2014 ж.
2014 жылдың 15 қазан – 26 қараша аралығында «Музей педагогиқасының негіздері» атты оқу курсы аясында сабақтар өткізілді. Ағымдағы жылы курсқа мектеп музейлерінің жетекшілері, Астана қ. қоғамдық пәндердің ұстаздары қатысты.
Музей педагогиқасы орталығының жетекшісі Р.Ұ. Қазбекованың авторлық курсы 10 сағатқа шақталды. Курс бағдарламасында дәрістер, практикалық сабақтар, мұражайларды аралау қарастырылған. Сабақтардың барысында тыңдаушылардың жеке, шығармашылық жұмыстарына ерекше көніл аударылды. Мектеп музейлері жетекшілерінің біліктілігін арттыру және музей қызметінің барлық бағыттары бойынша көмек көрсету мақсатында сабақ барысында негізгі мұражайтану ұғымдары талқыланды, мәдени мұраны зерттеу мен сақтау бойынша білім мекемелерінің музейлері өзара тәжірибе алмасты.
Курс негізінде Кеңес Одағының батыры А. Құрманов атындағы № 17 мектеп-гимназиясында «Мұражайлық мүмкіндіктерімен қазақстандық патриотизмді дамыту» атты көшпелі қалалық семинар өткізілді. Семинарда Әскери даңқ мектеп мұражайының тақырыптық-экспозициялық жоспары, ғылыми-іздестіру және жинақтау қызметі бойынша музей кеңесі жұмысының бағыттары, музей активінің рөлін арттыру бойынша жұмыстың сан алуан формалары, оқушы-гидтердің жұмыстары көрсетілді.
Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы мектеп музейінің рөлі ерекше. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай қонақтарға арналған «Бұл күндердің даңқы өшпейді» атты мюзикл қойылды.
Дәстүр бойынша, тыңдаушылар «Музей педагогиқасының негіздері» оқу курсының қорытынды сабағында оқу қорытындысы бойынша орындалған шығармашылық жұмыстарын көрсетті. Қорғауға «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы» (Б.А. Алижанова және О.А. Опанасенко), «Отбасымызбен мұражайға!» (Т.М. Бахриденова, К.А. Инербаева, А.М. Тналина), «Дана Самұрық құспен саяхат» (С.А. Есильбаева, С.Ш. Мынжанова, Л.Ш. Оспанова) топтық жұмыстармен қатар, жеке жұмыстарда болды, оның ішінде ерекше атап өтетін жобалар: «Отбасы мұражайда» (Л.В. Миркина, № 22 мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі), «Астана–Экспоның қарсаңында!» (А.Н. Достанбекова, № 25 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі,), «Ботай мәдениеті» (К.З. Кусаинова, «Тұран» колледжінің тарих пәні мұғалімі), «Астана көшелері – тарих беттері» (Л.И. Докучева, № 27 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі).
Әділқазы мүшелерінің шешімімен, «Мектеп мұражайы – жас ұрпақтың тәрбие өзегі» (А.М. Жунисбеков, № 34 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі) жобасының автор қызықты идеяларды ұсынды. Сонымен қатар, «Мұражай – желілік қауымдастық» (Г.А. Аяпбергенова, № 2 мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі,) және «Дала балуаны – Бітабар» (А.М. Боридко, № 35 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі) жұмыстары ерекше аталды. Жобаларды қорғау соңында тыңдаушыларға сертификаттар тапсырылды.
«Музей педагогиқасының негіздері» элективтік курсы музейлік кеңістікті білім ошағының бөлшегі ретінде қолдануға көмектеседі, музейдегі жұмыс әдістерін практикалық тұрғыда қолдану арқылы мектеп ұстазының педагогиқалық біліктілігін дамытады.
2014 жылдың 3 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Астана қаласы Мүгедек-балалар қоғамы» ҚБ және «Балам-ай» ҚҚ-ның мүмкіндіктері шектеулі балалары үшін «Балаларға бақыт сыйлайық» акциясы өткізілді.
Ұйымдастырушылары – Астана қаласы «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі, Қазақстанның футбол Федерациясы.
