Елбасы кітапханасында «Астана – Қазақстанның стратегиялық бағыты» дөңгелек үстелі өтті

Елбасы кітапханасында «Астана – Қазақстанның стратегиялық бағыты» дөңгелек үстелі өтті

 

Бүгін Елбасы Кітапханасының Музейінде елорданың туған күніне арналған мерекелік онкүндік аясында «Астана – Қазақстанның стратегиялық бағыты» дөңгелек үстелі өтті.

Оның басты мақсаты – Астананың қалыптасуының саяси, әлеуметтік-экономикалық аспектілерін, қаланың халықаралық аренадағы жетістіктерін, оның дамуындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ерекше рөлі мен бастамаларын талқылау және саралау.

Келелі жиынға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары,
Астана қаласы ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері, ғалымдар, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты.

Жиынды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов ашты. Оның айтуынша, дөңгелек үстелге қатысушылар 1998 жылы жапон сәулетшісі Кисё Курокава Н.Ә. Назарбаевқа Астана қаласын дамыту жоспарының эскиз-жобасын таныстырған залда тоғысты. Тарихи залда қала құрылысының бас жоспары қабылданды. Бүгінде «Астана – Қазақстан тәуелсіздігі мен бірлігінің нышаны» тақырыптық экспозициясы уақыттың куәгеріне айналып отыр.

«Бүгінгі таңда астананы көшіру бастамасы Қазақстан мен Мемлекет басшысының сәтті жобасының бірі екендігі ақиқат. Ел басшыларының бастамасымен қолға алынған астананы көшіру идеясы саяси күш-жігерді талап етеді. Себебі мұндай маңызды шешімдердің өзектілігі уақыт өте келе расталады. Қазіргі уақытта біздің елордамыз бірегей қазақстандық бренд болып табылады. Астана мен Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімі егіз ұғымға айналған. Дәл осы жерде Н.Ә. Назарбаевтың қажымас қайраты, батылдығы мен көрегендігі байқалады», - деп атап өтті Әмірхан Рахымжанов. 

«Мәдениет арқылы әлем» халықаралық қауымдастығының президенті, композитор, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлдығының лауреаты, Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Төлеген Мұхамеджанов өткен күндерді ой елегінен өткізді: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Парижге жолым түсіп, Лувр мұражайын араладым. Сол кезде біздің де балалар оны көрсе, әлемге деген көзқарасы қалай өзгерер еді деген ойға келдім. Бірнеше жылдан соң, сулы-жасыл желек жолыда алғаш рет серуендеп, өзімізде де Лувр бар екенін түсіндім. Бүгінде балаларымызды тәрбиелейтін орындар қаламызда көп. Бізге қарағанда жастар жақсырақ болатыны даусыз. Себебі олар бұл сұлулық пен әлемді түбегейлі басқа көзқараспен қабылдайды».

 Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдарының кандидаты Сапар Ахметов өз сөзінде астананың көшірілуі қаланың экономикалық дамуына қуатты күш болғандығын атап өтті.

Еуразиялық құрлықтың ортасында орналасуы Астананы ыңғайлы көліктік, коммуникациялық және логистикалық орталыққа, Еуропа мен Азияның аралығындағы транзиттік көпірге айналдырады.

«SA Architects» сәулеттік фирмасының шығармашылық директоры, Қазақстан Республикасының құрметті сәулетшісі, профессор Василий Тоскин өзінің баяндамасында жоғары және орталық ұйымдарды Ақмола қаласына дислокациялау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру үшін құрылған Мемлекеттік комиссияның мақсат-міндеттеріне арнады. Аталған комиссияның құрамында ол 1995-2000 жж. жұмыс жасады. Комиссияның ұсынысы бойынша республиканың салық заңнамасына өзгертулер мен қаланың инфрақұрылымына жаңа инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретін Қазақстан Президентінің Жарлықтары қабылданды. Сондай-ақ, биліктің жоғарғы органдары жедел түрде жаңа қалаға көшірілді.

Астананың бас жоспарын жобалаудың ерекшеліктеріне Қазақстанның құрметті сәулетшісі, С. Сейфулллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті факультетінің профессоры Аманжол Шықанаев баса назар аударды.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ К.А. Ақышев атындағы археология ҒЗИ директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Марал Хабдулинаның баяндамасы Астананың ежелгі тарихына арналды. «Адамдардың бұл жерді тас ғасырынан бастап мекендегенін» археологиялық зерттеулер дәлелдеп отыр. «1997 жылдан бастап Астана және Ақмола облысы маңында археологиялық зерттеулерді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Есіл археологиялық экспедициясы жүргізіп келеді. Бозоқ қалашығы (VII-XVI ғғ.) басты зерттеу нысаны болып табылады. Сығанақ даңғылында Сығанақ ғибадатханасы қазып ашылды, Күйгенжар шатқалындағы қола және ерте темір дәуірінің обалары зерттелді» - деді Марал Хабдулина. Сәулетшілер архелогиялық зерттеулердің орындарын ескеріп, қала құрылысының басты бағыттарына енгізіп отырады: өткен уақыт (Бозоқ), қазіргі уақыт (Ақ-Орда мен орталық алаң), болашақ (университет қалашығы).

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің қазақстандық орталығы» ғылым бойынша атқарушы директоры Азамат Нұрсейітов: «2015 жылы Астана республикалық бюджеттің донорына айналып, қазына 900 млрд теңге аударды. Меніңше, шаһар дамыған сайын көрсеткіш еселене түседі. Сәйкесінші ІЖӨ бас қаланың үлесі 10% құрайды. Астана халықаралық деңгейдегі қалаға айналып, ЭКСПО-2017 аясында туристердің назарын аударып отыр. Астана үшін тартымды салалар жайлы сөз қозғасақ, бірінші кезекте шағын және орта кәсіпкерлік дер едім. Оның ішінде қызмет көрсету, өнеркәсіп, логистика. Себебі Астана арқылы батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын көлік дәліздері өтеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында да Астананы облыс орталықтарымен байланыстыру көзделіп отыр. Бүгінде бұл жұмыс қолға алынған».

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов өз сөзінде елорда әлемге  заманауи, өзінің күшіне сенімді Қазақстанның  әлеуетін паш ететін ерекше атап өтті. Астананың қалыптасуында Елбасының еңбегі ерен.

Елорда құрылысының жасампаз және болашаққа бет алған  тұжырымына Елбасы кітапханасы директорларының орынбасарлары, тарих ғылымдарының кандидаттары Ботагөз Қайыпова және Күлайша Ақтаева тоқталды.

Дөңгелек үстел барысында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының төрағасы Сансызбай Есілов де өзінің естеліктерімен бөлісті.

Талқылау барысында дөңгелек үстел қатысушылары «Астана біз үшін – бірігудің, тұтастықтың, халқымыздың өз күшіне, ерекше мүмкіндіктеріне деген сенімінің нышаны» деген ортақ пікірге келді. Біздің мемлекетімізде, экономика мен қоғамда тәуелсіздік жылдары болған түбегейлі өзгерістер елордамызда көрініс тапқан.