алдымызда заманауи үлгіде дамыған елдің тарихы ашылды. Қазақстанның жастары мақсатқа талпынған, білімді, рухы мықты азаматтар екеніне сүйсініп отырмыз. Музей бойынша жүргізілген қызықты әрі танымдық экскурсия үшін зор алғысымызды білдіреміз, - деді профессор.