Музейдің 10 жылдан бері мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін маманданған оқу-педагогикалық жұмысы – оның қызметінің басым бағыттарының бірі. Ең маңызды міндет – «ерекше» балаларды қоғамның әлеуметтік өміріне кіріктіру.
«Жас Отан» ЖҚ және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің бірлескен жобалары әлеуметтік проблемаларға қоғам назарын аударуды көздейді.
Әлеуметтік акция бас тренер – Юрий Красножанның басқаруымен футболдан Қазақстанның Ұлттық құрамасының қатысуымен жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу ойынының алдында өткізілді.
Юрий Красножан: «Біз сіздердің әрқашан күлімдеген көздеріңізді көргіміз келеді. Денсаулыққа байланысты барлық проблеманың шешілуіне тілектеспіз, ата-аналарыңызға сабыр мен күш-қуат тілейміз. Сіздерге қолдау көрсете отырып, қиын-қыстау кезеңде сіздердің жандарыңыздан табыла білетін адамдарға алғыс айтқымыз келеді» - деп атап өтті. Тренер балаларды Ұлттық құраманың ойынына шақыра келе, қайсар мінезді адамдармен сөйлесу үлкен құрмет екендігін айтты.
Өз кезегінде, Қазақстан құрамасының футболшылары балаларға мектеп заттары және кәдесыйлар – доптар мен шарфтарды табыс етті. Қазақстандық футболдың жұлдыздарының қатысуымен фото-сессия болды. Балалармен жүздесіп болғаннан кейін, футболшыларға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі бойынша экскурсия өткізілді.
2014 жылдың 28 мамырында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін «Өнердің ғажайып әлемі» атты арт-терапиялық сессиясы өткізілді.
Ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қоры, «Астана қ. Мүгедек балалар қоғамы» ҚБ, «Балам-ай» Қоғамдық Қоры», «ТАЗА ЖҮРЕК – PUREHEART» ҚБ.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қоры өзінің көпжоспарлы қызметінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды қолдау мен олардың шығармашылық дамуына ерекше көңіл бөледі.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің мүмкіндіктері шектеулі балалармен көп жылдық жұмыс тәжірибесі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қорының «Жан жылуын сыйлайық» әлеуметтік жобалар байқауында көрсетілді. Оның нәтижесінде жоба авторлары «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Лауреаты» болып атанып, сонымен катар диплом және төс белгісімен марапатталды.
«Астана қ. Мүгедек балалар қоғамы» ҚБ – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің көп жылғы серіктесі. Бірлестіктің миссиясы – дамуында ерекшелігі бар балаларды әлеуметтік бейімдеу, қарым-қатынас дағдысын, төзімділік пен лидерлікті қалыптастыруға көмектесу болып табылады.
«Балам-ай» ҚҚ «ерекше» балаларды қысқа мерзімдік уақытта бейімдеуі үшін құрылды. Бұл жерде бос уақытты ұйымдастыруға байланысты бағдарламалар дайындалады, психологтардың, дефектологтардың, ерекше патологиясы бар балалардың қозғалу және даму дағдысын түзету бойынша мамандардың әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі.
«ТАЗА ЖҮРЕК – PUREHEART» ҚБ алғашқы рет серіктес ретінде арт-терапиялық сессияға қатысты. Сессия барысында серіктес ұйымдастырушылар қолдан жасалған эксклюзивті бұйымдардың көрмесін көрсетті. Моншақты өру бойынша шеберлік-сыныбын өткізіп қана қоймай, табиғи тастармен, моншақтармен жұмыс істеу дағдысымен бөлісе отырып, балаларды қайталанбас әсем және көркем композицияларды қалыптастыруға үйретті.
Қонақтар жас жеткіншектердің шығармашылығымен таныса отырып, ұмтылмас қуанышқа бөленді. Балалар үшін мерекелік концерт дайындалып, № 2 балалар музыка мектебі тәрбиеленушілері қатысушыларға өз музыкалық сыйлықтарын ұсынды.
