Дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған «Мейірім қуаты» шығармашылық мерекесі

Дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған «Мейірім қуаты» шығармашылық мерекесі

 

2017 жылдың 23 маусымында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының Музейінде дамуында ерекшеліктері бар балалар үшін жыл сайынғы «Өнердің ғажайып әлемі» арт-терапиялық сессиясы аясында «Мейірім қуаты» шығармашылық мерекесі ұйымдастырылды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы, «Астана қ. Мүгедек балалар қоғамы» ҚБ, «Мое возрождение» психологиялық орталығы «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына орай ұйымдастырды.

Елбасының кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова мерекені ашқан алғы сөзінде аталған жобаның он жыл бойы жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті: «Дәстүрлі арт-терапиялық жоба біздің серіктестеріміз – Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы, «Балам-ай» мүгедек балаларды дамыту орталығы және осы жылдан бастап «Мое возрождение» психологиялық орталығымен бірлесе жүзеге асырылды. Бүгін елордамызда өтіп жатқан «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында дамуында ерекшеліктері бар балалар үшін «Мейірім қуаты» мерекесін ұйымдастырып отырмыз. Бізге келген қонақтардың басым көпшілігі – үйде тәрбиеленетін балалар. Сондықтан да бұл жобаның жұмысы балаларға өздерін қазақстандық қоғамның бір бөлшегі екендігін сезіндіру және «Астана ЭКСПО-2017» көрмесін насихаттау секілді маңызды іске өз үлесін қоса алатындығын жеткізуді көздейді. Өкінішке орай, бұл балақайлар өздерінің қатарластары сынды асыр салып ойнай алмайды, олардың әрқайсысы өмірдің белгілі бір сәттерінен шектелген. Біздің міндетіміз – балалар өздерін қоғамның толық мүшесі ретінде сезіне алатын орта қалыптастыру болып табылды».

Ерекше балалармен жұмыс жүргізу – Елбасы Кітапханасы қызметінің маңызды бағыты екенін айта кету керек. Дамуында ерекшеліктері бар балалар әлеуметтік, физиологиялық және психологиялық тұрғыдан әлсіз. «Ерекше балаларды» бейнелеу өнеріне, белсенді көркем шығармашылығына, музей кеңістігінің ерекшеліктерін және арт-терапиялық жұмыс істеу тәсілдерін пайдалануға үйрету – тұйықталу мен шектелуді еңсеруге, өзін-өзі жоғары бағалауға және әлеуметтік бейімделуге жағдай жасайды.

Акцияға кәсіби педагогтар мен психологтар қатысты. Әлеуметтік педагогтар мен ата-аналар тобы құрметті қонақтар қатарынан әлдеқашан «ерекше балаларға» мерекелік көңіл күй сыйлайтын қайырымды дос-серіктес санатына өткен.

«Бүгін ерекше балақайлар үшін ерекше күн. Біз балаларға мереке сыйлай отырып, оларды «Астана ЭКСПО-2017» сияқты маңызды шараға қатыстырығымыз келеді. Оларды энергияның үш көзін бейнелейтін логотип жапырақшаларын алақандары және саусақтарымен бояту арқылы ЭКСПО-ның басты кейіпкерлерімен таныстырамыз. Біз бағдарламамызды балалардың әрқайсысы дарын иесі екенін сездіру және бәріміз бірге болсақ, көп нәрсеге қол жеткізетінімізді түсіндіру мақсатында ойластырдық», – деді «Мое возрождение» психологиялық орталығының директоры Альвина Юсупова.

Ұйымдастырушылардың көздеген мақсаттары – Елбасы Кітапханасы Музейі қабырғасындағы бірлескен емдік сессия мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту баламалы бағдарламарын енгізуге, арнайы қорғауға мұқтаж балалар жиі ұшырасатын жайттарға қоғам назарын аударып, өз тарапынан ықпал етуге қосқан үндеуі.

Іс-шара терапиялық және эстетикалық сипатта өтті. №1 Балалар музыка мектебінің шығармашылық ұжымы балаларға өздерінің ән-шашуларын тарту етті. Ғажайып құм шоуы қонақтарға ерекше қуаныш сыйлады. «Мен және менің тобым» психологиялық тренингінен кейін балалар шығармашылық шеберхананың топтық жұмысына қатысып, «ЭКСПО-2017» логотипінің жапырақшаларын бояды. Оларға күн, су және жерді бейнелейтін көрменің тұмарлары кейпіндегі аниматорлар көмектесті. Соңынан суреттердің тұсаукесері өтті. Мереке сабын көпіршіктерінің көңілді шоуымен аяқталды.

Бүгінгі мереке мен музейден естелік ретінде балаларға сыйлықтар және кітаптар тапсырылды.