Сессия барысында ұйымдастырушылар балаларға 1 топ мүгедегі, өмірі – қоғамға қызмет етудің, ерліктің және жігерліліктің үлгісі болған Ш.Г. Шәріповамен ерекше кездесуді сыйлады. Шолпан Ғаббасқызы басына түскен қиыншылыққа қарамастан қайырымдылық концерттерді өткізіп қана қоймай, түскен қаражаттың тең жартысын балалар үйіне аударады. Қайратты әйелдің терең ойлы өлеңі сессия қатысушыларына өмірге деген қуаныш, өзіңе деген сенім сезімін ұялатты.
«Өнердің ғажайып әлемі» арт-терапиялық сессиясы терапиялық сипатымен қатар эстетикалық бағытта өткізілді.
Концерттік бағдарлама аясында балалар өз қолдарымен моншақтан және табиғи тастардан жасаған жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік алды. Ерекше қуаныш балалар үшін «ТАЗА ЖҮРЕК – PUREHEART» ҚБ шеберлерінің қолдан дайындаған көйлектерінің көрсетілімі болды. Балалар моншақтан өрілген ұлттық және еуропалық көйлектерді тамашалай отырып, шаттыққа бөленді. Арт-терапиялық сессия кезінде бастан өткізген әсерлерін айта келе, балалар өз ойларымен бөлісіп, «Өнердің ғажайып әлемі» арт-терапиялық сессиясы аясында алған дағдыларын әрі қарай жалғастыруға тілектерін білдірді.
Ұйымдастырушылар арт-терапиялық сессияның қатысушыларына естелік сыйлықтарды табыс етті.
2014 жылдың 27 наурызында Астана қ. Балалар көркемөнер мектебі – ЮНЕСКО клубы педагогтары, оқушылары, ата-аналарының қатысуымен Ашық есік күні өткізілді.
Дәрістің кіріспе бөлімінде Музей педагогикасы орталығының жетекшісі Р.Ұ. Қазбекова аталмыш іс-шараның Музейде жыл сайын арнайы бағдарлама аясында өткізілетіндігін және оның мақсаты отбасыны біртұтас оқу-тәрбие кеңістігіне тарту екендігін айта келе, қатысушыларды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының жетістіктерімен және даму болашағымен таныстырып өтті.
Іс-шара Экспозицияларды және экскурсиялық қызмет көрсетуді ұйымдастыру орталығының аға сарапшысы Ш.Б. Құнанбаеваның «Сақ қорғандарының асыл қазынасы: ҚР ТПМ экспозициясындағы Алтын адам» тақырыптық экскурсиясымен жалғасты. Дәріскер «аң» стиліндегі ертедегі көшпенділердің мәдениеті туралы айтып берді.
«ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің коллекциясындағы әлемдік діндердің ғибадат заттары» атты тақырыптық экскурсиясы барысында Экспозицияларды және экскурсиялық қызмет көрсетуді ұйымдастыру орталығының жетекші сарапшысы А.С. Қарманова тыңдаушы балаларды шет мемлекет басшылары, министрліктердің жетекшілері, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің қатысушыларынан Н. Ә. Назарбаевқа сыйға тартылған діни ғибадат заттарымен таныстырды.
|

|

|
«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейіндегі суық қарулар коллекциясы» тақырыптық экскурсиясын Экспозицияларды және экскурсиялық қызмет көрсетуді ұйымдастыру орталығының жетекші сарапшысы Ә.Қ. Шоткина және Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау орталығының аға сарапшысы С.Қ. Сағымбаев өткізді. Олар қаруды сыйға тарту дәстүрінің негізінде қазақ батырларының қарумен жабдықталуы туралы әңгімелеп берді. Балалар үшін ең қызықты сәт қаруды сыйға тарту көрінісі мен үзінді қойылым экскурсияның интерактивті бөлімі болды. Балалар мұражай жәдігерлерін қолмен ұстап көру мүмкіндігіне ие болды.
|

|

|
Ашық есік күнінің қорытынды кезеңі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жоғары наградалары ұсынылған – музей коллекциясының мақтанышы болып саналатын Музейдің Күміс залындағы сабақпен аяқталды. «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» экскурсия-сабағының барысында Ақпараттық орталығының бас сарапшысы Г.К. Қасенова балаларды шет мемлекеттердің наградалық жүйесімен және Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаевқа табыс етілген жоғары наградалармен таныстырды.